Жадыра Байбұланова, ақын: «Жанұяны сақтап отырудың бір жолы – парасаттылық»

Oinet.kz 17-08-2020 2592

Шегініп көрсем аз күнге кері,

Өмірдің мәнсіз мазмұн, дерегі.

Тағдырдың маған жазбай кеткенін,

Өлеңмен өзім жазғым келеді... 

Бүгінгі сұхбаттың кейіпкері дәл осы өлең шумақтарының авторы – Жадыра Байбұланова. Өзінің лирикалық жан толғаныстарын жыр шумақтарына айналдырған ақын қыз. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері атанған Жадыра Байбұланова «Қағаз жүрек», «Шексіздік» атты авторлық жыр кітаптары да жарық көріп үлгерген. Бүгінде ол «Хабар24» арнасының эфир редакторы қызметінде.

Screenshot_3.jpg

– Қайырлы күн, Жадыра! Ақын жауапкершілігінде қандай міндет, миссия бар? ХХІ ғасыр ақындарын не алаңдатады деп ойлайсыз? 

– Ақынның бар миссиясы – өлең жазу. Кез келген адам сияқты, қоғамда болып жатқан дүниелердің барлығы ақынды алаңдатады. Жаһандағы жамандықтарға жаны ауырады, жақсылықтарға жаршы болады. Әр құбылысқа өлеңімен үн қосады. 

– Өлең жазбай кеткен қандай да бір кезең болды ма? Сыртқы фактордың әсерінен дегендей... 

– Бұл жерде сыртқы фактор дегеннің астарында өлең жазуға шектеулер бар ма деген сұрақ жатқан сыңайлы. Әрине, менде өлең жазбайтын сәттер өте көп. Бірақ ол біреудің қарсылығынан, жазғызбағандықтан емес. Ақын 24 сағат бойы қолына қалам ұстап отырады деп ойлау – қате. Шабыт деген секундтық құбылыс емес пе?! Соны ұстап қала алсаң, өлең жазылады. Басқа уақыттардың бәрінде қатардағы көп пенденің бірі болып ғұмыр кешесің. Кейде ұзақ уақыттарға созылған шығармашылық тоқырау болады, ол да қаламгерге тән құбылыс.

– Шабыт дегеннен шығады, қалай ойлайсыз ақындықты, жазушылықты үйренуге және үйретуге бола ма? 

– Жоқ. Ақын немесе жазушы болу – тағдырдан. Ешбір мектеп бере алмайтын талант ол. Бірақ қазір өлең жазу техникасын меңгеріп алып жазып жүргендер өте көп. Екі сөздің басын құрап әңгіме жазып жүргендер де жетіп артылады. Бірақ талантпен келген дүние көрініп тұрады өзі. Ондай жазармандар бұрын да болған, бола береді де. Бірақ тарихта кім қалатыны – уақыттың еншісінде. 

– Кез-келген шығармашылық адамының өз стилі болады емес пе? Ал сіздің өлеңдеріңізді оқырман қалай таниды деп ойлайсыз? 

– Көңіл-күйдің қағазға түскен нұсқасы. Өзіме өзім баға бергенім дұрыс емес-ау. Керемет стиль қалыптастырдым деп те айта алмаймын. Қыздар поэзиясына тән нәзіктік, лирика ғой көбісі. 

– Әмбебап кітапханада қызмет атқаратыныңызды оқып қалдым. Соңғы оқыған кітабыңыз және қандай жанр ұнайды? 

– Мамандығым кітапханашы емес. Қарағанды қаласындағы облыстық кітапхананың жанынан құрылған «Жыр-Жауһар» поэзия клубына біраз уақыт жетекшілік еткенмін. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында республикалық телеарнада қызмет атқарамын. 

Ал соңғы оқығаным – Альбер Камюдің «Оба» кітабы. Қазіргі жағдайда оқығанда мүлде басқаша әсер етеді. Жалпы өзім де шығармашылық адамы болғаннан соң проза, поэзияны үнемі оқып тұрамын. Классиктерді де, жас буынның да жаңа дүниелерін жібермеуге тырысамын. 

– Мысалы, біз мектеп кезде өлең деген дүниені ХХ ғасыр ақындары арқылы таныдық. Әдебиет, хрестоматияда сол кісілердің шығармаларын оқып өстік. Болашақта кітап бетіне кімдер енеді деп ойлайсыз?

– Ертеңгі күннің бағасын болашақ берер. Бірақ әр заманның өз қаһарманы бар ғой. Қазір әдебиет алға жылжып, мүлде бөлек формада, тың бағытта дамып келеді. Келешекте кітап бетіне енуге  тұрарлық мықтылар бар қазір.  

– Ендеше бүгінгінің 3 мықты ақыны деп кімді айтар едіңіз?

– Ерлан Жүніс, Мирас Асан мен Батырхан Сәрсенханды атар едім. Мен өз замандастарымды, шамамен жас буыннан атадым. Көзі тірі классиктер, аға буын өкілдері көп қой. Олардың таланты да, шығармашылығы да бір бөлек әңгіме.

– Өзіңізге, өлеңдеріңізге сын айтылып па еді? Сынды қалай қабылдайысыз?

– Сын айтылады. Көбіне тақырып аясының тарлығына, поэма сынды көлемді туындыларға бара қоймағанымды тілге тиек етеді. Қазіргі барлық жас ақындарға айтылатын «жылауық өлеңдерді» азайтса деген тілек білдіреді. Сынды дұрыс қабылдаймын, кемшілігімді білемін. Махаббаттан – парасатқа дейді ғой, сүйекті, ірі дүниелерге, аман болсақ, 40 жастан кейін де барармыз деп ойлаймын. Қазір жастыққа тән көңіл-күй пернелерін дөп басып, оқырман жүрегіне жетер өлең жаза алсақ, соның өзі – олжа. 

– Мирас Асан және Жадыра Байбұланова. Бір үйде қос шығармашылық адамы болған қиын ба? Жаңылыспасақ, бір сұхбаттарыңызда отбасындағы қызғаныш туралы да айтып өткен екенсіз. Жанұяны сақтап отыруға қандай кеңес айтар едіңіз? 

–Мирас екеуміздің үйленгенімізге 9 жыл болыпты. Үнемі айтып жүрген бір сөз, бір үйде екі ақынның басы қосылмайды деген – жалған стереотип. Әрине, отбасы болған соң, оның үстіне, шығармашылық адамы болған соң басында бәрі де болады – қызғаныш та, өкпе, реніш те. Бірақ өлең өлмейді. Керісінше, ол көп жағдайда отбасыны аман алып қалады. Дауыс көтеріп эмоцияны шығарғаннан, өлең жазып жеңілдеген әлдеқайда – тыныш. Жанұяны сақтап отырудың бір жолы – парасаттылық. Әр дүниеге пайыммен қарасаң, шешімі бар. 

– Әлеуметтік желілерде блогерлер мәжнүн адамды "ақынжанды" деп мысқылдап жатады. Ақынжанды дегенді қалай түсінесіз? Ақынжанды болған жаман ба? 

– Ақынға баға беретін әлеуметтік желі емес. Оның ішінде блогерлер емес! Деңгей мүлде бөлек.

Желінің жетегіне ерсек, уақытша жылтыраған  дүние көп қой.  Меніңше, өлең – мәңгілік.

– Қазіргі технология қарыштап дамып келе жатқан заманда қоғамға ақын керек пе әлде тек технократтар ғана ма?

– «Адамзаттың өмірінен әдебиетті алып тастасаң, сықырлаған қару мен сыңғырлаған тиын ғана қалады». Технология заманы деп адамдардың роботқа айналуы шарт емес. Екінші жағынан қоғам бір ғана адамнан тұрмайды ғой. Сол сияқты, бір ғана саладан құралмайды. Қоғамға ақын да, кәсіпкер де, суретші де, ғалым да – бәрі керек. Әрқайсының өз орны, өз миссиясы бар. 

– Сізге еліміздегі болып жатқан жағдайлар не үйретті? Карантинде қандай істермен шұғылдандыңыз?

– Жоғарыда айтып кеткенімдей, телеарнада қызметтемін. БАҚ саласы болғандықтан, біз карантин бойы жұмыс істеп келеміз. 

Бәріміз де бұл нәубеттен, ең алдымен, денсаулықтың қадірін түсіндік, жақынға жанашыр болуды үйрендік. Құндылықтар ауысты. Үнемі адам іздеп жүретін қауым үшін оқшаулану қиынға соқты. Арқа-жарқа досты сағындық. Дегенмен, елдің амандығы, ұлттың саулығы үшін, үйден шықпаймыз. Алдағы күніміз жарқын болғай!

Сұхбаттасқан: Мария СӘУЛЕБЕКҚЫЗЫ

Мәди Бесбаев, дінтанушы: Сириядан оралған балалардың жазығы жоқ
Асқар Наймантай, актер: «Шындықты жоғалтып алдық»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу