Айбар Олжай: Бізде саясатқа ықпал ететін олигархтар қатты әлсіреді

Oinet.kz 31-03-2022 2017

Screenshot_18.jpg

Айбар Олжай, экономикалық сарапшы

– «Біздің елдігіміздің басты қатері - санкцияның іргесі аулақ. Тек өзіміз ештеңе бүлдіріп алмауымыз тиіс» деген едіңіз.  Бұл түста «ештеңе» дегеннің мағынасын аша түссек. Қазақстан үшін қандай қадамдар санкция алуға итермелеуі  ықтимал?

– Өздеріңіз көріп отырғандай, ұжымдық Батыс (АҚШ, Канада, Еуроодақ) тарапынан Ресей және Беларуське санкция салынудың басты себебі – Украинаға қарсы жасалған қарулы әскери әрекет деп нақты белгіленді. Де-юре және де-факто Қазақстанның ол әскери әрекеттерге еш қатысы жоқ болғандықтан, бізге санкция салу бойынша ешқандай әңгімелер жүріп жатқан жоқ. Алайда, әсіресе Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ОДКБ) келісім-шартын пайдаланып, болашақта осы бағыттағы қандай да бір әскери қимылдарға қатысу бізге бірден санкция әкелері сөзсіз және оны Ақорда жақсы біледі. Сондықтан санкцияға ұшырап қалмаудың басты факторы – әскери  бағыт. 

Екіншіден, саяси фактор да рөл ойнайды. Қазақстан сыртқы саясатында БҰҰ доктринасын ұстанады және тек БҰҰ мойындаған мемлекеттерді, шекараларды мойындайды. Бұл өте көреген қадам. Жалпы Ресейдің сыртқы саясаттағы интригаларынан іргемізді аулақ ұстап отырмыз. Мен бұл жерде Қырым, Оңтүстік Осетия, Абхазия, ЛНР мен ДНР сынды қуыршақ территориялардың тәуелсіздігін Қазақстанның мойындамағанын меңзеп отырмын. Ресей, әсіресе оның ультраоңшылдары бізге қыр көрсетіп ренжісе де, бастысы ұстамдық танытып, БҰҰ доктринасынан айнымау ауадай қажет. Біздің осы позициямызды ұжымдық Батыс көріп отыр және олар біздің сыртқы саясатта ешқашан Ресейдің ығына жығылмайтынымызды біледі. Осы екі мәселе бізді санкциядан сақтап отыр. 

– Елімізде үй бағасы күрт қымбаттады. Бұл ипотекалық бағдарламаларға қалай әсер етеді?

– Қазіргі жағдайда үлкен инфляциялық қысымның жүріп жатқанын көріп отырмыз. Көбіне біз өзімізге Ресей инфляциясын импорттап алдық. Базалық ставканың 13,5 пайызға бірден өсуі жыл соңына дейін инфляцияны белгіленген коридорға қайта келтіре ме, жоқ па, ол жағы шын мәнінде ешкімге белгісіз. Себебі, рубльдің нақты қай межеге дейін құлайтынын әлі ешкім болжай алмай отыр. Көп факторлардың бізге байланысы жоқ. Біз өз тарапымыздан оларға ешқандай ықпал ете алмаймыз.

Бұл жағдайда, ішкі кредит нарығында да үлкен өзгерістер орын алып жатыр. Базалық ставканың күрт көтерілуі несие мөлшерлемесінің де өсуіне алып келді. Сондықтан ашығын айту керек, барлық банктердегі коммерциялық ипотека бірден қымбаттап кетті. Банктер былтыр орта есеппен проценттік маржаны 5 пайыз деңгейінде ұстағанын ескерсек, онда ең арзан коммерциялық ипотеканың номиналды жылдық ставкасы кем дегенде 18,5% болуы тиіс. Оған биылғы тәуекел премиясының объективті себептермен арту мүмкіндігін ескерсек, жағдай құбылмалы болып кетсе орта есеппен біздегі теңгелей ипотека ставкасы 20% болады. Бұл – өте қымбат. 

Тек мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары тұрақты өз позициясын ұстап тұрғанын көріп отырмыз. Ол 7-20-25 ипотекасы, Отбасы банк өнімдері. Индикативтері алдын-ала қабылданып, қаржыландыру жоспарланып қойғандықтан, оларда ештеңе өзгермейді.

– Теңгені рубль бағамының ықпалынан ажырату үшін қай қадамдар жасалуы тиіс деп ойлайсыз?

– Мұнда нақты фундаменталды факторлардан гөрі, психоэмоционалдық және стереотипті давление басым болып кетті. Тарихи тұрғыдан біз үйреніп алған «рубль 5-6 теңге болуы тиіс» деген қасаң ұғым бар. Ол кезіндегі олигархтық-экспорттық лоббидің салдары. 7 жыл бұрын рубль 3 теңгеге түсіп, азаматтар Ресейден пәтер, көлік, тұрмыстық техника ала бастағанда біздегі экспорттық қаржылық топтар, автокөлік салондары, тұрмыстық техника желілерін ұстап отырған олигархтар өз нарығын қорғау мақсатында Үкімет пен Ұлттық Банкті осы «рубль 5-6 теңге» паритетіне отырғызған болатын. 

Бірақ қазіргі жағдай мүлдем басқа. Біріншіден, қазір бізде саясатқа әмірін жүргізіп отыратын олигархтар жоқ, тіпті бар болса да оның ықпалы қатты әлсіреді. Осы паритетті қорғаудың еш қажеті жоқ, себебі ол нақты нарықтық фундаменталды факторлардың бұрмалануына алып келеді. Бізде теңгенің рубльдегі паритетіне қарап, доллар осынша болуы керек деген қисық болжамдар пайда болды. Екіншіден, Ресей импорты біздің нарықты одан әрі жаулап алады деген үрейдің еш негізсіздігі. Ресей біздегі импорттан алатын үлесін онсыз да максималды лимитпен алып отыр. Одан ары олардың технологиялық қуаты жоқ. Және де, қазіргі санкция жағдайында, Ресей өз тауарларын дефицитті (болашақ революция қаупі) болдырмау мақсатында ең алдымен ішкі нарығына бағыттайтын болады. Сондықтан теңге-рубль жұбында әділетті бағам орнауы тиіс. Оны реттеуші емес, нарықтың өзі қоюы керек. Тіпті, жақын болашақта теңге рубльден қымбат болады деген пікір бар. Мен осы пікірдің жаны бар деп ойлаймын. Санкциялар нақты өз жемісін бере бастаған кезде нақты картинаны көретін боламыз. Ол үшін кем дегенде бір циклдің айналып өтуін, яғни 9 айдың өтуін күту керек. 

– Әлемге танымал сауда брендтерін Қазақстанға тарту туралы постыңызды оқыған едім. Алайда бұл тақырыпта алуан пікірлер тоғысады. Негізгі фаворит ретінде Өзбекстанда мүмкіншілік көп секілді. Қазақстан Орта Азиядағы филиалдарға иелік ету үшін қандай тиімділіктер ұсынуы қажет?

– Бұл қазіргі Үкіметтің өте қарқынды қолға алып жатқан мәселелерінің бірі. Менің ойымша, Орталық Азия аймағында біздің өз орнымыз, ал Өзбекстанның өз орны бар. Екі ел осыны тез түсінсе, мықты синергия жасауға болар еді. Өзбекстан таза өндірістік жағынан (завод, фабрика, өңдеу, құрастыру) жағынан әлеуеті мықты ел. Оған жеткілікті жұмыс күші, ол жұмыс күшінің арзандығы, ыңғайлы логистика, газдың арзандығы өндірістік тұрғыдан үлкен плюс береді. Ал Қазақстан заңдық қадағалау, ұйымдастыру, қаржылық компетенция, IT, Батыс системаларымен интеграциясы бойынша анағұрлым дамыған мемлекет. Онымен бірге суверенді рейтингтің жоғары екенін ескеруіміз керекпіз. АҚШ-та технологиялар ойлап табылып, патенттер жасалып, сауда маркасы жұмыс істеп, ал нақты сол құрылғының Қытай зауыттарында жасалатынын ескерсек, осы модельді Қазақстан-Өзбекстан ара-қатынасында пайдалануға болады. Бірақ ол үшін қажет емес амбицияны ысырып қою керек. Мен өндіріс үшін таласпай, инновация, патент, технология трансферті және солардан роялти алып отыру үшін күресудің мықты перспективаларын көріп отырмын. 

– Ресейдің соғыста жеңіліске ұшырауы яки жеңіске жетуі Қазақстан экономикасына қаншалықты әсер етеді?

– Кесіп айтып, болжам жасау қиын. Экономиканы дамытудағы ең басты фактор – тұрақтылық. Біз Ресейдің авантюралық әрекетінен кейін, тек ЕАЭО емес, бүкіл әлемде осы тұрақтылықтың жоғалғанын көріп отырмыз. Бұл жерде экономиканы саясаттан ажыратып қарастыруға мүлде болмайды. Саяси шешімдердің білдей бір алып мемлекеттің экономикасына қалай ауыр әсер етіп жатқаны дәл біздің көз алдымызда өтіп жатыр. Бір жағынан, бұл болашақ зерттеушілер үшін керемет кейс. Бәрін қадағалап, түртіп отыру керек.

Кім жеңсе де, бізге бұл оқиға қазірдің өзінде жағымсыз әсерін тигізді. Үлкен саяси қауіптер, жалпы біздің болашақтағы өмір сүру моделімізге қатысты сұрақтар пайда бола бастады.

– Экономика өсімін пайызбен өлшеу алдыңғы жылмен салыстырғандағы өсімді ғана көрсетеді. Дегенмен Қазақстанның ұлттық экономика министрлігі экономика 3,9-4,2 пайыз өсім көрсетеді деп болжаған. Бұл пайыздық көрсеткіш қазірдің өзінде асып кетпеді ме?

– Ресми статистиканы күту керекпіз. Жалпы биыл экономика өседі деген жоспар бар. Бұл болжам әлі қайта қаралған жоқ. Біздің шикізат экспортында санкцияларға қатысты транзиттік проблемалар басталса, ол бірден өсу бойынша болжамның қайта қаралуына әкелетін болады. Жалпы мен осы жартыжылдықтың қортындысын күтер едім. Дәл осы жартыжылдыққа көп нәрсе байланысты. Тіпті осы жарты жылдық мерзімді мен алдағы 100 жылдың тағдырын шешетін аса маңызды тарихи кезең деп батыл айта аламын. Көбісі не үшін олай айтқанымды түсінеді деп ойлаймын.

– Доллардың бағамын тұрақтандыру  үшін Ұлттық банктың қаржы бөлуі тиімді әдіс пе?

– Біздің Ұлттық Банк қаржы-несие, монетарлық саясатты өте сауатты жүргізіп жатқанын көріп отырмыз. Жалпы, осы бағытта біздің мамандардың әлеуеті өте мықты және қазіргі монетарлық режим – инфляцияны таргеттеудің дұрыс таңдалғанын мойындау керек. Белгілі бір коридорда теңге еркін айналымда, тек коридордан шығып, нарықты шок жағдайына итермелейтін болса, Ұлттық Банк интервенцияларын іске қосады. Ақпан айының ортасынан бері белсенді интервенция жүріп жатқанын айта кету керек. Оның барлығы отандық қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтау, ажиотаж туғызбау және ликвидтің болуын қамтамасыз ету үшін жасалып отыр. Қазір шыны керек, бұдан басқа балама жол көріп тұрған жоқпын.

Әңгімелескен Балерке ӘСІЛХАН

Айбек Жеңісқазы: «Ақын айтқан мәселе шешімін табады» деген қағида жоқ
Аңсаған Мұстафа: Ақылы сурет салуға ішкі әлемімде бір тосқауыл бар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу