Белгілі айтыскер Бауыржан Байбекті жер көкке сиғызбай мақтады
Белгілі отандық айтыскер ақын Балғынбек Имашев "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің қазақ өнерінің маңызды бөлшегі саналатын айтыс саласына қосқан үлесі зор екендігін жеткізді, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі. Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында жазды.
Ақынның сөзінше, Бауыржан Байбек "Нұр Отан" партиясына келгелі дәстүрлі өнерге деген құрмет молайған.
- Кеше "Бізбіргеміз" акциясына қатысқан бір топ азамат Елбасының "Алғыс хатын" Бауыржан Байбек мырзаның қолынан алдық. Өтпелі кезең, өліара шақта Партия басшылығына Баукеңнің екінші мәрте келуін мен үлкен жауапкершілік, ауыр жүк, көзсіз ерлікке балаймын. Көшкен керуенге үрген иттің әсер етпесін білмесе, елдің ертеңін емес өз абыройын ойласа ерікті түрде бұл қызметке белсенбес еді. Бәйбек мырза келгелі "Нұр-Отан" Айтыс, Көкпар, Бәйге, Аударыспақ, Отбасы, Дәстүрлі өнер сияқты ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға күш салып, қолдап келеді, - деді айтыскер.
Дәстүрлі өнердің ішінде әсіресе айтыс саласына қосқан үлесі мол екендігін ашып айтты.
- Негізі, айтыс ақындары халық пен биліктің арасын жалғаушы алтын көпірдің рөлін атқаратын. Билікке де жау емес, халықпен де етене. Осыны жас та болса ерте түсінген Бауыржан Қыдырғалиұлы ең алғаш "Нұр Отанға" басшы боп келгенде бірден айтысқа бұрылды. Айтыс эфирде көрінбей кеткенімен араға жылдар салып, Бас партияның қолдауымен "Кіл жүйрікте кім жүйрік?", "Мәңгілік ел - мұратым" деген атпен дүркіреген аламандар өтті. Саясатта жас сері болса да, Алматының Бас мэрі болса да Баукең айтыстын шын жанашыры, хас жанкүйері, - деді Балғынбек Имашев.