Арқалық ӘМӘЛИЯТ: Жалғыздық дейтін түрменің қожасы да, құлы да өзің
"Кітап оқисыз ба, қандай авторларды оқисыз"? Осы сұраққа өткен ғасырдың классиктерінің есімін атап қана жауап беретін көп кейіпкерім болды. Жиырма жеті жыл ғұмыр кешіп із қалдырған Сұлтанмахмұттың артынан ерген қаралары бар ма екен деп ой құшатынмын. Әлеуметтік желіден «Ұмытшақ көктем» жыр жинағына жастардың ықыласы ерекше ауғанын байқадым. «Жастар жылында» жарық көрген кітаптың авторы небәрі екінші курс студенті. Дизайны, ұғымталдылығы тартатын кітапты іздеп оқыдым. Әрі кітап екінші рет баспадан басылғалы жатқанына қуандым. Оқырманды экраннан қағазға телмірткен Арқалық Әмәлияттың әлеміне бірге саяхаттайық!
– "Өлең былай жазылуы керек" деген мотивтегі материалдар көп. Бірақ қанша ақын болса, сонша өлең жайлы түсінік бар. Сіздің түсінігіңізде "ақын" деген кім?
– "Поэзияның мақсаты адамға ақыл үйрету емес, адамды азат қылу" дейді Джим Моррисон. Менің түсінігімдегі Ақын- тәуелсіз, өз әлемінде өмір сүретін, өзіндік сенімі бар, және өзгелерді де сол әлемге жетелей алатын болуы керек. Ол өте өзгеше, дара тұлға болуы керек. Сонда ғана оның әлеміне жұрт қызыға қарайды, оның да арманы орындалады.
– Адамға ғұмырында ұнамды бір кітап оқыған жеткілікті. Бірақ, оны табу үшін мың кітап оқуы тиіс. Ал, ақынның ішкі мәдениетін қалыптастыру үшін қаншалықты ізденіс керек?
– Мен ойлаймын, осы қазақ ақындары неге таза қазақ болып өмір сүрмейді деп. Біз ішкі әлемімізді орыспен, араппен улап алғандаймыз. Халықты мың бір қиындықтан алып өтер- ақындар. Сондықтан ақындар көбінесе халқына ерке емес, халқының көшін бастайтын серке болғаны дұрыс деп ойлаймын. Міне, осының өзі ақынның ішкі мәдениетінің қалыптасуы.
Ізденіс көп болу керек әрине. Бірақ ізденістің басы қазақ әлемінен басталуы керек. Ақын ұлт мүддесін ойлауы керек.
– Бұл күнде әдебиетте «болмай жатып Белинский, толмай жатып Толстой болғандар» (М. Әуезов) көбейді. Шығармашылық иесінің потенциалын байқаулар қаншалықты әділ өлшейді?
– Байқау – шығармашылық адамның жағдайын жасау үшін ғой. Халқың бағалап, жағдайың дұрыс боп тұрса ондай байқауға өзің де қатыспайсың. Ақындар көбіне мүшәйраға қатысады. Ол да сол тұрмыстық жағдайды шешіп алу үшін ғана. Сол байқаумен атағың аспанға шығып, жұртқа танылмайсың. Мен үшін байқау- ел көру, жер көру, жаңа достар табу, сосын жүлдесіне достарымды мәз қылып жуып беру. Өз ойым осылай!
– "Ұмытшақ көктемде" байқауға жазылған өлеңдер баршылық. Материалдық бағытта жызылған жырларың өзің ақын бойынан табылуы тиіс деп бағалаған "еркіндікті" ұмыттырып жіберген жоқ па?
– Байқау дегенде қызық дүние өзі. Еш бағалушы аттай алмайтындай мықты, озық шығарма (өлең) жазуы керек. Сәл нашар болса бағалаушы одан аттайды да өзінің ауылдасына, туысқанына қарай өтіп, бұрып кетеді. Қатысқан соң алу керек, ал, ала алмасаң қатыспауың керек. Осы принціптен таймай жазған өлеңдерім "Ұмытшақ көктемде" берілген. Өзім де жақсы көрем ол өлеңдерімді. Ол өлеңдер үшінші бөлімге топтастырылды. Мен сол үшінші бөлімді ұнатамын, өлеңді де сол үшінші бөлімнен оқығым келеді. Мен айтқан еркіндік ұғымы да сол үшінші бөлімде жатқандай (соңына қарай әсіресе). Сондықтан оқырмандарым кемшілік көрсе де, артықшылық көрсе де осы үшінші бөлімнен көре алады деп ойлаймын. Айтпағым, сіз айтып отырған өлеңдерді де мен жүрегіммен жаздым, үлкен ізденіспен аздым. Қасым болып жаздым, Жаңаөзен болып жаздым... Сондықтан да мен ол өлеңдерімді басқа өлеңдерімнен сәл биігірек қоямын.
– "Мен ешкімге бере алмаймын босатып,
Жалғыздық деп аталатын түрмемді!"
депсіз жырыңызда. "Ұмытшақ көктемді" оқыған әрбір оқырман түрмеңіздің тұтқыны. Сіздің сағыныш пен мұңды өлең аурасымен оқырман сезінді. Сіз жалғыздығыңызды қалай қорғайсыз? Тағдырыңыздың өзге арнаға бұрылуы, шеберханаңыздағы "материал" болған сезімдерді өзгерте ала ма?
– Сол "Ұмытшақ көктем" мені ұмытқалы бері жалғыздық дейтін түрмеде өмір сүріп келемін. Ол өзі қызық түрме, түрменің қожасы да, құлы да өзің. Үш күннен соң тозаққа да үйренетін ақын жаны оған да үйренген. Жалғыздық- ізденіске жақсы. Еркіндік те сол жалғыздыққа тән. Ал ол түрменің есігін бір қақса"Ұмытшақ көктем" ғана қаға алады. Мен де түрмемнің есігін соған ғана аша аламын. "Ұмытшақ көктем" сөзсіз бір күні мені есіне алады, іздеп келеді. Мен соған дейін жалғыздығымды күзетіп, қорғауым тиіс. Тағдыр өзге арнаға бұрылса ол- тұрмыс, аштан өлмеудің, асқазанның қамы болар. Ал жүрек тағдырын, жүрек әмірін өзімнен басқа ешкім орындай алмайды. Өзім басқа құндылықтарға мұқтаждықтан алыстап кетермін, бірақ, бәрібір жүрегім сол түрмеде, жаным сол жалғыздықта. Ол өзгермейді.
– "Ет жүрегін езіп- езіп, сағыныштан жаны қалған,
Пері көшіне ілесем деп адастырған сағым арман,
Жүрегінің орнына туған жерін салып алған,
Бұл- мен!" депсіз Ауыл жырында.
«Ауыл және сенде»
"Сен жайлы енді сағыныштан қалқам- ай,
Ауыл жайлы сағынышым жеңілдеу." деп оқырман алдына қайшылықты ой саласыз. Жинақтағы өлеңдерді қалай іріктедіңіз?
– Сол ауыл да қызық өзі. Бауырында жүрсең кеткің келеді, басқа біреулерді сағынасың. Ал алыстасаң жүрегіңді тілімдеп сағындырады. Кейде ауылға қарап тұрып "Қалайсың өзі!" деп зекіп тастағың келеді. Ауыл да бір муза. Оған да өкпелейсің, ренжисің, сағынасың, іздейсің... Жаңағы мүшәйраның өлеңдері ізденіспен жазылса, бұл сағыныш жарлары өзі төгіліп түседі. Ол уақытқа, орынға қарамайды. Сол сәтте сен оны жазып алуың тиіс. Сондай шабытпен жазылған өлең екеуі де. Екеуі де музаға арналған. Біреуі ауылыма, біреуі оған. Қайшылықты жағы болса ол- породокс. Сағыныштың жеңілі бола ма дейсіз ғой. Бірақ кейде бір сағынышың бір сағыныштан басым түседі рас. Сондай бір сәттің Тәңірден түскен өлеңі шығар екеуі де. Маралтай айтпақтай"Кейбір өлеңдерімнің кейбір тармақтарын шабытта отырып қалай жазғанымды білмеймін, оларды түсіндіргім де келмейді". Бірақ менше, бәрі түсінікті. Сағына алған адам түсіне алар. Жинақтағы өеңдерді бөлімдеріне қарай реттедім. Ауыл туралы, ол туралы өзіме қатты ұнайтын өлеңдерді басына қойдым. Оқырманым қызықсын дедім. Екінші бөлімге "Өтірікші көктемдердің" өшпес елестері болған таза лирикаларды қойдым. Оқырманым бір демалсын дедім. Үшінші бөлімге тулаған, тентек өлеңдерді қойдым. Бағана айтқанымдай жетістігім де, кемістігім де осы бөлімде. Осы бөлім арқылы оқырманым маған бағасын берер деп ойладым.
– Сіздің шеберханада қай сезім патшалық құрады. Қай кезде қалам тербейсіз?
– Менің шеберханамда сағыныш патшалық құрады. Поэзияда беймезгіл, кез келген уақытта қалам тербеледі. Өйткені ол Тәңірден құйылатын ұлы сөз. Оны кез келген уақытта жазып қалу керек.
– Әмірқан Балқыбек жайлы сөз болғанда "Бір өзі әдеби институттың қызметін атқаратын" деп нық айтатындар көп. Арқалық кімдерді оқиды? Өзге тілді үйреніп, шеберханаңыздың аурасын өзгертуге ықыласыңыз қалай?
– Өзіңіз айтқандай, адам ғұмырына ұнамды бір кітапты табу үшін неше мың кітап оқу керек. Түрлі-түрлі салалардан оқу керек. Өз басым сол кітап тауының 1.01 бөлігін ғана кеміріп болған шығармын. Әрине, ұлы классиктерді оқу керек. Олар өте көп. Бәрін оқу керек. Жаман жазушы болмайды, жаман шығарма болады. Бір жазушыны сол жаман шығармасына дейін оқу керек.
Әлем классикаларын өз тілінен оқыған жақсы, және оны қазақ әдебиетіне аударып еңбек етсең ол да ұлы еңбек. Өзім қытай тілін жақсырақ білемін, десе де дамыту керек. Сол қытай тілінен біраз нәрселерді оқып, жарамдысын қазақ әдебиетіне аударғым келеді. Көбінесе әлем классикалары бірінші қытай тіліне аударылады. Сол үшін де қытай тілін дамытып, тереңдеп оқуды жоспарлап жүрмін. Ақын болу - бұрқыратып өлең жаза беру емес. Еңбек ету керек. Қазақ әдебиетінің қоржынын қампайту керек.
– Ойыңыз құп аларлық екен. Арқалықтың қазіргі поэзиясын саралап, ертеңгі жазарын қалай елестетесіз?
– Осы жинақтағы өзімнің кемшіл тұсымды да, артық тұсымды да өзім толық білемін. Алда жұрттың да ол жинақ туралы не айтатынын сезіп жүрмін. Айтпағым, мен бәріне дайынмын. Өзімдік жоспарым бар. Сынап тастса оған қайта ойлануға уақыт шығарамын. Ал дүрілдетіп мақтағанға шалқайып отыратын уақытым жоқ екенін айтқым келеді. Жаңа айттым ғой, жоспарларым көп. Ертең өзімнің сұмдық дүниелер жарататыныма сенімдімін. Келесі жинақ ол таза поэзия ғана емес, онда еңбек те болады. Әрі ол жинақ мінсіз болады деп ойлаймын. Сол күнге аман жеткізсін.
– Өзіңіз жауап бергіңіз келетін, бірақ сізге осыған дейін қойылмаған қандай сауал бар?
– Туған жеріңізді сөз бен суреттеп бере аласыз ба?
– Жауабы (Қулана күліп алдым)?
Біздің ауыл Еренқабырғаның бауырындағы Санжы дейтін шаһарға орналасқан. Шаһардан жеңіл көлікпен 5-6сағатта біздің ауылға, менің туған жеріме, көлік баратын жеріне дейін бара аласыз. Ары қарай атпен, жаяулатын 1-2сағатта үйге жетесіз. Туған жерімнің аты- Ашылы деп аталады. Баяғыда Асанқайғы бабамыз осы кенереден өтіп бара жатып, жолдың екі шетінде ашылып тұрған бәйшешектерге қарап"гүлдері құлпыра ашылып, бағы да ашылайын деп тұрған ер екен. Бұл жердің аты Ашылы" деп айтып кетіпті деген аңыздар да бар. Сол Ашылының мың қыратқа, жүз бұлаққа толы төскейінде туып өстік. Жерін суреттеп, әрбір жота- дөңінің, әрбір сай- суының атын айтып отыру таңды- таңға жалғайтын әңгіме.
Мен сол ауылдың адамдарын айтқым келеді. Қандай аңғал, ақкөңіл, ешбір пендешілік, ешбір қулық дегенді біле бермейтін, таза қазақ боп қалған адамдар шетінен. Ауылды сағыну бөлек, мен кейде жатып ап сол ауылдың адамдарын сағынамын. Көкпаршы Мұса ағам не істеп жүр екен, атбегі Заки атам қайда екен, палуан Қаһрман ағам қайда екен, жасы жетпісті алқымдаса да атпен көкпарға түсетін Орман шал қайда екен, достарым қайда екен, олардың әкелері керемет адамдар еді, бәрі аман- есен бе? деген сұрақтармен жиі- жиі ойларға батамын. Осы ойлардан сейілгенде бір түрлі ауылыңа барып, сол кісілерге кезігіп келгендей сағынышың басылып, жадырай қаласың. Ауыл деген жақсы ғой шіркін. Сөз бен осылай ғана жеткізе салуға болатын болса ғой шіркін. Айтқан сайын сағынасың...
– Түркістанға шығармашылық адамының көзімен қарағанда, қандай көрініс көңіліңізге қонады?
– Түркістан- бар құпиясын бауырына бсып жатыр. Біз оны әлі аша алмадық. Біз тіпті керісінше істеп жатқандаймыз. Маған осы шаһар кейде қозғалатын секілді сезіледі. Неше рет жер сілкінді деп ойладым. Шошып ояндым. Осы қаланың астында ұлы бір құпия жатыр. Ол құпия ашылмау керек құпия болуы да мүмкін.Ашылса заман басқаша күйге түсіп, тіпті заманақыр болуы мүмкін. Бұл менің ақындық жанарыммен қарағандағы, түйсік көзіммен қарағандағы алғашқы көз алдыма келетін Түркістан көрнісі. Киелі де, үрейлі, қорқынышты қала.
– "Ұмытшақ көктемнің" таныстырылымы ұмытылмастай болды. Әлеуметтік желідегі жарнамасы да жаңа леп. "Оқырман аз" деген фобиядан арылып, кітап шығаруға мотивацияны қайдан алдыңыз?
– Әдебиетте орта деген ұғым маңызды рөл ойнайды. Бізде сол орта болды. Былтыр бастамасы Ғылымнұр Кәдірбайдың "Үттегі қақ" кітабынан басталды. Сол кітаптан бері біздің орта оқырмандарға белгілі бола бастады. "Ұмытшақ көктемде" сол ортаның детістіктерінің бірі. Содан қолға алғанымыз осы жинақ болатын. Қаржы жағын да ортаның өзі көтеріп кетті (бұл жағынан жаңағы байқаулардың да көмегі зор болды). Қарағандының "Tengri" баспасы да кітапты қолымызға он неше күнде табыстады. Дизайны мен, кітаптың басқа ұмыстарына көмектескен Қойшыбек Мүбарак аға, Тілек Ырысбек ағаға, Жақсылық Қазымұрат ағаларға алғысымыз шексіз!
Бір адам істей алмағанды көп адам істей алады. Кітаптың таныстырылымы бұнымен тоқтамайды, алда Шымкент, Алматы қалаларында жалғасады. Тіпті кітапты екінші басылымға береміз бе деген де жоспарымыз бар, қазірге сұраныс жақсы. Бұл сол ортаның, әдеби ортаның жемісі, жетістігі.
– Өлеңіңізде өрілген жол өміріңізге транс жасаған кез бар ма?
– "...Адай қыздың бұрымындай- жолдарым,
Қожа қыздың меңіндей- ақ тағдырым..." деген тармағым бар еді бір өлеңімде. Бұл сұрақтың жауабы осы екі тармаққа сиып тұрған сияқты. Ақында әулиелік деген болады. Бұрын жазған өлеңің айна қатесіз өміріңде алдыңнан шығатын кездер болады. Өлең сонысымен аяулы, өлең сонысымен қорқынышты да болып көрінеді. Жалпы сөз өте киелі ғой. Оны дұрыс ұстау керек деп ойлаймын. Сөздердің киесі сізді де, бізді де, оқырмандарды да қолдап, жебеп жүрсін дегім келеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Балерке ӘСІЛХАН (мұрағаттан)