Дәурен Айманбетов: Екі қолға бір күрек табылмаса ақындығың бір тиын
Жаңа ғасыр басталғалы, тіпті ертеде қазақ әдебиеті жаңа бағытқа, үлкен тәуекелдерге бет бұрды. Бет бұрғаны сол еді, оқырмандардың бірі жатырқап, бірі жылы шырай танытып, жаңа шығармаларды оқып жатты. Бұған қоса әдебиеттің дамуы қоғамнан бөлекше боп, ықпалы кенжелеп қалды. Дегенмен, асыл сөзді құрметтейтін, сүйетін оқырман жоғалмады.
Жастар шығармашылығы аға буыннан аспаса, кем түспейтіні жастардың аяқ алысынан белгілі. Сондай батыл буынның өкілі — ақын, кеше ғана Т. Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты атанған Дәурен Айманбетов.
Карантиннің мүмкіндіктерін пайдаланып, көкейде жүрген сұрақтар ойға оралып, Oinet.kz тілшісі ақынмен сұхбаттасып көрді.
- Әдетте "Есіміңізді кім қойған" деген сұрақтар қойылып жатады. Бірақ, мен олай сұрамаймын. Тек атыңызды "Дәурен" деп қоюға кеңес берген кім? Соны білгім келеді...
- Нағашы апам қойыпты. Шешем шешесіне көп ұрсатын: Дәурен деп неге қоясың деп. Себебі, әлі "дәурендетіп" келемін. Өзге қатарластарым секілді дүние жинау, мансап қуу, жақындарыма қамқорлық сияқты қасиеттер жоқтың қасы менде. Бүгінге дейін күндерім әдеби кітаптар жинаумен, оны оқумен, өлең жазып, онымен масаттанып келіппін. Артыма қарасам, іні-қарындастарым бір-бір үлкен лауазым иесі. Ал, мен сол "дәурендетіп" әлі келеді екем. Егер де, адамның тағдыры есіміне байланысты болса, онда Дәурен деген есім тегіннее-тегін емес екен. Есесіне, "ұшамын десем - ұшамын, ұшпаймын десем - ұшпаймын..." дегендей еркін бір құстаймын. Бір шығармашылық кешімде анам "баламның газет-жорнал, тв шыққанына қуанған емеспін. Жүлделі оралып жатады жер-жерлерден. Мән де берген емен. Себебі, ақындық тағдырды қаламағам. Ауыр жол" дегенісі бар еді. Шешем орыс әдебиеті маманы. Кеңестік кезеңдегі орыс әдебиетшілерінің қалай омақаса құлағандарына дейін хабардар. Бірақ, мен сонда да "дәурендетіп" жүрмін. Өз еркіммен емес.
- Сіздіңше, өлеңде жүрек пе әлде жүректе өлең болу керек пе, қалай ойлайсыз?
- Қызық та сұрақ. Өлеңде әрине жүрек болуы тиіс. Өлең өзегі сол жүрек болар... Жүректе - өлең дегенің қонымдырырақ. Әр адам Алланың бір-бір өлеңі дер едім, жаңсақ кетсем кешірсін. Әр жүректің өзіндік шырылы бар. Соны ақындар өлең етсе, жазушылар әңгімелесе, суретшілер - суретпен, мүсіншілер - мүсін, әншілер әнмен тсс жолдармен жеткізеді.
Әр жүректе өлең болуы тиіс еді негізі. Сонда әр адам әдемілікті түйсініп, мейірім мен жалпы жақсы қасиеттерді сіңірсе бұ дүнияның ұжмағында сүріп жүрген болар едік. Алдымен иман, сосын барлығының кеуде тұсындағы жұдырықтай кесек етін өлең құрап тұрса... Ол - утопия, бірақ!
- Үшінші сұрақ қызықтау болсын. Сіз тағдырыңызда "Үшінші адам" болып қалудан қорықпайсыз ба?
- Менің бір өлеңім бар. Қазақтың ғажап ақыны Ұлықбек Есдәулет бір күні Шымкенттегі кешінде қолтаңбасы бар "Самырсын" атты кітабын ұсынды. Сонда "Адуын ақын - Дәуренге" деген тіркес бар. Дереу экспромпт өлең жазып тастадым. Оқығандар болса, Ұлағамның "Екінші Ұлықбек" деген өлеңі бар. Онда ойын "Абайдан кейін екінші ақын болсам..." дегендей оймен түйіндейді. Сол өлеңге сүйеніп менің де экспромптым "Үшінші ақын бола салсам ба?" Деп бітіргем.
Ол:
Кедергі дерсің мақтанып қалуыма кім,
Қарасаңшы бұл шарықтап салуын атым.
Ұлықбек көкем кітабын ұсынған, ашсам,
Қолтаңбасы тұр: Дәуренге - адуын ақын.
Өлеңдеріме соғылған шапалақ талай,
Еш мықты мені дәл бұлай атамапты алай.
Жуайын десем, бейхабар достарым бұдан,
Мақтансам екен оларға жата қап қалай?
Асығыспын ба ақындық мұратыма тым,
Отырғызатын емес қой сұрапыл атым.
"Адуын ақын" дей сапты Айманбетовты,
Абайдан кейін екінші тұратын ақын.
Қоңырау шалып Шымкенттің ұл-қызы ақырын,
Қуанышымды түрі жоқ жуғызатұғын.
Хабарлап қойсам, кафеге шақырып бәрі,
Ап кетер ме екен үйінен жұлдыз ақынын?
Есімді жисам кетіппін орасан самғай,
Буынға арттағы бір-ақ сөз жол ашар салды-ай.
Абайдан кейін екінші Ұлағам еді,
Үшінші ақыны қазақтың бола салсам ба-ай...
...осылай үшінші болып жатсам несі айып?
Бақытжан Алдиярмен
- Сағат неше болды? Ұтымды жауап берерсіз деген үміттемін.
- Бақытжан Алдиярға телефон соғып сұрау керек! Тәуліктің кез-келген сағатында, күн бе, түн бе сол кісі біліп бере алады Олжас Сүлейменовыңа қоңырау шалу керек болса да.
- Сана сергітіп, ой жүгіртіп алдық. Енді, салмақты мәселерді қозғап көрсек. Қазіргі саяси жүйе қазақ әдебиетіне қандай деңгейде әсер етіп отыр?
- Саясаттан гөрі саяхатты сұра дер едім. Саясат дегенің қыссаң қолыңнан ытқып кетер тайғанақ бір жылбысқы балық қой. Қыса түссең сусып түгер құм сияқты.
ҚӘ-індегі саясаттың ықпалына келсек. Қолында билігі бар, не мемқызметтегі ортаңқол қаламгерлердің заманы қазіргі заман. Елдің ең күнгейінде бір ақын кісі бар. Шаруа адамы. Соның өлеңдерін оқысам, мінберлерде әртістік нақышта буырқанып өлең оқыған медальдары сақырлаған біраз ақыннан мықты ей. Әдебиетке әсері емей немен осы енді?
Екіншіден. Ақындық кәсіп емес. Екі қолға бір күрек табылмаса ақындығың бір тиын. Кеңес үкіметін аңсамаймын. Дегенімен идеологиясы мықты еді деп жатады көзкөрген қаламгер ағаларым. Әдебиетшілермен санасады екен онда үкімет. Қаламақысы да қомақты. Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан асты. Боп қалар...
- Дәке, көптеген халықаралық, республикалық жүлделердің һәм бірқатар сыйлықтардың иесі болдыңыз. Осы дүниелер сізге қаншалықты қажет болды? Мұндай ірі жеңістердің буы қандай болады екен?
- Ешқандай атаққа қызықпағам. Қажет болса ЖО мүшелікке өтіп алар едім осы күнге дейін көп ағаны жағалап. Жыр-додаларына қаламдас бауырлармен жүздесу, солармен сауық-сайран құру үшін ғана баратынмын. Жасыратын несі бар, бірнеше граммнан сілтеп, ақындармен саябақтарда өлең оқу - сахнада әділқазылар алдында оқығаннан артығырақ еді.
Біраз жүлделі болдым. Алғашында буы ұрғаны рас. Өзіңді бір ақын сезініп, болашақта есімің елге мәшһүр болардай түсініксіз бір күйде жүрдім. Кейінірек бой үйренді. Аласың. Қуанасың. Ертесі бір жапырақ боп үйіңде ілініп қала береді.
- Келешекте сіз де Мемлекеттік сыйлыққа үміткерлер қатарына енерсіз. Мүмкін.. Бірақ, еншігіңізге әлгі "дәу сыйлық" бұйырмай, жүрегіңіз сыздап, төсек тартып қалмайсыз ба? Бұған қаншалықты сенімдісіз?
- Сондықтан ешкім үміттендірмесін. Әзіл ғой. Сол дәу сыйлық небір марғасқа мұзбалақтарға бұйырмаған. Бағы шапқандар алуда. Дегенімен, ақындық сол сыйлықпен өлшенбесе керек.
Төсек тартып, ауырып қалғандарды оқып, естіп жатамыз. Үлкен жастағылар. Қартайғанда сен де бір баласың. Жылтыраққа қолы жетпеген бала бүк түсіп теріс қарап жатып алады ғой. Сол сияқты үлкен жасқа келгенде олай қыр көрсеткім келмейді. Амандық берсін бастысы сол жасқа жетуге. Жетіп жатсам өзімді әлден үйретіп қойғам, жеңіске де, жеңіліске де көндігіп.
- Дәурен Айманбетов замандастарынан ТОП 10 тізіміне кімдерді қосар еді?
- Тек өз аймағымыздан ғана атайын. Әйтпесе, ондық емес, жүздікке тартар замандастарым ел аумағындағы.
Олар, яғни, ақындар:
Бақытжан Алдияр
Абай Қалшабек
Асан Үсіпов
Мықтыбек Оразтай
Бекмурат Анарбаев
Айдар Сейдазым
Тағайбек Тұрысбек
Мұқағали Кенжетайұлы
Батырхан Сәрсенхан
Еркебұлан Кенехан
Әлі де бар негізі...