Тоқаевтың қолдауына ие болған Тұрсынбек Қабатов шын мәнінде кім?
Тұрсынбек Аманғалиұлы Қабатов 1979 жылы 10 қазанда Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданы Ақпәтер ауылында дүниеге келген.
Тұрсынбек Қабатовтың отбасы
Отбасында алты ағайынды, оның үшеуі — ұл, үшеуі — қыз. Тұрсынбек үйдің екіншісі. Ағасы Мырзабек бүгінде өзімен бірге жүріп, барлық жұмысына атсалысады. Оны әзілкештің директоры деп те айтуға болады. Өзінен кейінгі қарындасы Зәмзагүл алматылық азаматқа тұрмысқа шығып, бүгінде осы жерде тұрып жатыр. Бұдан кейінгі қарындастары Баршагүл мен Еркем Орал қаласына өздерінің отбасыларымен қоныстанған. Кенже інісі Мейрамбек те үйленген. Анасы дәл қазір осы інісінің қолында. Балалары аналарын атымен "Типа" деп атайды. Шын есімі Талиға.
Әзілкештің есімін батыр бабасына ұқсасын деген ниетпен нағашылары қойған. Жұбайының аты — Мөлдір, балалары — Әдемі, Айым, Айару мен Нұриман.
Шопан болып, қойларға концерт берген жылдар
Ол Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы аграрлық университетті тәмамдаған. Бірақ, мектептен кейін бірден оқуға түспей, ауылда шопан болады. Кейін еңбек жолын 2000 жылы Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясында бастайды.
2001 жылы Көңілді тапқырлар клубында ойнайды. Сондай-ақ, университет қабырғасында жүріп "Аграрка сарбаздары", "Астана.кз", "Казахи" сынды командаларда өнер көрсетеді.
Қабатов алғашқы концертін қойларға бергенін айтып жиі әзілдейді. Сондай-ақ, далада ән айтып жүрген жігітті ешкімнің сынамайтыны өзіне ұнайтынын жасырмайды. 2000 жылы Астанаға бара алмаса, Оралда жүріп әртіс боламын деп шешім қабылдайды. Осы арманмен ауылдан Оралға жол тартады.
Мәдениет жылында өнерпаздарға арналған кастинг өтіп, Тұрсынбек те құрдастарымен бірге бақ сынап көреді. Қолында дипломының жоқтығы мен орыс тілін білмеуі айтарлықтай кедергі келтіреді деп ойлайды. Кастингке бір күн қалғанда әзілкеш түнімен Маяковский мен Қадыр Мырза Әлінің орыс тіліндегі өлеңдерін оқып, оларды жаттай бастайды. Ертесінде кастингте алғаш қойған әзілі Мырзабаев деген студент туралы болады. Бір қызығы, Қабатов сол сәтте әзіл айтамын деп ойламаған. Бұл әзілді де сол кезде сахнада тұрып ойлап тапқан. Бүгінде өз әзілдерінің 80%-і импровизация арқылы жасалатынын айтып жүр.
Осылайша ол Ғарифолла Құрманғалиев атындағы филармонияға алғаш рет жұмысқа тұрады. Кейін Астана қаласында өткен "Дала дарындары" атты фестивальге қатысып, бірінші орын жеңіп алады. Әзілкеш осы кезде Астанада өткізген үш күнде аяғының тоңып жүргенін жымия отырып еске алады. Қалың аяқ киім алуға ақшасы жетпеген екен.
Кейін араға бір ай салып Астана мәдениет басқармасынан концертте өнер көрсетуге шақырту алады. Турист қонақүйінде жатып, төртінші күні елбасының алдында концерт береді. Осы концерттен кейін не істерін білмеген Қабатов бір айға жуық уақыт қонақүйде жатады. Ақырында мәдениет басқармасына барып өзінің көптен бері сол жерге жұмысқа алынғанын біледі. Мұны өзіне ешкім ескертпеген екен.
Араға екі жыл салып Төлеген Мұхамеджанов оған Еуразия университетінің жанынан үш бөлмелі пәтер берілетінін хабарлайды. Бірақ, ол айлық пәтер ақысы қымбат болар деген оймен бұл пәтерден бас тартады. Ақырында 2001 жылы айтылған пәтерді 2010 жылы бірақ алады. Оның кілтін қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов табыстайды.
Тұрсынбек өзіне қарамай қойған Мөлдірді қалай алып қашты?
Сүйіктісімен аграрлық университеттің қабырғасында жүріп танысады. Мөлдір сол жерде домбыра үйірмесіне қатысатын болған. Бастапқы екі ай қазіргі жұбайы қарамай қояды. Кейін екеуі 8 ай қыз-жігіт болып жүріп, сүйіктісі 3-курста оқып жүрген шағында алып қашады. Мөлдір Мұқанова бұл кезде 20 жаста.
"Жазғы демалыста үйге кеттім. Содан күні бойы үйдің телефонына дамыл болмайтын. Таңым Тұрсынбектің "Қайырлы таң! " деген сөздерімен атып, кешім оның "Қайырлы түн! " деген сөздерімен бататын. Ол кезде қазіргідей ұялы телефон жоқ. Тұрсынбек маған хабарласу үшін арнайы сөйлесу пунктіне барады. "Үйіңе тұрмысқа шығамын деп айтып қой, мен сені алып қашамын" дейді. Демалыс кезінде басқа біреу алып қашып кетеді деген қызғаныш пен қорқынышы болса керек", — деп келіншегі алғаш қосылған жылдарын еске алады.
Мөлдір Мұқанова Оралға келін болып келгенде әйел адамдардың орамал тақпайтынына, сондай-ақ, жасы үлкендерге сәлем салмайтынына таңғалады. Тіпті, "басымда орамал жоқ" деп көліктен түспей қойған екен.
- Мөлдірге сәлем салған ұнайды. Бірақ сол сәлемін қабыл алатын адам болмай жүр, — деп әзілдейді Тұрсынбек Қабатов.
Әзілкеш Дос және Еркебұлан деген достарымен бірге сүйіктісін көлікпен алып қашады. 23 маусымда қашқан сіңілісін бірінші болып Мөлдір Мұқанованың Айгүл есімді әпкесі байқап қалады. Көпке дейін отбасы мүшелеріне айта алмай қиналған екен. Кейін жеңгесіне қолқа салған.
Астанаға келгелі Тұрсынбектің мінезі қалай өзгерді?
Қабатовтың айтуынша, елордаға келгелі мінезі еш өзгермеген. Десе де 20 жастағы Тұрсынбек пен 37 жастағы Тұрсынбектің айтарлықтай айырмашылығы бар екенін жасырмайды. 25 жасында КВН ойнайтын жас жігіт болса, бүгінде бір шаңыраққа ие болып, ел ағасы болып үлгерген. Өзі "Ең бастысы, халыққа деген құрметім өзгерген жоқ. Қарапайым, шынайы болып қалдым" дейді.
Залға жиналған бірнеше мың адамды күлкіге қарық қылса да, әзілкештің әзілдері отбасына "өтпейді" екен. Бұл бала-шағасы үшін қалыпты болып қалған. Айтуынша, халықты күлдіруді өзіне жұмыс санайды. Яғни жұмысты сыртта қалдырып, отбасында отағасының, әкенің рөліне енеді.
Ақ кроссовка "жыры"
Өзінің әкесі шопыр болып жұмыс істеген. Ресейге, Оралға, Воронежге жиі баратын болған. Жұмыстан түнгі сағат он екіде келіп, таңғы сағат алтыда қайта кететін болғандықтан әкесін көп көрмеген. Әкесінің үйге келіп кеткенін дастархан үстіне қойылған нан мен шұжықтан білетін болған. Сондай-ақ, әкесінің мінезі қатал екенін айтады.
6-сыныпта оқып жүрген шағында әкесінің сыйға тартқан ақ кроссовкасын бүгінде жымия отырып еске алады. Оны әкесі Воронежден сатып алған екен. Бірақ, осы кроссовкасын ағасы Мырзабек қыздармен кездесуге киіп кетіп ашуына жиі тиетін.
"Ол заманда кроссовкалардың түсі қап-қара болатын. Әлі күнге дейін аяғыма киіп алып жерді таңдап басып жүрген шағым есімде. Мырзабек ағамыз екеуіміз құрдас секілді өстік. Өйткені арамыз бір ғана жас. Жаңағы кроссовканы арасында сол киіп кетіп, күні бойы менен жасырынып жүреді. Кешке қарай қыздарға немесе би кештеріне барады. Мен артынан барып тұрсам көрмегендей түр жасайтын", — дейді ол.
Тұрсынбектің ақшаны "қырып табатыны" рас па?
Қабатовтың айтуынша, КТА (КВН) оған еш пайда әкелмейді, керісінше шығынға батырады. Ол мұның заңды екенін сөз етті. Шығынға батыратын істі қолға алуына жастық шақтағы арманы себеп болған екен.
Тұрсынбек Қабатов: Астананың қысы жылып, жазда желі азайып келеді
- КТА мен үшін әлі нәресте секілді. Ал баладан ешнәрсе күтпейміз ғой. Екі жастағы баладан не күтуге болады. Оған маған ақша алып кел деп отыра алмайсың. Бұрын КВН ойнап жүрген кезде өз басым жолымыз бен қонақүйімізді төлеп берсе, сахнаға шығатын киімімізді тігіп, тамақ берсе, тамаша болатын еді деп ойлайтынмын. КТА-ның өнерпаздарға істеп отырған жағдайын әлемде ешкім жасап отырған жоқ. Мұндай, тіпті, Мәскеуде де жоқ. Жалпы көкейімде осындай арман болатын, — дейді ол.
Айтуынша, бүгінде барлық әзілкеш осы мәселелерге келгенде қиналып, өнерден бас тартып жатады.
Сондай-ақ, Қабатовтың өткен жылдан бері асабалық қызметінің гонорарын 15 мың долларға дейін көтергені белгілі. 5-7 мыңнан басталған ставканың бірнеше еселеп көтерілуіне себеп жоқ емес. Асабалық қызметінің гонорары аз кезінде той иелері мазасын алып, араға "көкелері" мен министрлерді салып, тіпті, есігінің алдына келіп алатын кездер болған. Той басқарып жүріп басқа жобаларым шетте қалып кетпесін деген ойы болғанын да жасырмайды. Ақырында қадірі кетіп, 100-200 долларға құдалық басқарып кетемін бе деген қорқынышы да бар екен.
Тұрсынбек қыздарына құлағын тесуге рұқсат бермейді
Әзілкеш әйелі Мөлдірге қарағанда қыздарымен жақын сөйлеседі. Тіпті, оларға болашақ жарды өзі таңдап бермек ниетте. Бұл айтқанымен қыздары да келісіп отыр. Сондай-ақ, ол әлі күнге дейін қыздарының құлағын теспеген. Болашақ жарлары сырға салуға келген кезде ғана тесіп беретінін айтады.
Мұнымен қатар, ол қыздарымен физиологиядағы өзгерістер тақырыбында ашық сөйлесетін болып шықты. Осыны білмегендіктен ертең қыздары арам ойлы жігіттерге алданып қалмаса екен деген ниетте.
Туысқандарына сыйлы, келіншегі үшін сүйікті, балаларына жан дос болған Тұрсынбек Қабатов бүгінде Әзіл Әлемі, КТА, Назар аудар сынды театрлардың директоры. Жаз айында ЭКСПО аумағында орналасқан жаңа театрдың жетекшісі болып тағайындалды.
Марапаттары:
2014 жылы — ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің "Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының Үздігі" құрметті атағы берілді.
2014 жылы Казталов ауданының құрметті азаматы.
2015 жылы — ҚР Президентінің жарлығымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері құрметті атағымен марапатталды.
Жетістіктері:
- 2003 жылы Түркістан облысы Түркістан қаласының Әкімі тағайындаған І-республикалық «Тайқазан» КВН ойынының жеңімпазы;
- 2003 жылғы «Мыңнан тұлпар» атты Алматы қаласы әкімшілігінің кубогының жеңімпазы;
- 2003 жылғы Қазақстан Республикасы Жоғары Лигасының 2-орын иегері;
- 2003 жылғы Юнеско шеңберінде тойланатын ақын, күйші, батыр бабамыз Махамбеттің 200 жылдығына арналған «Ел Орда - 2003» кубогының жеңімпазы;
- 2004 жылғы Алматы қаласының 150 жылдығына арналған Республикалық 1-лигасы V Чемпионатының Чемпионы;
- 2005 жылғы Республикалық Жоғарғы лигада 2- орын 2006 жылғы Республикалық Жоғарғы лиганың Чемпионы;
- 2006 жылы Қарағанды облысы әкімі кубогының жеңімпазы;
- 2006 жылы Қарағанды облысы әкімі кубогының «Үздік ойыншысы» иегері Астана.
- «Студент көктемі-2006» І дәреже Астана.
- «Елімнің ордасы -Астана» І дәреже
- 2007 жылы «Қазақ тілі –Ана тілі!» Республикалық патриоттық компаниясының аясында Қазақстан студенттер Альянсының Кубогы үшін ұйымдастырылған «Қазақша КВН» фестивалінің 2- орын иегері.
- 2008 жылы университеттің құрама командасы болып, Астана қаласы әкімінің кубогын жеңіп алды.
- Тұрсынбек Қабатов 2009 жылы 4 қарашада Астана қаласы Бейбітшілік және Келісім сарайында, 27 желтоқсанда Алматы қаласы Республика сарайында өзінің жеке әзіл кешін өткізді. 2010 жылы "Қазақстан" ұлттық арнасындағы "Екі Жұлдыз" байқауына қатысты,әріптесі Фарида Ниязова болды!
- 2011 жылы Базар Жоқ театрын ашты.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әзілкешктің «Нұр-Сұлтан қаласының аулаларын қардан тазартып, #БізБіргеміз хештегімен видео жариялау» туралы ұсынысына қолдау білдірген болатын.