Аңсаған Мұстафа: Ақылы сурет салуға ішкі әлемімде бір тосқауыл бар

Oinet.kz 06-04-2022 1489

Screenshot_5.jpg

Аңсаған Мұстафа, суретші-аниматор 

– Бірде ер кісілерді матап ұстау үшін әйелдің дүниеге сәби әкелуін сынаған екенсіз. Әйел адам өз эгосымен дүниге перзент әкелу барысында жүктілік уақытындағы, толғақтан кейінгі стрессін депрессияға ұластырып жатады. Оған тіптен қалыптылық ретінде қарап, мән бермейді. Буын алмасса да жаңсақ ойлардың кей санада сақталуына не себеп болады деп ойлайсыз?

– Күнделікті мәселелер мен қоғамдағы ушыққан ахуалды көргенде, осылай айтпасқа лаж жоқ. Алматы қаласында жас келіншек көпқабатты үйдің терезесінен балаларымен секіріп қаза тапты. Осындай қайғылы жағдайда қыз-келіншектерге жаным ашиды. Қыздар білім алып жүргенде, ғашықтық кезеңін басынан өткереді. Сезімге беріліп, оқуын кейде істеп жүрген тәп-тәуір жұмысын шетке ысырып қояды. Некеден кейін бала туып, үйде отырып қалады. Үйдің шаруасымен әлек болып, арманын, өзін, ішкі қалауын ұмытып кетеді. Еркектерде қанша баласы болса да, дене бітімі, өмірі өзгермейді. Себебі отбасын реттеуші жауапкершілікті әйелдері қолдарына алған. Өмір салтында достарынан да айырылмайды. Ал қыз балалар тұрмыс құрған соң достары мен ата-анасын екінші планға ысырып өмір көшінде жалғыз қалып қояды. Оны да ең маңызды қолдау керек кезде ғана сезінеді. Сондай болмас үшін отбасын құрса да оқуы мен жұмысын тастамауы керек. Мен қолымнан келгенше осыны айтамын. Мен қыздарды жақсы көремін. Олардың өмірде жақсы білім алып, оқығанын қолдаймын. Бес-он минутта жеп тастайтын мантыны жасау үшін бес-алты сағат уақыттарыңды арнамаңдар деймін. Жеуге жарты сағат кетсе, оны 1-1 жарым сағатта жасап тастау керек. 

Менің бұлай айтқанымды ер кісілер жек көреді. Олар эгоист қой. Жұмыстан келгенде керемет тағам әзір болғанын қалайды. Бірақ әор еңбектің құнын білуіміз керек. Қыздар отбасы бұзылған жағдайда да, өзін ұстай алатындай болуы керек. Бар жауапкершілікті ер кісіге артып, кейін ажырасатындай жағдай болса, өзін таппай, шешімсіз шарқ ұрып қалмауы керек. Баланы өзі асырай алса ғана тууы керек. Баласы ес біліп, өзі етек жинап, ақшасын тапқан кезде екінші баланы дүниеге әкелсе болады. Ана әр перзентті туу үшін ерекше дайындалуы керек. Бұл еркектерді жек көргеннен айтқаным емес. Үйді қаншалықты жинаса, соншалықты шашыла береді. Оған көп уақыт жұмсап қажет емес. Уақытты тиімді пайдалана білу керек. Екі сағат кітап оқысаң, 2 сағат тамақ жасайсың. Екі сағат бала қарасаң, екі сағат күйеуіңмен әңгімелессең деген секілді әр ауыр істің тұсына өз энергияңды қалыпқа келтіретін, шабыттанатын істерді орындаған дұрыс. Өз уақытыңды қадағалап, қадірлеу керек. Ешкім арманын ұмытпау керек. Бізде қыздарды «тыныш, ер адамдікі дұрыс» деген шешіммен тұншықтырып тәрбиелейді. Бұл қоғамдық қатынаста қиын ситуациялар туындататын қатынас. Себебі кейін ол қыздар ұжымда жұмыс істегенде өз құқығын таптағанда, қалыпты қабылдауы мүмкін. Әртүрлі ситуацияда әйелдер үнсіз қалады. Ерлер дұрыс болсын, бұрыс болсын ойын жеткізеді. Үнсіздігінің салдарынан әйелдер қызмет бабында көтерілмейді. Мен әйелдердің шешім қабылдауында қорықпағанын қалаймын. Қателесуден қорықпау керек. Ер кісілер мені жек көреді. Комментарийде жабылып, қарсы пікір айтады. Қыздарымыз ер кісілерден әлдеқайда ақылдырақ. 

Screenshot_3.jpg

– Әлеуметтік желілерге байланысты бірнеше суретіңізді байқадым. Сіз үшін әлеуметтік желілердің шекарасы қандай? Реал өмір амен виртуаль өміріңізді не ерекшелендіреді?

– Көптеген қалада көрме өткіздім. Жақында суреттерімнің бәрін жөндеп, ретке келтірдім. Тозып, шеті бүлініп қалғаны аздай әркім суретімнің шетіне көк сиямен не болса соны жазып кетіпті. Соның барлығын тазалап, реттедім. Қыста футболкаға заказ жоқ боп, қолым босаған еді. Сол себепті бар картинамды түзетуге уақыт бөлдім. Қарасам, суреттерімнің 70-80 пайызы адамдардың қарым-қатынасы мен желілерге арналған екен. 

Суреттер әлеуметтік тақырыпта болғандықтан ешқандай шекара жоқ. Тіпті өзге елдердегі көрермендерім менің суреттерімді парақшаларына жүктеп жүр. Мен суреттеріме орысша жазбаймын. Сөзсіз де түсінуге тырысып, әркім суретімнің мағынасын өзінше ашадым. Мен бұл жағдайға қарсы емеспін. Реал өмір мен виртуаль өмір айырмашылығына келсек, мен суреттерімді 2009 жылдан бастап желіге жүктеп жүрмін. Бұрын суреттерім тек «Ақ босаға» газетіне шығатын. Өкінішке орай, газет соңғы кезде сайт болып қана жарияланым жасап жүр. Адамдардың бәрі жаңалықты смартфонға көшті. Газеттің жазылушысы азайды. Желіге жүктеп бастаған кезімде лайкомания деген этаптан өттім. Лайк мен үшін маңызды болды. Көптеген суреттерімнің ішінде әлеуметтік мәселе арқау болған картиналардың таралуы жақсы болды. Содан бастап шығармашылығым әлеуметтік тақырыптарға арналды. Алмасбек Садырбай атты оқырманым көрме жасауға түрткі болды. Қашанғы желіде көреміз, нақты көрме жасайтын уақытыңды айт деп талап етті. Ол кезде көктем еді. Мен көрмемді күзде болады деп жоспарладым. Суреттерімді біркелкі етіп, 60х80 етіп сала бастадым. Оған дейін қолыма не түссе, сомен салатынмын. Бармаған жерім қалмай, көрме ұйымдаастыру қиынға соқты. Тауым шағылып, анама жылап алған кезім де болды. Анам  суреттерімді қарап, Евразия университетінің ректорына қоңырау шалды. Сол арқылы алғашқы көрмемді ұйымдастырдым. Ол көрмеден соң, Алматы метросынан ұсыныс түсті. Кейін Атырау, Шымкент, Орал, Тараз деп жалғасып кетті. 

– Ересек өмірдегі көптеген іс-әрекетте бала шақтағы естеліктермен байланысты. Анаңыз еңбек еткен «Ақ босаға» газетінің сіздің шығармашылығыңызға арқау еткен әлеуметтік мәселелермен байланысы бар ма?

– Барлығы «Ақ босағадан» басталды. Менің 11 жасымда анам ол газетті ашқан еді. Мен редакцияда өстім. Сабақтан соң, журналистердің не істейтінін, не айтқанын бақылап жүретінмін. Оқып, жаттап, олардың шаруасына кірісіп жүретінмін. Журналистер интервьюға барарда сұрақтарын талқыласа, өзім де ойымды айтып жүретінмін. Оған танымал адамдар жауап берсе, қуанатынмын. Ол кезде компьютер жоқ. Суреттер баспадан жақсы шығуы үшін ретушь жасалатын. Сол кезде суреттерді өңдеп машықтандым. Әлеуметтік тақырыпқа көптеген сурет салдым. Ол кезде психолг жоқ. Адамдар өз проблемасын айтып, газеттерге келетін. Шешім іздейтін. Анам, редакциядағы қыздар әкімшілікке барып, қиын мәселелерді шешуге көмектесіп жүретін. Неше түрлі қоңыраулар түсетін. 

– Шет мемлекеттердегі көрмелеріңізге бару үшін вакцина сәйкес келмей, кедергіге ұшыраған едіңіз. Мәселеңіз шешілді ме?

– Халықаралық деңгейдегі көрмелерім бірнеше елде ұйымдастырылды. Кей елдерге кіру үшін  Pfizer вакцинасы қажет. Мен қанша жерге хабарластым. Егде жастағы адам немесе аяғы ауыр әйелдерге, балаларға салынады деген еліміздегі заңға сәйкес мен бара алмадым.Тіпті бұл вакцинаны ақылы негізде салдыру үшін Қырғызстанға бар деді. Вакцина үшін бішкекке барғым келмеді. Еліміздегі көптеген медициналық мекемелерге хабарластым. Көрмемді ұйымдастырушылар жол шығынын өздері көтереміз деген. Дегенмен бара алмағаным үшін ол кісілерден кешірім сұрадым. Бұл жағдаяттан ызаландым. Қазақстаннан табылмайтын вакцинаны, Қырғызстаннан табасың деп көп адам кеңес берді.  Ажар Ғиняттың whatsapp номерін сұрамаған адамым қалмады. Ешкім білмейді екен. 

– Қырғыз суретшісі Сапарбай Османалиев ұнатқан суретін көрмеге қоймайтынын айтқан еді. Себебі ұнатқан картиналары осылай бүлінген жағдаяттар болған екен. Сіз ұнатқан суреттеріңізді көрмеге қоясыз ба?

–Өз шығармашылығымнан қатты ұнатқан суретім әлі жоқ. Сондықтан болар бар картинамды көрмеге қоя беремін. Таныс суретшілерім бар, суретін желіге салмайды. Тіпті фотоға түсіруге рұқсат етпейді. Сатып алуға ұсыныс білдірген адамдарды шеберханасына ертіп келеді. Сол жерден келісіп, суретін саудалайды. Олар суретінің көшірілуінен қорқады. Менің суретімді көшірмеген адам жоқ. Тіпті аты-жөнімді қиып, өзінің есімін жазып қоятындар бар. Бұрын газетте істегендіктен суреттерімнің тиражы аса берсе деймін. Мақсатым – адамдарға   ой салу. Аборт жасамау, көшені былғамау, ата-ананы тастамау керек. Елге идеям жетсе де ризамын. 

– Коммерциялық мақсатта сурет саласыз ба?

–Негізі коммерциялық мақсатта сурет салмадым. Ұсыныстар болды. Көп ақша ұсынды. Ішкі әлемімде ондай әрекетке бір тосқауыл бар. Сол үшін балаларымнан кешірім сұраймын. Ананың портретін салсам, мынаның суретін салсам, балаларым қара икра жеп, ақылы мектепте оқыр ма еді?! Сол үшін балаларымнан кешірім сұраймын. 

Әңгімелескен Балерке ӘСІЛХАН

Айбар Олжай: Бізде саясатқа ықпал ететін олигархтар қатты әлсіреді
Нұргүл Қобланова: Халық біздің емес біз халықтың алдына баруымыз керек
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу