Танымал әншінің итальян келіні немере сыйлады
Жұбаныш Жексенұлы ата атанды. Биыл емес, бір жыл бұрын немерелі болған әнші бұл туралы енді ғана БАҚ-қа жария етті, деп хабарлайды Oinet.kz сайты "Опмай-опмай" бағдарламасына сілтеме жасап.
Жұбаныш Жексенұлының тұңғыш ұлы Әбілқайыр осыдан екі жыл бұрын шаңырақ көтеріп, итальян қызын жар еткен еді.
Желі қолданушылары өзге ұлттың қызымен бас қосқан әншінің ұлын сынға алды. Алайда ата-анасы ақ батасын беріп, дүркіретіп тойын жасады.
Әнші қуанышына БАҚ өкілдерін шақырудан бас тартты. Өнердегі жақын достары мен әріптестері бас қосты. Әбілқайыр Мария есімді итальян қызымен қол ұстасты. Бүгінде ата-ана атанып отыр.
«Мәриям Жагор деген – орыс қызы» – деген әнді, «Дудар-айды» мен талай жылдар айтып келетін жатқан ән. Осы әнді айтып-айтып, сол ұлымның өмірінің жолында Мәриям деген қыз шығып, қазір отбасын құрды”, – деген еді Жұбаныш Жексенұлы бір сұхбатында.
"Немеремнің өмірге келгеніне бір жылдан асып кетті. Қыз бала. Есімін Ләйлім деп өзім қойдым. Ләйлім деген ескі қазақша ат. Әндерге де арқау болған. Нақты мағынасын білмеймін, бірақ өзіме осы ат ұнады. Немерем сондай тәтті. Екеуміз бірге ұйықтаймыз. Ең ұнайтыны оның Жұбаныш деген фамилиясы", - деді әнші.
Жұбаныш Жексенұлы келіні мен ұлының нағыз музыкантжандар екенін айтып қалды. Келіні Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консервториясының түлегі.
Марияның желідегі жазбаларынан оның өнер әлемінен алыс емес екенін аңғаруға болады.
Ал, Жексенұлы итальян құдалары туралы қазір емес, кейін айтып берем деп уәде етті.