Қайрат Нұртас 114 миллион теңгеге концерт өткізбек
Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Қайрат Нұртас өнер саласына жаңашылдық енгізуден көш бастап тұр. Бұған дейін елімізде алғаш болып, 3D кешін өткізген өнер иесі енді голографиялық эффектісі бар тұңғыш концерт бермек. Тыңдармандарын әрдайым таңдандырудан шаршамайтын шоу-бизнес жұлдызының су жаңа форматтағы ән кеші сегізінші наурыз күні болады деп жазады KAZ.NUR.KZ порталына сілтеме берген Oinet.kz.
Халықаралық әйелдер күнінде ел назарына ұсынылатын голографиялық концерттік бағдарлама Қазақстанда алғаш рет өткізілмек. Гүлзира Айдарбекова бұрын-соңды отандық шоу-бизнес тарихында болмаған жаңа форматтағы ән кешін ұйымдастыру қыруар қаржыны талап ететінін жасырмады.
- "Өткенде екі қалаға голограмамен берілетін концертке қанша қаржы жұмсалатынын есептеп көргенбіз. Ол жерде әрбір кішкентай заттың өзі үлкен рөл атқарады. Ең алдымен, жарық пен дыбыс өте мықты болу керек. Барлығын бөліп-бөліп, есептегенде екі қалаға 114 млн теңгеге шығып кетті. Бишілердің өзі болмағанда 6-7 миллионға билейді. Кеш режиссері 12 млн теңге алады. Ғимаратты жалға алуы бар, билеті бар, көшедегі афишалары бар, үлкен Led-экрандар бар. Қайраттың және бишілердің киімдері де арзан тұрмайды" , - деп ағынан жарылды әншінің продюсері.
Айдарбекованың сөзінше, олар елордада концерт өтетін жерді ұзақ іздеп қалғандықтан, концерттің жарнамасы өте кеш жіберілген. Хитменнің анасы аз ғана уақытта билеттер сатылып, жұмсалған қаржы ақталса деп үміттенуде. Ол жұлдызды ұлының адал жанкүйерлеріне сенім артып отыр.