Қазақ әлсіресе, алауыздықтан әлсіреген

Oinet.kz 21-06-2019 1101

Screenshot_3.jpg

Қоғамда бейбіт, тыныш өмір мен тәртіп сақтауға шақыратын дін - Ислам. Қасиетті Құран Кәрімде: «Уа, иман келтіргендер! Аллаһқа және Оның Елшісіне бас иіп бағыныңдар! Сондай – ақ бір - бірлеріңмен жанжалдаспаңдар! (Олай істер болсаңдар) үрейге түсіп, күш - қуаттарың азаяды. Сонымен қатар сабыр етіңдер! (Өйткені) Аллаһ сабырлы жандармен бірге болады», - деген. Түрлі түсініктер мен діни ағымдардың болуы табиғи құбылыс. Ол үшін Пайғамбарымыз (с.а.с) дүние салысымен - ақ түрлі ағымдардың пайда болғанын еске түсірсек жеткілікті. Тек бұл мәселені шешудің сауатты жолдарын табуымыз ләзім. Бұл орайда қасиетті Құраннан және пайғам­бары­мыз Мұхаммедтің  (с.а.с) өмірінен көптеген мы­сал­дар келтіруге болады. Мәселен, Құранда Алла Тағала: «Біз сендерді үнемі орта жолды ұстанатын қауым еттік», - дейді. Ал, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) «Ақиқатында дін - жеңілдік. Ендеше, дінге қатысты қарысып қалмаңыз, онда оған деген сеніміңіз азаяды. Адамдарды дұрыс бағытқа бастаңыз, оларды жақындастырыңыз және соған қуанатын болыңыз», - деп бауырмалдыққа, бірлікке шақыруды үндеп, ел тыныштығын әр мұсылманға аманат еткен. «Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады».  Бұл - тарихи заңдылық.

Қандай мемлекет болсын, оны  еш уақытта сырттан жау алмайды. Қазақ әлсіресе, алауыздықтан әлсіреген. Қуатты, іргелі ел болса, бірліктің арқасында мойындыны идіріп, тізеліні бүктірді. Ең алдымен ел арасында бірлік, ынтымақ, сабыр мен парасат, байсалдылық керек. Отбасының берекесі шаңырағының тыныштығымен және отбасындағы татулықпен келген. Мем­лекет те сол сияқты. Ендеше, жастың да, жасамыстың да дінге қатысты байсалды да өміршең ұстанымда болуынакөп болып ықпал еткеніміз абзал. Қазақ халқында бірлік пен береке жайлы, «Іргесі берік елді жау алмас, аузы бір елді дау алмас», «Бірлігі бекем елдің берекесі мол болмақ», «Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді», «Саусақ бірікпей ине ілікпейді», «Бірлік қайда болса ынтымақ сонда», «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп», «Екі құзғын таласса бір қарғаға жем болар», - деген көптеген даналық сөздер мен мақал-мәтелдері бар. Мұсылмандар ешқашан бауырмалдық сезімдерін жоғалтпай, бөлінушілікке жол бермеулері қажет. Пайғамбарымыз (с.а.с) хадисінде: «Сендерге бірлік пен ынтымақта болуды, бөлінуден сақтануды насихат етемін. Өйткені шайтан жалғыз кісімен бірге, ал екі кісіден аулақ болады. Жаннаттың дәл ортасында болуды қалаған жан мұсылмандардан айырылмасын», - деген. «Жамағат дегеніміз - мейірімділік, ал бөлінушілік - азап», - деген. Қазіргі заманда адам баласы дүние-мүлік жию жарысына түсумен әлек. Бар мақсаты өзгелерден оқ бойы озық жүру немесе ешкімнен кем қалмау. Бір жағынан бұл дұрыс та шығар. Дегенмен өкініштісі бауырмалдық, туыстық, жанашырлық сезімдері мен өзгелерге қол ұшын беру, қайырымдылық жасау сынды ұғымдар дүниеге шектен тыс талпыныстың салдарынан күн санап әлсіреп барады.

Алла Тағала адамзат баласын «Бөлінбеңдер», деп бауырмал болуға бұйырған. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) басшыға бағынып, бүлік шығармауды үгіттеуінде үлкен мән бар. Қазақта мағынасы терең, айтылуы ауыр «Адам басына бақтың қонғанын білмейді, ұшқанын біледі», - деген қанатты сөз бар. Бүгінгі босағамыздың беріктігі, шаңырағымыздың биік­тігі, түтініміздің түзулігі халқымыздың басына қонған бақ десек, сол бағымызды қадірлеп, қолда барды бағалай білейік, ағайын! «Тату елге тыныштық орнайды, бейбіт елде ғана береке болады», -деген атам қазақ.

Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі біздің еліміздің ең басты байлығы. Оны көздің қарашығындай сақтауға тырысуымыз керек.  

Татулығымыз бен бауырмалдығымыз, мұсылманшылығымыз бен ынтымақ-бірлігіміз әрдайым мықты, әрі берік болғай! Әмин.

Асылхан қажы Данияров,

Шардара ауданы «Шардара» орталық

мешітінің бас имамы, 

Мұрағаттан, 2015 ж

«Хизб-ут-Тахрир» ислам дінінің дұшпаны
Қарапайым күзетші 80000 жанкүйердің өмірін құтқарып қалды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу