Қайрат Нұртастың әйелі "Жезөкшені" қатты сынға алды
Отандық танымал әнші Қайрат Нұртастың жары халық арасында қызу талқыланып жатқан "Жезөкше" атты бейнероликке қатысты бар ойын айтты. Жұлдыз Әбдікәрімова атышулы видеоны таспалағандарға деген наразылығын білдіріп, олардың жіберген басты қателігін бетіне басты, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Хитменнің әйелі қоғамды қысқа киген қыз арқылы тәрбиелеу дұрыс емес деп есептейді. Ол видеоны жасап шығарғандардың мәселені тек бір жақты қарастырғанына шүйліккен. Әбдікәрімова даулы видеодан кейін бойжеткендердің тағдыры үшін алаңдайтынын жасырмады.
"Бұл тақырыпқа қатысты ойымды "жазайын ба", "жоқ па" деп көп ойландым. Қыз тәрбиелеп отырған соң, үнсіз қалғым келмеді. Соңғы уақытта қазақ қызы "тәрбиеленем" деп таяқ жеп жатқандай көрінеді маған. Маркерге бір теңелдік, енді. Әлжеліде қызу талқыға түскен роликті (“Жөзекше”) көріп, жазбаларды оқып шықтым. Адамды киген киіміне қарап таниды деген ұстанымды жеткізіпті. Анау полицей, анау медбике, ал сен қысқа белдемше (юбка) кигендіктен - жөзекшесің дейді. Алайда есті қыз етегін он рет қымтап ұстаса да, бұл қоғамда есірген еркек әлімжеттік жасап, сонда да арам ойын жүзеге асыратынын неге есепке алмаған?! Ондай еркекті кім дейміз?! Қоғамды қыз арқылы ғана тәрбиелейміз деген қате түсінік. Қоғам жалғыз қыздан ғана құралмайды. Оның екінші бөлшегі - еркек. Қысқа кидің екен деп бөтен еркектер осы роликті көріп алып, қыздарға дәл осылай бас салса, кім жауап береді?! Қате түсінік қалыптастырған, тәрбиелейміз деп таяқ жегізген “идеологтар” қорғай ала ма" , - деп жазды Жұлдыз Әбдікәрімова Instagram парақшасында.
Сонымен қатар, өнер иесінің келіншегі бұл жазбасы арқылы қысқа киюді насихаттамайтынын жеткізді. Ол әркімнің өз ойы мен ұстанымы бар екенін ескеру керек деп есептейді.