Асқар Наймантай, актер: «Шындықты жоғалтып алдық»
Қазіргі таңда көңіліңді бір серпитін әзіл тамашалағыңыз келсе, бұрынғыдай теледидарға үңілудің қажеті жоқ. Желден жүйрік әлеуметтік желіде әзіл театрларының түрлі қойылымдары жарияланған. Осы орайда кезінде «Аққу Гәкку», «Тамаша», «Терісқақпай» сынды театрлар арқылы танылған Асқар Наймантаймен сатира төңірегінде сұхбат құрудың сәті түскен еді.
– Әдебиет, театр, жалпы шығармашылық туындылар адамды тынықтырып әрі ой саларлық дүниелер екені мәлім. Қазір әзіл-сықақ театрлары көп, солардың қайсысының көрерменісіз? Қазақ әзіл-оспағының дамуы көңіл көншіте ме?
– «Шығармашылық туындылары» дегенде «көркем әдебиет», «көркем туынды», «көркем фильм» деген түсінік бар еді ертеректе. Қазір сол «көркем» сөзі түсіп қалып жатады. «Театр өмірдің айнасы емес, өмірді үлкейтіп көрсететін әйнек» – деген де тәмсіл бар. Мен осымен келісем. «Тура өмірдегідей көрсетті, тура өмірдегі шындықты айтты», «Дәл өмірдегіден аумайды!» – деген мақтауды терең түсіне білмей, өмірді айна қатесіз суреттеймін деп суреткерлік шеберліктен ажырап барамыз. Өмірдегіні халық күнде көріп жүр ғой, соны сахнадан не болмаса экраннан көрсетіп не керек? Байқасаңыз, адам көбіне көңіл сергітер әні бар концертке көзайым болып, қос жанары мен көкірек көзі қанығып, рухани жан рахаттын тауып қайтатын концерт не қойылымға көбірек барады. Голливудтың фантастикасына, қиял ғажайып ертегілеріне, ойдан шығарылған мемлекеттер арасындағы тартыстан туындаған сюжеті бар фильмдерге жасөспірім неге құмар деп ойлайсыз? Өмірдегіні солар көргісі келмейді дейсіз бе? Өмірді олар танымайды дейсіз бе? Кейде балалармен бірге отырып ертегі, мультфильмдерді өзіміз де қызыға қарап отырғанымызды аңғарамыз...
Шындықтың ащы бояуымен бояймыз деп көркем туындының әдемілік арқылы келетін әсерін жоғалтып алдық. Үйде отырған әйелдеріміз, апаларымыз түріктің, үндінің, корейдің сериалдарына шұқшиғанда олардың ойнау шеберлігінен бұрын (үндінің ойынына сенбесе де жібермей көреді ғой) әсерлі әуен, әдемі табиғат, сұлу актриса не актер деп қарайды. Сахналық өнеріміз бен киномызға көркемдікті қайта әкелсек деген ойым бар. Ол кинокадрдың, орындаушының, сахнаның, киімнің әдемілігі ғана емес, тілдің де шұрайлылығы, көркем сөздің де көріктісі керек. Сериалдарымыз бен жас әзілкештеріміз көшенің тілін өнердің тілі жасап жібергені қинайды...
Ал, енді сұрағыңа келер болсақ, арнайы артына түсіп таңдап көретін әзіл театры жоқ менде. Қазіргілерді жібермеуге тырысам. Өзім осы салада болған соң кем-кетігін, озық-жетістігін біліп отыруым керек қой. “Қазақтың әзіл-сықағының дамуы” дегенге келер болсақ, Алдар Көсе, Қожанасыр кезінде-ақ дамып кеткен. Әдебиет пен ауыз әдебиетіндегі әзіл-сықақ бізге жеткізбейді қазір. Ел аралап жүргенде ауылдағы қарапайым қазақтың ішінен неше түрлі айтқыштарды кездестіресің. Олардың жанында күлгеннен басқа үнің шықпай қалады. Мәселе сахна мен экрандағы әзіл болатын болса, өнер деген кірпіш шығаратын завод емес, бәрі бір қалыпты бола бермейді. Бір күн біреу, екінші күні екіншісі жақсы болар. Өнер дегенің тірі организм , сондықтан оның ілгерілеуі, кейіндеуі, мүдіруі болып тұрады. Өшіп кетуі де мүмкін.
Қоғамды сынауға бәрі де шебер. Сахнадағы әріптестер ғана емес, диванда жатқан “батырларға” дейін қоғамға қолын бір сермеп, тілін безеп қалады. Сұхбатымыздың басында айтқандай “өмірдегідей сойып салатын” да әріптестер жетерлік. Айтылу бар да одан шыққан қорытынды бар. Қанын тамызып айтылған шындық ертесінде Үкіметтің құлағына жетіп, кезіндегі кеңес үкіметінің тұсындағыдай “Сіздерде айтылған мәселе анықталып, айыпкерлер жазасын тартты” – деп, кемшілік түзетіліп жатпаған соң, халықты елең еткізгенімен, құзырлылар құнттап жатпаған соң, айта-айта мезі боласың. Қарапайым халық қана “Керемет айттың, осы тақырыпты қозғағаның дұрыс болды!” – деп айызы қанып, өзінің өшін біреу алып берегендей разы болады. Сахнадан айтылған “шындықтың” нәтижесі осы ғана. Билігің былқ етпейді, үкіметтің беті де қызармайды!
– Қазіргі таңда киноиндустрияда комедия жанры өтімді болып жүр. Шынын айтқанда режиссерлер, одан қала берді әншілер өздері туралы комедия жанрында фильм түсіргенді құп көріп жүрген сыңайлы. Қалай ойлайсыз, бұл кинокомедия ма, жай скетчтердің жиынтығынан құралған КВН деңгейіндегі дүние ме?
– Комедия қай қоғамда болмасын өтімді жанр. Бізде сол “өтімді” екеніне назар аудару басымдылық танытып тұр қазір. Комедияның түрі көп: “Оқиға комедиясы”, “мінез-құлық комедиясы”, “қимыл-әрекет комедиясы”, “Комедиялық жағдай”. Осылардың бәрі бір-бірімен астасып, жігі білінбей жүріп жатса, қанеки. Қазір біздің комедияларда мінез болса ойын жоқ, ойын болса әрекет жоқ, қысыр сөзге құрылып, “приколға” күлдіру, соған күлу көбірек. Бұл аса қорқынышты емес, әрине. Барлық өнер осындай қойыртпақ кезеңге тап келеді. Заңды құбылыс. Бұл да артта қалып, кәсіби өнер, кәсіби кино, кәсіби, шебер актерлардың да кезегі келеді. Осы қазіргі күлдіріп жүргендердің ішінде де шеберлігі шыңдала бастағандар бар. Сол қуантады!
– Театрдан бөлек кинода да көптеген рөлді сомдап жүр-геніңізді байқаймыз. Әлеміңіз қай саланы сүйеді?
– Мен театрда туған баламын негізі. Одан кеткем жоқ әлі. Сахнаны жақсы көремін. Өзімнің “Қызық кәнсерт” атты бағдарламаммен Қазақстанды шарлап жүрем. Қала, аудан, ауыл қоймай аралаймын. Ал, кино маусымдық өнер ғой, шақырғанына барамын, тапсырыс берген сценариін жазамын, режиссерлығым керек болса оны да ұсынамын. Бүгінге дейін бірнеше фильмге түстім, біразының сценариін жаздым. Өзім бір сериал, “Вампир күйеу” деген толықметражды комедия, Мұқағали шығармаларының желісімен “Аққулар ұйықтағанда” поэтикалық фильмін түсірдім. Соңғы екеуі жарыққа шығуға әзір болғанымен мына карантиннің тұсына тап келіп, көрерменге кешігіп баратын болып тұр. Жоспарымыз бойынша тағы бір-екі комедия және бір сериал түсіруім керек әлі де.
– Сатирик-жазушылардан кімдерді оқисыз? Өзіңіз де әлеуметтік желіде әзілдің астарымен жазбалар қалдырып жүргеніңізді байқаймыз.
– Мен жазғыш болғалы талай жыл болды. Ең алғаш “Тамаша” отауынан бастап көптеген миниатюраның авторымын. “Бауыржан шоу”, өзім ашқан театрлар “Терісқақпай”, “Аққу-Гәкку” сахнасында ойналғандардың басым көпшілігі менің шығармаларым. Бала кезімнен Оспанхан Әубәкіровті таныған сәттен бастап осы әзіл әлеміне құмар болдым. Орыс тілінен аударамын. “16 қыз” фильмінің сценариі орыс тілінде жазылған болатын, соны қазақшаладым. Бірнеше пьеса аудардым. Солардың бірі “Гәргәрбектің гөйгөйі” деген комедия еді, Қызылжар театрына шәкіртім Фархат Молдағали қойды. Тағы бір аударған “Меңдуана махаббат” деген комедияны өзім сол С.Мұқанов театрының сахнасына қойдым. 2004 жылы “Теріс кітап” атты жинағым, 2017 жылы “Алтын тордан шыққан ән” аудармалар, пьесалар, әзілдер жинағы мен “Конферансье. Актер және көркем сөз шебері” деген Т.Жүргенов академиясының студенттеріне арналған оқулық кітабым жарық көрді. Әлеуметтік желіде тыныш отырмаймын. Сатира деген тіліңді қышытып отырады. Көптеген сатиралық жазбамды “Дат” газеті басып, түрлі сайттар көшіріп салып қойды. Актер, режиссер, ұстаз – деген мамандықтарыма қосымша осындай жазғыш мамандығым да бар.
– Көршілес Ресейде әзіл саласындағы жаңа бағыттар дамып жатыр. Оның ішінде көбінесе ұятсыз, ерсі дүниелерге негізделетін стенд-ап түрі де шықты. Оның өзі Ресейге Америкадан келіп отыр. Бізде де осыған еліктегісі келетіндер пайда болып жатқаны жасырын емес. Бұған не дер едіңіз?
– Бәдік өнер жаулады. Халықтың әлеуметтік жағдайы әлсіреген кезде осындай бір күндік өнер оза шабады. Күйкі тірліктен мезі болған жұрт жан дүниесіне сая іздеп, рухани аштықты қалай толтырарын білмей абдыраған кезінде мұндай “өнер” кездесе кетсе, біраз адам соның жетегінде кетеді. Қайтуы қиын. Әртүрлі діни ағымның соңынан кеткендер де жоқшылықтан қиналып, сан сұраққа жауап таппай тұрғанда тап болғандар көбісі. Мына бәдік өнер де солай өресі тарлау, білімі аздау елді артынан ертіп алып, әуре етеді. Олардың да сондай көрермені бар болып тұрған соң, сұранысы да бар амал жоқ...
– Коронавирусқа қатысты ел арасында түрлі әзілдер көп тарап жүр. Мұндайды өзіңіз құптайсыз ба?
– Елдің аузына қақпақ болуға тырыспаймын. “Күлкі арсыз” – дегенді естіген шығарсыздар. Сондықтан, қандай нәубет келсе де кейде арсыз күлкі ілесе келеді. Ажалды да күліп қарсы алғандар бар ғой тарихта. Дегенмен, қазақтың әзіл-қалжыңының өз орны бар еді...
Жеке-жеке жіліктеп беретін болсақ: “нағашы мен жиен”, “жезде мен балдыз”, “құдаша мен құда бала”, “бажалар қалжыңы”, “құрдастар әзілі” – деп кете береді. Бұлардың арасына бас сұғуға кез-келгеннің қақысы жоқ еді ғой. Қазір мына әлеуметтік желі деген бесіктен белі шықпаған бала бетіңнен алатын, кіріспеске кірісетін, ойына не келсе соны былш еткізетін дәстүрді сіңдірді арамызға. “Өз ойымды айтуға құқылымын!” – деген бетбақтар пайда болды. Оларға үлкен-кішің бәрі бір, сыпырта салады. Қазіргі біздің дәстүр – дәстүр сыйламау болып тұр ғой, қайтейін...
– «Тамаша» арнасын қараған ба едіңіз? Сондай әзіл-қалжыңға негізделген телеарна қажет пе еді, сізге ұнаған тұсы, кемшін жағы қандай? Жабылып қалды деп естідік...
– «Тамаша» арнасында менің “Бір ғанибет” атты хабарым болды. Ютубте бар солар. Оу баста жоспар, мақсаты нақты жасалмағандықтан шығар жабылғаны. Әзіл-сықақ арнасы жабылғанға жабыққан халық көргем жоқ, интернетке қарап ыржалаңдап жүр ғой. Ұлттық арна оны жапқанда ұтқан да ұтылған да жоқ, меніңше.
–Адамды жылату оңай, күлдіру қиын дегенге келісесіз бе? Әзіл - сықақ театрлары, кинокомедиялар арзан күлкіге көбірек көңіл бөліп қойған жоқ па, осы?
– Қазір күлкінің қайсысы арзан, қайсысы қымбат екенін ажырата алмай қалдық қой. Салмақты сатирадан ыржалаңдап күлетін, дарақы күлкі іздейтіндер бар. Күлмейтін де әзіл болады дегенді ұқпайтындар көп. Оларға ішегі түйіліп күлмесе мың жерден көркем туынды жасап жатсаң да сен жамансың! Ақжарқын күлкі, кекесін күлкі, жымысқы күлкі, ызалы күлкі, зарлы күлкі, мысқыл күлкі дегендерді ажырата алмаған қауіпті талапкерлер бар қазір. Өзіне не керек екенін білмейді, әйтеуір “күлдір” дейді. Қазіргі кезде сахна мен экрандағы арзан күлкінің көбейгенін артистен емес талап қоюшы мен сұраныстан да көру керек де ойлаймын. Әркім өзіне керегін алады. Маған арзан көрінген дүние бір ғұлама данышпанға қымбат болуы мүмкін. Өзім езу тартпаған әзілге телевизорда алдыңғы қатарда отырған атынан ат үркетін нарқасқалар қарқылдап отырғанда таң қалғамын.
– Әлеуметтік желіде оқырман үшін күнделікті тұрмыс-тіршілігін толығымен көрсететіндер жайлы жазған екенсіз. Тіпті жақында «инстаграмда» о дүниеге аттанған жақынын құшақтап түскен суреттер де пайда болды. Мұндай шектен шығудың соңы неге апарады екен?
– Шәкірттеріме ең алдымен қоятын талабым бар: “Өнерпаздың жария жасайтын жаңалығы өнері ғана болсын. Ішкен-жегеніңді, жатқан- тұрғаныңды, ұшып-қонғаныңды топырлатып желіге сала бермеңдер!” – деймін. Біздің жас кезімізде “артист” дегенің бір құпия әлем болатын! “Осылар су іше ме екен? Осылар ұйықтай ма екен?” – деген сияқты жұрт құмартып тұратын құпияң қалмай бәрін желіге сала берсең не қадірің қалады? Мен өз басым ешбір интервьюге, желіге өзімнің шаңырағым жайлы, балаларым жайлы ақпарат салмаймын, айтпаймын. “Тіл-көз” – деген де бар қазақта. Сол үшін, екіншіден жұрт қол сұға бермейтін бірдеме қалу керек қой.
– Жуырда өзіңіздің әріптесіңіз әрі бауырыңыз марқұм Дархан Дайырбектің қазасы сізге ауыр соққы болып тиді ғой. Жалпы, бұл қазаның бір ұшы қазіргі қоғамдағы салғырттыққа келіп тірелмей ме? Мемлекетке өкпе-ренішіңіз бар ма?
– Дархан Дайырбек өзгеше жаратылған жан еді ғой... Әлі де еске түссе алқымыма өксік келеді. Қоғамды несіне жазғырайын. Қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болған Америка сияқты озық ел де бұл індетпен келген ажалға араша тұра алған жоқ. Абдырап, сасып қалған үкімет қана емес, өзіміз де не істерді әлі білмейміз. Немқұрайлы болған билік қана емес, өзімізден де бар ғой...
– Алдағы уақытта жарқ ету жоспарда бар ма?
– Алдағы уақытта біраз режиссерлық жұмыстар алға шыққалы тұр. Республикамыздың бір-екі театрына спектакль қоямын. Түсіруге жоспарлаған сериал мен комедиялық фильм бар. Биылғы жазда біраз сериалға түсіп, күзде экранға шығуын күтіп отырмыз. Көрермен жоғалтып алмайды, құдай өмір берсе. Көрерменге де ұзақ өмір тілеймін, аман болсын! Мына індет қазақты жылдам айналып өтсінші!
Сұхбаттасқан: Мария СӘУЛЕБЕКҚЫЗЫ