Нұргүл Қобланова: Халық біздің емес біз халықтың алдына баруымыз керек
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына жолдауында Қоғамдық кеңестердің құрамы мен жұмысының жаңаратынын айтқан болатын. Жолдаудан соң миллион тұрғыны бар қала Шымкентте Қоғамдық кеңес жаңаша құраммен жасақталды.
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, Шымшаһардағы биылғы Қоғамдық кеңестің жұмысқа кіріскен алғашқы күнінен-ақ шатағы біліне бастағандай. Біріншіден, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің мүшелікке 9 адамды ұсыну құқығынан бас тартқаны түсініксіздеу болды. Екіншіден, сайланған алғашқы төраға төңірегінде де сын пікірлер көп айтылды.
"Халықтың үні", "Елдің көңіл-күйінің барометрі" атанған Шымкент қаласындағы Қоғамдық кеңесте тағы қандай өзгерістер бар? Бұл біраз сауалды Қоғамдық кеңестің су жаңа мүшесі, әлеуметтік кәсіпкер Нұргүл Қоблановаға қойған едік.
- Нұргүл Төреқызы, жуырда халыққа арнаған Жолдауында Президент Қоғамдық кеңестердің жұмысында өзгерістер болатынын айтты. Шымкенттегі «ерекше кеңес» осы өзгерістерге сәйкес жүргізіліп отыр ма?
- Мемлекет басшысы Қоғамдық кеңестер жұмысының аясын кеңейту қажет қажеттігін айтып, «Биыл менің бастамам бойынша қоғамдық кеңестердің құрамы, яғни жұмыс жоспары түбегейлі жаңаратын болады» деген еді. Шымкенттегі «ерекше кеңес» міне осы айтылған Президент тапсырмасының жемісі. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей бұл жолғы Қоғамдық кеңестің бірнеше артықшылығы бар. Айталық мүшелікте депутаттар мен мемлекеттік қызметкерлер мүлдем жоқ. Сондай-ақ бұл кеңес «Аманат», «Ақ жол», «Ауыл» секілді партияның мүшелерін бір арнаға тоғыстырып отыр. Мұнда жасы да, жасамысы да бар, нәзік жандыларда кездеседі. Ең басты ерекшелігі төраға әр үш ай сайын ауысып отыратын болды. Өз басыма бұл өзгеріс кәдімгідей мотивация берді. Өзгелердің де жұмысын шабыттандыра түскендей. Қоғамдық кеңес жұмысын бастағанына бір аптадан енді асса да мүшеліктегі азаматтар мен азаматшалар белсенділік танытып, көптеген ұсыныс-тілектерін жеткізуде. Яғни төрағаның қайта сайлануы өзге де азаматтардың жұмысын көрсетуге, еңбегінің бағалануына жол ашпақ. Бір айта кетерлігі, мұндай жаңа бастама тек Шымкенттен бастау алып отыр. Басқа өңірдің Қоғамдық кеңесінің мүшелігінде депутаттар, мемлекеттік қызметкерлер де бар және үш ай сайын төраға сайланбайды. Бұл жерде жаңашылдыққа қорықпай қадам басып отырған Шымкент қаласы әкімдігінің халыққа деген жақындығын айта кеткен жөн.
- Қала әкімі Мұрат Әйтенов мүшелікке 9 адамды ұсыну құқығынан бас тартатынын алдын ала айтып қойды. Мұны көпшілік қызу қолдады. Бірақ Қоғамдық кеңес туралы заңда Кеңес мүшелерінің үштен бірін атқарушы органның басшысы мемлекеттік қызметкерлерден жасақтайтыны жазылған. Бұл жерде өз құзырынан бас тартқан Әйтенов заңды бұзып отыр емес пе?
- Әйтенов мұндай мәлімдеме жасаған кезде мен де қатты таңырқадым. Алайда Қоғамдық кеңестің ережесінде әкім мүшелікке адамдарды ұсынуға да, бас тартуына да құқылы екендігі анық жазылған. Сондықтан бұл жерде ешқандай құқықбұзушылық орын алып тұрған жоқ. Ал сіздің шаһар басшысының 9 адамды ұсыну құқығынан бас тартқандығын көпшілік қолдады деген пікіріңізге толықтай келісемін. Мұрат Дүйсенбекұлының бұл әрекетінен кейін халықтың оған деген сенімі арта түсті деп ойлаймын.
- Өткен аптада Антикор Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың Ұлттық баяндамасын жария етті. Осы баяндамада Қоғамдық кеңестері жақсы жұмыс істейтін өңірлер аталды. Оның ішінде Шымкент жоқ. Неге? Қоғамдық кеңестердің жұмысындағы қателік деп нені айтар едіңіз.
- Антикордың айтқаны бұрынғы үш жылдық қоғамдық кеңестің жұмысы. Мен мүшелікке алғаш рет сайланып отырмын. Ал алдыңғы әріптестерімнің жұмысына мен баға бере алмаймын. Жаңа Қоғамдық кеңестің сайланғаны енді ғана. Әзірге кемшіліктерді атау қиын. Қазіргі таңда 29 мүше төрт ауданға бөлініп, жергілікті тұрғындармен кездесу жұмыстарын бастап кеттік. Маған берілгені Абай ауданы. Бір аптаның ішінде қала әкімімен бірге тұрғындармен екі рет жүздесіп, ұсыныс-шағымдарын тыңдап қайттық. Осы ретте қала басшысының іскерлігі мен қарапайымдылығын атап өткім келеді. Бұрындары қала әкімінің алдына кіру қиын болатын. Қазір кез-келген азамат әкімнің қабылдауында болып, шағымдарын жеткізе алады. Проблеманы тыңдау бір бөлек ал оны шешу тіпті бөлек жұмыс. Менің байқағаным қала әкімі мен ұжымы ешбір тұрғынның өтінішін жерге қалдырмай, мәселені дер кезінде шешіп беруде. Яғни нақтылық, ашықтық бар, бастысы билік пен бұқара арасында кедергі жоқ. Біздің мақсатымыз қараша халықтың мұң-мұқтажын естіп қана қоймай оны билікке жеткізіп, шешілуіне атсалысу. Халық біздің емес біз халықтың алдына баруымыз керек. Яғни Қоғамдық кеңес мүшелерін халық пен билік арасындағы дәнекер көпір деп атауға болады.
-Төраға үш ай сайын ауысып отыратын болды. Бұл қайдан шыққан заң? Жалпы, қоғамдық кеңестің осы жолғы құрамында зейнет жасындағы бұрынғы шенеуніктер, депутаттар көп деген пікір бар. Келісесіз бе? Төраға Шалатай Мырзахметовке де шүйлігушілер бар...
- Кеңес құрамында зейнет жасындағы адамдар көп деп айта алмаймын. Бірақ жасы үлкендердің мүшелікте болғанын құптаймын. Себебі олардың өмірлік тәжірибесі мол, халықпен де, билікпен де жұмыс істеу тәсілін біледі. Ал біз секілді жас құрамның осы кісілерден үйренеріміз көп. Жаңа кеңеске жол бастаушы ретінде алғашқы төраға болып мемлекет және қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметовтің де сайланғаны осы себептен. Ал төрағаның үш ай сайын сайлануы Қоғамдық кеңестің заңына сәйкес жүргізіліп отыр. Одан кейінгі төрағаларды атқарған жұмысына қарай дауыс беру арқылы таңдап отырамыз.
- Осы жолы Кеңеске мүше болсам деген кандидаттардың қатары көп болды? Жалпы жұрт Кеңеске мүше болуға неге құмар?
- Көп болғанның несі әбестік. Мен қайта қаламыздың өсіп-өркендеуіне атсалысамын деп құлшынып отырған азаматтардың көптігіне қуанып отырмын. Кеңеске келудегі бәрінің мақсаты осы болса керек.
- «Құжат тапсырып едім, кейін өтпей қалдым, неге өтпегенімді, нендей кемшілігімнің барын ешкім айтқан жоқ» деген пікірлер айтылып жатыр. Жалпы Қоғамдық кеңесті жасақтау неге ашық емес?
- Мен Қоғамдық кеңеске мүше болуға үш рет құжат тапсырған адаммын. Алғашқы екеуінде өтпей қалдым. Әрине не үшін өтпегенімді білгім келді. Алайда мен үшін уақыттан асқан қымбат нәрсе жоқ. Арнайы барып сұрамадым. Өтпеген кандидаттар туралы ешжерде айтылған да жоқ, жазылмады да. Сол кезде мен ғана емес бәрі де ренжіген шығар. Өз кемшіліктерімді іштей сездім де қоя салдым. Бірақ өтпегендердің себебі мен кемшілігін айту керек еді. Ол адам келесі жолы сол қателікті түзетуге тырысады ғой. Жалпы Қоғамдық кеңесті жасақтау жұмысында ашықтықты қамтамасыз ету керек. Комиссия мүшелеріне мүмкін халықтың пікірін де сұрап отырған маңызды шығар. Мәселен әлеуметтік желі арқылы кандидатқа дауыс беруді ұйымдастырып дегендей... Яғни мүшелікке азаматтарды тек комиссия емес тұрғындар да таңдаса деген ұсынысым бар.
- Әлеуметтік желілерде қарапайым тұрғындар тарапынан «Қоғамдық кеңестің не керегі бар, ешқандай мәселені шешпейді» , «Қоғамдық кеңестің қоғам алдындағы беделі нөл» деген пікірлер өте көп айтылып жатады. Бұған не дейсіз?
- Бұған дейін көпшілік Қоғамдық кеңестің не екенін, мазмұны, мақсатын түсінбей келді. Олардың қатарында менде болдым. Қала тұрғыны ретінде шыны керек бүгінге дейін бұл кеңестің «пәлендей жұмыс атқарыпты», «мынадай проблеманы шешіпті» деген жаңалықтарды құлағым шалмапты. Қоғамдық кеңестің жұмысына мен де сенімсіздікпен қарайтынмын. Бәлкім насихат жұмыстары әлсіз болған шығар. Мен енді өз тарапынымнан Қоғамдық кеңестің беделін жоғарылатуға, халықтың сенімін арттыруға күш салғым келеді. Праймеризде сайлауға қатысқан кезде сайлау алды бағдарламамда дәл осы мәселені көтерген едім. Сол кезде Қоғамдық кеңестің төрағасынан бастап мүшелеріне дейін ауыстырып тұру керек және көшпелі қоғамдық кеңес өткізу керек деген мәселені де көтергенмін. Бізге әр көшпелі отырысымызды тікелей эфирде өткізу керек . Сонда жұрт біздің жұмысымызды көре алады, баға бере алады, атсалыса алады. Қоғамдық кеңес қоғам үшін жұмыс істеп жатқанын көрсете алса онда халықтың сенімі нығаяды деген ойдамын.
- Алғашқыда Қоғамдық кеңестің жұмысына сенімсіздік таныттым деп қалдыңыз. Сонда мүшелікке осы сенімсіздігіңізді сейілту үшін келдіңіз бе, әлде басқа да себептері болды ма?
- Мен кәсіпкерліктен бөлек «Асыл әлем» қоғамдық қорына жетекшілік етіп келемін. Осы күнге дейін әлеуметтік мәселелерді қолымнан келгенше шешіп келдім. Алайда «жалғыздың үні шықпайды» екен. Кейде көмектесуге тырысқаныңмен қолыңнан келмейтін жағдайлар болып жатады. Немесе кейбір проблеманы шешуге құзырың жетпей жатады. Жалпы мені қоғамда толғандыратын мәселелер көп. Мәселен менің қоғамдық бірлестігім мүгедек жандарға көмектеседі. Қазір ортамызда мүмкіндігі шектеулі жандар көбейіп барады. Әсіресе балалар арасында. Неге? Әлде біздің медицинамыз осал ма? Мүгедек жандар шетелде ем іздеп сабылып жүреді. Ал неге сол мамандарды өзімізде оқытып, өз науқастарымызды өзіміз емдемеске!? Сондай-ақ білім сапасын жоғарылату керек. Негізі педагогтар мен медиктерді, сот саласының мамандарын ақылы оқытуға қарсымын. Халыққа нағыз керек мамандарды тегін оқыту керек. Айта берсең көп енді... Сондықтан халыққа да билікке де жақын болу керек деп шештім. Мен өзім Абай ауданында тұрамын. Бұл аймақтың барлық проблемасынан хабарым бар десем болады. Менің кеңеске келу себебім осы тұрғындардың азғантай болса да мәселесін шешу, олардың мұң мұқтажын билікке жеткізу.
- Ашық әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Айнұр Асанқызы