Бесінші күйеуден бағым жанар ма екен?

Oinet.kz 01-06-2022 4156

Шаруадан қолым қалт еткенде, «Алаш айнасы» сайтында жарияланып жүрген мақалаларды жаныма серік етемін. Ал бүгін өз басымнан өткен жайттарды замандастарыммен бөліспекке бекіндім. Менің басымнан кешкен оқиғаларым, бәлкім, басқаларға өнеге болар.

Screenshot_2.jpg

Мен бес рет тұрмыс құрған адаммын. Бірінші күйеуімді Алматыда оқып жүргенімде кезіктірдім. Ол профессорлық атағы бар, орта жастан асып кеткен адам еді. Ауылдан барған маған үлкен қаланың қым-қуыт тірлігіне үйрену қиын болды. Бастапқыда әлгі мұғалім мені кітаптар мен оқу материалдарын беруге өз үйіне шақырып жүрді. Өзім жетім өскен адаммын, бір күні ол маған: «Мына дағарадай үйде жалғыз тұрып жатырмын. Сені көптен танимын. Қызымдай болып кеттің. Менің бала-шағам кезінде шешесімен еріп кеткен. Шай басында шүйіркелесіп отыруға да серік керек. Осында тұрсаңшы», - деп ұсыныс тастады. Мен бас тартқан жоқпын. Алматыда жайлы үйде тұрып оқудан кім бас тартсын? Профессордың ойы басқа екенін кейін ұқтым. Бара-бара ол маған жылы-жылы сөйлеп, шектен тыс қамқорлық таныта бастады. Оған қалай көніп қалғанымды өзім де білмей қалдым. Сөйтіп, екеуміз біраз уақыттан кейін ерлі-зайыптылардай күн кешіп жаттық. Күндердің күнінде мен жүкті екенімді түсіндім. Институтта бұл кезде мен туралы күбір-сыбыр басталды. Жылдамырақ академиялық демалыс рәсімдеп, оқудан шығып кеттім. Әлгі адаммен кәдімгі отбасына айналдық. Ол ылғи да маған баламыздың болашағы туралы әңгіме айтатын. "Осы үйімді балама қалдырамын, соның атына жазып қоямын», - деуші еді ылғи да. Оны қатты сүймесем де, кәдімгідей бауыр басып қалған едім. Және оның үй туралы әңгімесі маған қатты ұнап жүрді. Айы-күнім жетіп, дүниеге ұл бала әкелдім. Әкесінің қуанышында шек жоқ. Атын Серік деп өзі қойды. Іштей оқуымның бөгеліп қалғанына ренжіңкіресем де, сырт қарағанда біз жап-жақсы отбасы едік. Бірақ мұнымыз ұзаққа бармады. Жолдасым кенеттен келген сырқаттан ойламаған жерден көз жұмды. Оның туған-туыстарының бәрі оның өлімін менен көріп, «сен жұттың, албасты неме» деп, қатты сөздер айтты. Содан оңтүстікте тұратын аға-інілері келіп, нотариусқа, сотқа барып, үйді өз аттарына жаздыртып алды. Менің баламның тегі әкесіне жазылса да, оны кісі құрлы көрген жан болған жоқ. Сөйтіп, мен далада қалдым.

Сөйтіп, баламды құшақтап ауылда тұратын әпкемді жағаламақ болдым. Қанша айтқанмен туғаным емес пе, әпкем баламды өзі алып қалып мені оқуға жіберуге келісті. Жездем онша ұнатыңқырамаса да, солай істейтін болдық. Сол жылы күзде оқуымды жалғастырдым. Бірақ көңілім балаға алаңдаулы болып, дұрыс оқи алмадым. Сөйтіп, мейрамханаға даяшы болып әрі еденін жуып, сырттай оқуға ауысып кеттім. Есесіне арасында балама киім-кешек, оны-мұны жіберіп тұратындай мүмкіндігім болды. Өкініштісі, мен сол кезде қайындарым қолыма ешбір құжат бермегендіктен, батылым жетіп балама әкесінің қайтыс болғанына байланысты зейнетақы рәсімдей алмадым. Сол кезде менің бар ойым оқуымды бітіруден гөрі баламды өз қолыма алу болатын. Бірақ ол үшін үйім болуы керек. Ал маған үй қайдан келсін? Сондықтан баспаналы болудың жалғыз жолы үйі бар еркектің етегінен ұстау деп білдім. Сөйтіп жүріп, бір күні мейрамханада жүргізуші болып істейтін Саят деген жігітпен таныстым. Кейде мейрамхананың басшылары мені онда-мұнда жұмсайтын еді, сондай кезде Саят екеуміз жолда әңгіме-дү құратынбыз. Саят өзінің осы уақытқа дейін үйленбей жүргенін, жүрегі ешкімді қаламағанын, бірнеше көлігі, Қарағандыда пәтері, ауылда үйі барын айтып тамсандыратын еді. Бірте-бірте Саятқа қызыға бастадым. Маған Алматыда тұру шарт емес қой, үйім болса болды емес пе. Саят екеуміз жақын болып бара жаттық. Ол менің балама әке болуға дайын екендігін білдірді. Сөйтіп, бір күні ол мені үйіне апарып келін қып түсіретін болды. «Ең алдымен туған босағамды көрсетейін. Сосын осында қайтып келіп жұмыстарымызды реттеп, бәлкім, Қарағандыда тұрармыз. Бәлкім, ол пәтер мен ауылдағы үйді сатып, Алматыда тұрақтармыз. Өзің не қаласаң, сол болады ғой», - деді ол. Бір күні оның ауылына тартып кеттік. Барсақ, Саяттың үйі өте жұпыны тұрады екен. Әкесі ащы суды ұнататын, мінезі шәлкестеу адам көрінеді. Үйде әке-шешесіне қарайласып отырып қалған қарындасы бар. Алғашқы күні олар бізді көріп қуана қарсы алғанымен, екінші күннен бастап проблема басталып кетті. «Көміріміз жоқ, шөпке трактор керек, ақша әкелдің бе?» деген әңгімелер басталып кетті. Оның үстіне, қарындасы алған біраз несиесін жаба алмай отырған жайы бар. Қойшы, әйтеуір, ырың-жырық әңгіме басталып кетті. Бастапқыда мен ауылға пойызбен келетінімізге таңғалып, «Машинам бар деп едің ғой», - дегенімде, Саят машинасын ауылдағы інісі мініп кеткенін, қайтарда сонымен қайтанытымызды ескерткен еді. Бірақ әкесі: «Көрші ауылдағы ағамның тойына да бара алмадым көліктің реті болмаған соң», - деп отырды. «Інісінің көлігі қайда сонда?» деп ойлап қоямын. Мәселенің мәнісі кейін белгілі болды. Саятта үй де, пәтер де, түк те жоқ болып шықты. Тек әке-шешесінің жанында қалып, осы үйде тұруға болады, әрине. Машинам бар дегені де өтірік екен. Саяттың өмірінің өтіріктен құралғанын білгенімде, төбемнен жай түскендей болды. Қатты ренжідім. Оның өзі сезбестен: «Ойнап айта салғам...» - деп ыржыңдайды.

Алматыға келіп жұмысымызды жалғастырып жаттық. Пәтер жалдап тұрамыз. Бірде баламды әкеліп әпкем келіп кетпекші болды. Қалада екі күн болып, қайтты олар. Осы кезде күйеуім балама жібі түзу киім әпере алмады. Тіпті ондай нәрсе миына кіріп-шықпайды-ау деймін. Бұрынғы өтірігіне әлі де ішім жылымай жүрген. Содан қатты ыза болып, оған ескертпестен жұмысқа арыз беріп, шықтым да кеттім. Үйден де киім-кешек заттарымды алып, тайып тұрдым.

Не істесем екен деп басым қатып жүргенде саудамен айналысатын бір курстасым есіме түсіп кетті. Соны іздеп таптым. Ол мені сатушылыққа қабылдайтын болды. Аздап-аздап сауда-саттық жасай жүріп тауарды көтерме бағамен қайдан алуға болатынын үйреніп алдым. Сөйтіп, бір тиыннан екі тиын құрап, ісім алға басты. Жылдам арада шотыма тәп-тәуір қаражат жиып үлгердім. Оқуым да бітуге таяп қалған. Тыным таппай жұмыс істеп, диплом алуға дайындалдым. Арманым – ел жаққа жылжып, сол жақтан өз қалтама лайық баспана алу. Осындай ой құшағында жүргенде базардағы жүк тасушы Ернұр алдымнан шыға келді. «Балқия, қарызға 5 мың теңге бере тұршы», - деді ол. Өңі сынық екен. Не болғанын сұрап едім, әйелімен тұра алмай жүргенін, баласы келіп ақша сұрағандықтан, соған ақша беретінін айтты. Артынан сұрастырсам, Ернұрды әйелі ақша аз апарған күндері үйден қуып шығады екен. Ондай жайттар жалғаса бергендіктен, Ернұр да үйінен безіп кетіпті. Барар жері болмаған соң базар маңындағы жалдамалы барактарда жүрген көрінеді. «Қой, жүр, ең болмаса, біздікіне барып шай іш жақсылап», - деп, Ернұрды үйге алып келдім. Ол жақсылап шомылып, терлеп тұрып шай ішті. Теледидар көріп жатып мызғып кетіпті, оятпадым. Сол күйінше менің үйімде қонып қалды. Таңертеңгі шай үстінде Ернұрға оқуымды бітірген соң еліме жылжитын ойымды айттым. Осылайша, ара-тұра ол менің үйіме жиі бас сұғатын болды. Бір күні Ернұр маған сөз салды. «Өзіңмен қайда болса да кетуге әзірмін. Маған дұрыс отбасы керек. Осылай жүремін бе қаңғырып?» деп мұңайған оның жүзіне бажайлап енді ғана қараппын ғой. Ернұр өзі былай қарасаң, көрікті, алып денелі жігіт екен-ау деп ойладым ішімнен. Сөйтіп араласып, кездесіп жүріп менің дипломым да тиді қолға. Жиынып-терініп екеуміз қол ұстасып елге келдік. Ауылға жақын орналасқан шағын қаладан бірден пәтер жалдап, жұмыс қарастырдық. Маған мектептен орын, оған күзетшілік жұмыс табыла кетті. Бірақ Ернұрдың құжаттары әйелінің қолында қалып қойғандықтан, біраз қиындықтар туындады. Жұмыс реттелген соң ауылға барып апама рахметімді жаудырып, жағалы киім кигізіп, баламды алып қайттық. Баланы мектепке беріп, тап-тамаша жұбайлық өмір кешіп жаттық. Бір күні Ернұр: «Мына күзетшіліктің ақшасы да аз. Дұрыс жұмысқа тұруым керек қой. Алматы жаққа барып, құжаттарымды реттеп қайтайын», - деді. Мен құптадым. Балам жанымда, алаңдайтын не бар? Ернұр құжаттарын реттеп келсе, мүмкін кейін оқып та алар деп, жоспарларым тым жақсы. Құжаты жоқ болғандықтан, автобусқа отырғызып жібердім. Сол кеткеннен ол мол кетті. Оралмады. Неге екенін кім білсін? Қоңырау да соққан жоқ. Бұл кезде мен жүкті едім. Ернұрды әне келеді, міне келеді деп күте-күте шаршадым. Баламыз туды, тәй-тәй басты, сүндетке отырды, мектепке барды, ал Ернұр келмеді. Тіпті хат та жазбады.

Үш рет күйеуге тиді деген ат жақсы емес қой. Енді күйеуі құрысын деп бекіндім. Бірақ тағдыр жазса болмайды екен. Мектепте мұғалім болып істейтін Сәбит деген жігіттің әйелі қайтыс болған, жалғыз қызын тәрбиелеймін деп қиналады да жүреді. Бір күні менен қызына базарға барып мерекеге көйлек таңдап беруді өтінді. Кейін жұмыстан қолы босамай жатқанда қызын менің үйіме әкеп тастайтын болды. Бара-бара қызы маған бауыр басып, үйіне қайтқысы келмейтінді шығарды. Анасы жоқ қызды өзім де қимайтын болдым. Ол өсіп келеді, ана керек қой. Ақыл-кеңес беретін адамы жоқ. Бұлай екі ортада сенделгенше екі жарты, бір бүтін болайық деп шештік Сәбит екеуміз. Өкінішке орай, Сәбит өте қызғаншақ адам екен. Менің мектептегі денешынықтыру пәні мұғалімдерінен, бұрынғы күйеулерімнен қызғанып, әрнені сылтауратып, тепкінің астына алатын болды. Тіпті аздап қызыңқыраған кездері: «Мыналардың әкесі қаңғырып қай төбеде қалды екен?» деп қалды. Сол күні полиция шақырып, Сәбитті қуып шықтым. Бір мектепте жұмыс істесек те, қайтып сөйлеспейтін болдық.

Бесінші күйеуге тимесем де болатын еді. Бірақ балаларымды мектепте «толық емес отбасы», «әкесіз жетім» деп тізімге жазатыны маған да, оларға да қиын тиіп, намыстанып жүрдім. Олардың да көздері жаутаңдап, әкесі бар балалардың алдында төменшіктеп қалатындай. Түрлі-түрлі мінез-құлықтан жалыққанмын ба, мен осы жолы айды аспанға шығарып, мешіттің имамына тұрмысқа шықтым. Дін жолындағы адам шектен шықпас деп ойлаймын. Ол бұрын үйленбеген адам. Әйтсе де, аузым күйіп қалғандықтан одан бала көтермей жүрмін. Қазіргі тұрмысымыз жаман емес. Ес жиып, етек жапқан соң үлкен ұлыма әкесінің өлгені туралы анықтама алғызып, жәрдемақы рәсімдеп алғанмын. Үйім бар, жұмысым бар. Күйеуім балаларыма дұрыс қарайды. «Әйел қырық шырақты» дейді ғой қазақ. Сол шырақтың бірі жанған болар деп тәуба етемін.

Гүлнәзира Салықова, Ақмола облысы

alashainasy.kz

Жұбайымның жан досына есім кетті
Әйелімді де жақсы көремін
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу