Сапарбай ОСМОНАЛИЕВ, қырғыз суретшісі: «Сүйікті картинамды көрмеге қоюға қорқамын»

Oinet.kz 04-09-2020 1831

Бірде италян суретшісі Пьеро Мандзонидің биографиясын оқып отырып қызыққа тап келдім. Мандзони 1961 жылы гипсті 30 грамм етіп өлшеп, 90 консерві банкасына нөмірлеп салады. Құты сыртына ағылшын, француз, италян, неміс тілінде «100 % суретшінің нәжісі» деп жазады. Сөйтіп әр банканы алтынның нарқымен тең етіп, 30 мың 500 еуроға сатады. Мандзони бұл әрекеті арқылы өнер туындыларына деген талғамның төмендігін көрсеткісі келген екен. Суретші: «Барлық миландық буржуазиялық шошқаларға тек нәжіс қана ұнайды», - деп айтқан. Агостина Боналумидің айтуынша, көп банка жарылып кеткен. Бірақ тұтынушының ешбірі шағым жасамаған.

image.png

Шымкент қаласында «Әлемге жол ауылдан басталады» атты қырғыз суретшілерінің көрмесі өтті. Бейнелеу өнері музейіне енісіммен «Гармония» атты суретке көзім түсті." Авторы залда отыр" дегенді естіп суретшімен сұхбат құруға асықтым. Жоғарыдағы оқиғаны санама шегелеп, талғам таразының мүлт кетпеуін тіледім. Қырғыз суретшісі Сапарбай Осмоналиевпен арадағы сұхбатымыз былайша өрбіді.

– Сапарбай Тәліпұлы, қай уақытта қылқалам ұстайсыз, шығармашылығыңыз күй талғай ма?

– Менің шеберханам – шабытымның тұрағы. Сыртқы ортаға абстрактілі көзбен қарап, реализмді көкейіме тоқимын. Кенептегі бос орындарды менің көзім қабылдаған мәліметтер толықтырады. Ойымдағы қайшылықтар бояудың сан қырын ашады. Бір ғана бояуды бірнеше типте түрлендіруге болады. Осындай қызықты жұмыс барысы менің әлемімді сан түске бояйды. Қылқалам қолыма түскен сәттен мен басқа ғаламның тұрғынына айналамын.

image.png

Театр – өмір айнасы. Сіз үшін сурет өмірдің қандай бөлшегі?

– Әр суретшінің шығармашылығы – заман тарихын кенепке түсіруші бейне. Сурет-заманның сырын шертуші құрал деп қарастырамын. Сіз суретті жүрек көзіңізбен көріп салсаңыз, екінші бір жүрек оны қабылдайды. Атақты суретші Пабло Пикассо «Жас суретшіні бірнеше адам түсінеді, ұлы суретшіні түсінетіндер одан аз» деген ғой. Суретті жақсы-жаман деп талдау әбестік. Талғамға талас жоқ. Талғам түрлі болғанмен, сурет өнері қалыбын сақтайды. Сурет – ақиқат өнері.

– Ел арасында тараған аңызда суретші Леонорда до Винчидің әйгілі «Джоконда» картинасында еріннің өзін 12 жыл салғаны айтылады. Сіз бір картина салуға қанша уақыт жұмсайсыз?

– Мен көбіне портрет саламын. Кейіпкеріммен арақатынасым жұмыс уақытын белгілейді. Таныс адамым болса, ол сурет тез аяқталады. Портретте түр ғана емес характер ашылуы керек. Мінез-болмысын білетін адамның образын жасауға қиналмаймын. Жүзін қанша градус бұрғаны да суретте ерекше роль атқарады. Таныс адамның образын жасау үшін сырттай бір жыл бақылаймын. Содан соң ғана кемел портрет шығады. Бейтаныс адамға одан да көп уақыт қажет.

image.png

– Картинаңыздағы идея мен образды қалай жасайсыз?

– Әлемдік деңгейдегі көрмелерде көрсетілген туындыларым - сөзсіз шығармашылығымның шоқтығы. Көлемі, идеямның қамтылуы ешқандай роль атқармайды. Қандай көлемде болса да ойым қай масштабқа бара алды, сурет сол деңгейде деп есептеймін. Өмірге шығармашылық иесінің көзімен қараймын. Шынайылықтың өзінен өзімнің дұрысымды іздеп тұрамын. Жүзімдегі емес көкіректегі көзімнің көргенін саламын.

– Сыншылардың тырнағына көп ілініп, сәтінде мойымай, сәті жеткенде мойындалған суретшілер көп. Картиналары көзі кеткен соң ғана моральдық және материалдық құнын шарықтатып жатады. Сіздің картиналардың құны қанша?

– Қазір коммерциялық бағытта жұмыс істейтін суретшілер көп. Сурет қысқа мерзімде, жоғары нарыққа салынып жатады. Тенденция көп мемлекетте ұқсас. Бір елдің идеясын екінші елдің суретшісі қайталайды. Бұрын коммерция жоқ кезде бір картинаны Александр Иванов 25 жыл салды. Қазір ондай майталман маман жоқтың қасы. Фотоаппаратпен тартылған суреттен көргенін салатын әріптестерім көп. Мен ойлаймын, Луврды саласың ба, Францияға бар. Елдің тынысын таны. Бар этюдімді көзбен көрген жерлерімнен ғана салғанмын. Имперессонистер айлығы шайлығына жетпей, картиналарын дәмханаларға ақы ретінде қалдырып тұрмыс кешті. Көзі кеткен соң ғана еленген суретшілер көп. Мысалы постимпрессионизм өкілдері Висент Ван Гог, Пол Сезанндардың биографиясына қараңыз. Менің картиналарымның құны – 500-5000 АҚШ долларынан  бастап бағаланады.

image.png

– Сізге ерекше әсер еткен картиналар жайлы әңгімелесеңіз.

– Диего Веласкестің, Илья Репиннің портреттері, Клод Моненің картиналары ұнайды.

– Өз шеберханаңыздағы қай туынды ұнайды?

– Көрмелерге алып баруға қорқатын портреттерім бар. Қазір көрмеге алып келмеген, бірақ шеберханамда тұрған картиналарым ұнайды. Ең сүйікті картинам Мәскеудегі көрмеден соң бүлініп келді. Содан соң өзіме ұнаған картиналарымды көрмеге қоюдан фобия пайда болды. Өзіме ерекше бағалайтын картиналарым демім үзілген соң музейде сақталуы тиіс деп ойлаймын. Аукционда қымбат бағаға сатылып, бір адамның үйінде сақталғаны маған комфорт сыйламайды. Өнерден ел ләззат алуы тиіс.

  – Риясыз сұқбатыңызға рақмет!

Балерке ӘСІЛХАН (мұрағаттан)


Арқалық ӘМӘЛИЯТ: Жалғыздық дейтін түрменің қожасы да, құлы да өзің
Бекжігіт Сердәлі, композитор: Адам еш уақытта айналасына зиянын тигізбеуі керек
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу