Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ, жазушы: Әсірепатриоттық, ұранбайшылдық үдеп тұр

Oinet.kz 21-01-2021 2823

Қазақ әдебиетін қалыптастыруға үлес қосқан әрбір шығармашылық иесінің өзіндік қолтаңбасы, даралап тұратын ерекшелігі болады. Бүгінгі сұхбат кейіпкеріміз де дәл солай сырт келбетімен де, жазған туындыларымен де дараланып тұратын тұлға – Несіпбек Дәутайұлы. Көрнекті жазушымен бүгінгі қоғамдағы маңызды мәселелер туралы әңгімелесудің сәті түскен еді.

WhatsApp-Image-2020-09-09-at-12.41.05.jpeg

– Несіпбек аға, биыл Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге 30 жыл толады. Осы 30 жылда қазақ қоғамы қалай өзгерді? Сана-сезімі, ой - өрісі артты ма?

– Әлемдегі барлық жағынан ең алпауыт ел – АҚШ-тың бүгінгі дәуіріне жету үшін үш жүз жылдың ар-жақ, бер-жағы керек болды. Ал біз көзді ашып-жұмғанша бәрі бола қалса дейміз. Әуелі әркім өзіне осы менде саналық жаңғыру арқылы интеллектуалды деңгейге жақындай түсу нышаны бар ма деген сауалды қоюы керек шығар. Әлде, сол бала ми қалпында жүрміз бе? Көп жағдайда, сана-сезім, ой-өріс, ілең-салаң, таным саяз, әсірепатриоттық, ұранбайшылдық үдеп тұр.

– Соңғы кездері заманауи қоғамда әйелдер құқығы, яғни феминизм тақырыбы жиі көтеріліп жүр. Феминистер «Қазақ қоғамы – патриархалды, әйелдерді адам санатына қоспайды, екінші сортты көреді» дейді. Патриархалды жүйе дұрыс па, әлде бұрыс па?

– Қыршын кеткен М.Ю.Лермонтовтың «Каждый должен жить по назначению» дегені бар. Феминизм Кеңес заманында бәлендей етек ала қоймаған. Дегенмен үшінші секретарлық соларға бұйырды. Сонда не тындырып, не қойды?.. Байға тимеді, бала таппады. Кейін жарық дүниеде жалғыз қалды. Қайсыбір жылы Жамбыл облысына Елбасы іссапармен келген. Сонда Айша бибі музейіне атбасын бұрған. Бастап жүрген белсенді: «Нұраға, Айша бибі анамыздың мавзолейі осы» деп жылтыңдағанда, Елбасы: «Әй, байға тимеген, бала таппаған адам қалай ана болады?» депті жұлып алғандай.

Әйел болсын, еркек болсын, қайсысының да өзінің табиғи жаратылысының заңдылығын айналып кетуге болмайды. Сонау кезеңде Парламентке депутат болған әсіребелсенді, әжептәуір әртіскештеу бір әйел жөнінде ел арасында мынандай қызық оқиға қалғаны есте. Мәжілісте көп әйел алу жөнінде әңгіме бола қалды. Сол кезде жаңағы әйел депутат «Ондай болса әйелдерге де көп байға тиюге рұқсат беру керек шығар» деп шошаң еткен. Енді қараңыз: Былайғы көңілі ояу, көзіқарақты жұрт мына бикештің ұсынысының негізінде мысалы, жылқының бір үйірін жиырма айғыр, бір биеден қылып жасаса, биенің тамтығы қала ма?

Өмір сүру еркіндігіне мүмкіндік берілген екен деп төске шауып, басқа шығып жатса, ол мінез ешкімге опа бермейді. Жалпы, әңгіме патрихалдық жүйеде емес. Адамды адам ететін ізгілік пен мейірім, сүйіспеншілікке құндақтап жеткізетін құдірет – ананың ақ сүті, яғни әйел затының Құдайдың да, ел-жұрттың да алдындағы теңдесі жоқ жауапкершілігі осы.

Ал енді саясатқа араласып, лауазым мен мансапқа жетіп жатса – ол қоғамның замандық сұранымы.

– Бүгінде көпшілік ортада әдемі сөз сөйлеп, тіл, діл, жер мәселесін көтеріп, билікті сынап, халыққа жаны ашитын сыңай танытқан адам тез жұлдыз болып кетеді. Олар ұтыс ойнатып, халықтан ақша жинап алып немесе депутаттық креслосына жайғасып дегендей мақсатына жеткен соң жұрттан теріс айналып, өз мүддесіне жұмыс істейді. Халық неге осындай популистерге тез еріп кетеді? Популистердің ылаңынан қалай құтылуға болады? 

– Біздің жұрт қаржылық пирамиданың алдауына қайта-қайта түседі. Сонда да қоймайды. Тағы барады. Немесе «Депутат болсам, өйтем де бүйтем» деп, өзге тұрмақ өзінің де түсіне кірмеген жақсылықты үйіп-төгетіндерге аузын ашады. Егер дамыған шетелде депутаттыққа түсіп жатқандар елге уәде берген екен, орындайды. Себебі олардың қалтасында қап-қап қаржысы бар. Ал біздегілердің дымы жоқ. Құрғақ уәденің құл-құтандары. Сөйтсе де ашық ауыз, аңқау қазақ сенеді. Қай жағымыздан қарасаң да танымдық тұрғыда қарадай қаражаяумыз. Және бір қызығы, қазақтың аузын аңқайтып жүргендер де қазақ. Біз бәрін қоғамнан, биліктен көреміз. Сонда қалай, қоғам, билік бәрімізді қалтасына салып жүруі керек пе? Әркімге берілген ақыл-ой, ар-ұят, намыс, пайым-парасат, түсінік-түйсік қайда?

Жаңа сайланған депутаттардың сұрын көрдің бе? Ант бергенде біразы қағазға жазып берген бес ауыз сөзді оқи алмай сандалып тұрды. Тіпті, біреуі «атқарамыз» деген сөзді «атқорамыз» деп те жіберді. Ал сен өзгерісті сұрайсың. Мына шатты бұтты қалыптарымен бұлар әуелі Президент Қасым -Жомарт Тоқаевтың әділетті қоғам құру идеясын біле ме екен? Түбіне жетіп, түгендеп, түсіне ала ма? Қоғамда саналық және сапалық тұрғыда өзгертуге болатын жолды Президенттің реформаторлық ой жүйесі мен ақ ниетіне сенемін. Осы жолда оны қоғам, соның ішінде ең бастысы қалың бұқараның жалғыз қалдырмауы парыз.

– Осыдан 30 жыл бұрынғы қоғам дерті – ішімдік болса, қазір – құмар ойын. Келесі 30 жылда басқа проблема шығатыны белгілі. Бұл адамдардың, бауырларымыздың бойында нәпсіге төтеп беретін рухани иммунитеттің жоқтығынан ба?

– Ішімдік дейсің бе? Менің «Ақкүшік» дейтін повесімде орыс шалының қазақ жігітіне айтатыны бар: «Сендер мұны арақ деп ішесіңдер. Ал, біз тамақ деп... Асқазанымыздың өзі «бутылка». Арақты қанша құй, бұзылмайды. Қазақтардікі не, тамызып қойсаң бітті, іші-бауырлары түгел шіріп кетеді». Ия, солай. Медицинадан хабары барлар зат алмасу процесі дегенді жақсы біледі. Біздің қанымыз, яғни генамыз бойынша ішімдік уыты деген болмаған. Содан да асқазанымыз «бутылка» емес. Арақ қорытылмай, өн бойымызда қала береді. Екіншіден, сірә бұл ең бастысы әр адамның еркіне байланысты болуы керек. Яғни ішімдік – еркі жоқтардың кеселі. Ақыл-ойы ешкімнен кем емес, тіпті, өзгелерден артық, соның ішінде небір таланттылары бар талайлар осы дерттің құлақкесті құлына айналып келеді. Еркі жоқтар ешқашан өзімен-өзі күресе алмайды. Осы туа бітетін табиғи кемдіктен сүрінеді, қабынады. Өледі, кетеді. Қайран таланттар қанша еді... Мұқағали Мақатаев, Жарасқан Әбдірашев, Марат Қабанбаев, Кеңшілік Мырзабеков, тағысын тағылар... «Мұқағали ауруханада нашарлап жатыр деп естіген соң көңілін сұрауға бардым. Сонда Мұқағалидың айтқаны: «Ешкімде өкпем жоқ, бәрі өзімнен», депті Шерағаң.  Солай. Өмірде жауды да жеңесің. Қайғы-қасіретті де жеңесің. Ал, еркіңді жеңе алмайды екенсің.  Құмар ойын десең, ол қазақта да баяғыдан бар. Қарта ойынына бар мүлкін ұтқызып, ең соңында қатынына дейін салып жібергендерді естігенбіз. Адамзат тарихында бұл да кісіні еркінен айыратын әзәзіл құбылыстың бір түрі. Тарихтағы данышпан жазушы Ф.Достоевский қарта ойынына құнығып кеткені соншалық, Сочи курортында жатқанда барын түгел ұтқызып әйелі Анна Григорьевнаның алдына келеді. Тізерлеп отырып. «Неке жүзігіңді бер. Ұтқызғанымды қайтарамын» деп еңіреп жылаған. Сенбес едік. Анна Григорьевна өзінің күнделігінде дәл осылай жазған.

– «Айғыркісінің»  көркемдік шешімі қатігездеу түйіледі. Шығарманың соңы жазушының нүктесімен біте ме? Оқырман эмпатиясы оянуы қандай факторға байланысты деп ойлайсыз?

– Шығарманың концептуалдық жетістігі – көзіңді ашатын көркем шындығында. Бұл ертегі емес, айтып-айтып келіп, ақыр соңында басыңнан сипап аяқталатын. Өзінің қатал шешімімен бас көтеріп келе жатқан қауіп-қатерден алдын-ала ескертіп отыратын өткірдің жүзі. Сол жаныңа бататындай түйсігің бар ма, жоқ па, өзіңнің болмысыңда. Жан азабы мен жағадан алатын шығарма жаза алмасаң жайыңа жүр. 3-4 томнан тұратын қалыңдығы кереқарыс кітаптар мен көлемі ары кеткенде 45-50 бет Хемингуэйдің «Шал мен теңізі» мен Кекілбаевтың «Шыңырауын» әлгілермен салыстырсаң, қайсысы құнды? Әрине, соңғы екеуі. Жалғанда жанкешті ғұмыр кешетін адамзаттың соңғы деміне дейін жеткізіп беретін көркемдіктің құдіреті деген осындай болады.

– Қарапайым дүниені жүректің көзімен көруге жетелейсіз.  Батыл шығармашылық шешім қабылдау қаламгерге қаншалықты маңызды?

– Жүректің көзін көрген жоқпын. Мен адамның жан-дүниесінің жұмбағы мен құпиясын көркем зерттеуді мақсат етемін. Осы тұрғыда шығарманың шешімі күтпеген жерден «орда бұзып» шыға келеді. Өзімде солай. Шешімнің де табиғи заңдылығы бар. Ақырғы демі түгесіліп біткенге дейін қаны мен терін қатар сығып беретін адамның азабы мен шерін шегендеп жазу дегеніміз – көркем шындық. Осындай шығармаларды жаза алмаса ол – жазушының соры, осындай шығармалардың құдіретін пайымдай алмаса ол – оқырманның соры.

– Жас жазушылардың шығармашылығымен танысып отырасыз ба? Аға буын ретінде олардың аяқ алысына не айтасыз? Жаңа жол тапқандар бар ма?

– Сенің сұрайын деп отырғаның қазақ әдебиетінің биігі қай деңгейде екенін білу шығар. Таяуда әлемдік деңгейдегі атақты жүз ақын-жазушының тізімі жарияланды. Аттарын атап, түстерін түстеп. Солардың ішінде бірде-бір қазақтың ақын-жазушысы жоқ.  Әдебиеттің алтын ғасыры деп жүргеніміздегі жазылған кітаптар ескірді немесе ескіріп жатыр. Өйткені олар қызыл идеологияға жалтақтап отырып жазылған. Ендігі жерде алтынмен аптап, күміспен күптеп қанша жерден аспанға ұшырсаң да оған ешкім де қол созбайды. Яғни қазіргі көксейтініміз әдебиеттің жаңа тұрпаты. Барар жер, басар тауы баяғыда белгілі болып қалғандарды қайдам, көркем әдебиеттің жаңа тұрпатын жасау жастарымызға тиесілі. Ол үшін олар ұлттық негізде батыс әдебиеті мен мәдениетіне жақындай түсуді ойлағандары жөн. Қазірде ондай талпыныс бар. Дегенмен, баяу. Дей тұрғанмен, өз басымның сенімі – біздің талантты жастарымыз біз жете алмай армандап кеткен биіктерге сөз жоқ шығады.

Әділетті қоғам құруға бетбұрысы бар қазіргі біздің қоғамымызда ұлттық элитаны алайық, барлық саладағы интеллектуалдық сұранысты алайық, жасампаздыққа жаппай ұмтылыстағы жанкештілікті алайық, оқу, білім, ғылым мен мәдениетте бәсекелестікті алайық, ата-бабадан қалған адамгершіл менталитетті алайық, міне, осылардың барлығының салтанат құратынына деген өшпес үмітіміз үзілмейді. Ақ ниетіміздің төбесі төрт құбыламыздан жарқырап тұрса көрінген таудың алыстығы болмайды.

Әңгімелескен Мария СӘУЛЕБЕКҚЫЗЫ,

"Рейтинг" газеті, №3, 21 қаңтар, 2021 ж

Қалмырза Ізтілеуұлы, педагог: «Мақсатым – жаңалықтарымды ғылымға енгізу»
Дәурен Айманбетов: Екі қолға бір күрек табылмаса ақындығың бір тиын
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу