Бүгін әйгілі қазақ суретшісі Әбілхан Қастеевтің туған күні

Oinet.kz 14-01-2021 1114

Осыдан 117 жыл бұрын (1904-1973) қазақтың әйгілі суретшісі, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі, Қазақ КСР-інің халық суретшісі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Ш.Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбілхан Қастеев дүниеге келді. Алматы облысының Панфилов ауданында туған. 

Әбілхан Қастеев.jpg

Алматы қаласында және Мәскеу қаласында көркемсурет студиясында оқыды. 

1954-1956 жылдары Қазақ КСР Суретшілер одағы басқармасының төрағасы қызметін атқарды. Оның алғашқы көрмеге қойылған туындылары - «Тігін үстінде», «Мектепке», «Автопортрет», «Көгілдір көйлекті қыз», «Қарындасымның портреті». Суретшінің «Ғ.Мұратбаев», «Абай», «Ж.Жабаев», «А.Иманов», «К.Әзірбаев» сияқты портреттік туындылары жоғары таным-талғамның үлгісі. Тарихи тақырыптағы «Түрксіб», «Амангелді сарбаздары», «Колхоз тойы», «Қалыңдық», т.б. көркем туындыларынан Қастеев қаламына тән қасиет - эпикалық ауқымдылық, ұлттық бояудың айқындығы көрінеді. Суретші халқымыздың тұрмыс-тіршілігін дәл бейнелеп, ұлттық дүниетаным аясында тың композициялық шешім таба білді. 

Оның «Киіз үйдің ішкі көрінісі», «Қыз Жібек», «Қыз ұзату», «Қос құрбы», «Келін түсіру» тағы басқа шығармалары ұлттық қазынамызға айналды. Суреткер Қастеев қазақ халқының салт-дәстүрінің озығы мен тозығын ажыратып, кертартпа кемшіліктерді ашына бейнеледі. 

Мысалы, «Кедей мен бай құдық басында», «Құрғақшылық кезінде молданың жылу жинауы», «Қыз алып қашу» шығармалары осының дәлелі. Оның ұлтына, туған жерге, отанына сүйіспеншілігі шығармаларында шынайы көрініс тапты. 

Қылқалам шебері сурет өрнектерінің сырлы бояуын, ұтымды қолданып, бейнелеу өнерінде мәдениет тарихының, республикалық қоғамдық өмірдің жылнамасын жасады. Абай мен Қастеев арасындағы нәзік байланыс дүниені эстетикалық-көркемдік тұрғыдан танудың, өнер өзектестігінің, рухани сабақтастықтың көрінісі. Абай тұлғасы Қастеевтің сүйікті кейіпкері болды. Ол Абайдың келбетін әр қырынан сомдады. 

Суретшінің қылқаламынан туындаған «Абай киіз үй алдында», «Жас Абай», «Абай жаз жайлауда» және «Бүркітші», «Қыс», «Жаз», «Көктем» атты шығармалары осыған дәлел. Шымкент қаласындағы өнер училищесі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік өнер мұражайы Қастеевтің атымен аталады. «Қазан төңкерісі», 2 мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған.

Дональд Трамп видеоүндеу жасады
Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайым депутат атанды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу