«Хизб-ут-Тахрир» ислам дінінің дұшпаны

Oinet.kz 21-06-2019 1254

Screenshot_2.jpg

           Кеңестер Одағы ыдырап, оның құрамындағы Орталық Азия елдері мен Қазақстан егемендігін алғаннан кейін «Хизб-ут-Тахрир» өз белсенділіктерін сол аймақта да жүргізе бастағаны белгілі. Ол елдердің мемлекет басқарудағы тәжірибесінің аздығы және заңдарының осалдығы, ең бастысы, мұсылман дінінің жандануы олар үшін оңтайлы жағдай туғызды.

Бұл партияның көздеген басты мақсаты – мұсылмандар арасында идеологиялық жұмысты жан-жақты жандандыру арқылы мұсылман үмметінің, қажет десе өзге діннің жақтастарының сана-сезімдеріне төңкеріс жасау және сол арқылы саяси билікке қол жеткізу

«Хизб-ут-Тахрирдің» толық атауы – «Хизб-ут-Тахрир аль-Ислами», ал оның мағынасы «исламның азаттық партиясы» дегенді білдіреді. «Хизб-ут-Тахрир» партиясының негізін 1953 жылы Палестинада заңгер Тақиуддин Набахани (1909-1977)  қалаған. Бұл партия алғашында араб елдерінде, кейін басқа да мұсылман елдерінде, содан кейін Еуропада өзінің бөлімшелерін ашып, халықаралық ұйым деген атқа ие болды. Әрбір мұсылман мынаны ойлауы керек: «Осы «Хизб-ут-Тахрир»-дің алға қойған мақсаты мен мүддесі ислам дініне сай келе ме, жоқ па?».

Бұл өте күрделі мәселе және әрбір мұсылман баласынан жоғарыда аталған партияның жұмысына осы тұрғыдан баға беруді талап етеді. «Хизб-ут-Тахрир» партиясының үйрететін ақидасы және саяси түсіндірмелері бірінші оқыған адамға әрбір сөзі құран мен хадиске сүйенген, исламға және шариғат үкімдеріне бой ұсынуға шақыратын сияқты көрінеді. «Хизб-ут-Тахрир» мүшелері өздерінің жақтастарына немесе басқа мұсылмандарға «Хизб-ут-Тахрир» дегеніміз Ислам, ал ислам дегеніміз – «Хизб-ут-Тахрир», - деп түсіндіруге тырысады. Тіпті «Хизб-ут-Тахрир» партиясының негізін қалаған басшылары өздерінің кітаптарында ислам дінінің негізгі мәселелерін, әсіресе Құран аяттарына, пайғамбарымыздың хадистеріне өздерінің қалауынша түсінік-мағына береді.  Ислам дінінің адамгершіліктің, мәдениеттіліктің, бірлік пен ынтымақтың, ағайыншылық пен достықтың діні екеніне қарамастан, бұл дінді келіспеушілік пен қарама-қарсылық, басқа ағымдарды жоққа шығарып тастайтын дін ретінде көрсеткісі келеді. Сондықтан да «Хизб-ут-Тахрир» партиясының бұл іс-әрекеттері ислам үшін ең қауіпті болып есептеледі. Оған мысал:

1.«Хизб-ут-Тахрир» партиясының көзқарасы бойынша Ислам дінінде басшыларды сайлау деген болмау керек, яғни демократияға қарсы.

2.«Хизб-ут-Тахрир» партиясының көзқарасы бойынша ислам ешқандай бостандықты, әсіресе жеке бастың бостандығын мойындамайды.

3.«Хиз-ут-Тахрир» партиясының түсінігі бойынша Ислам басқа діндегі адамдар мен өзгерістерді, әр түрлі мәдени іс-әрекеттерді жоққа шығарады, мұсылман адам басқа адамдардың түсінігімен ешқандай байланысы болмау керек екендігін айтады.

Бірақ, біз Ислам дінінен, ислам тарихынан білеміз, Ислам діні әрқашанда тыныштықты, достықты, басқа діндегілермен жақсы қарым-қатынаста болуды, ұлтаралық қатынастарда татулықты ту етуді бұйырған. Ал, бұларды біз қайда қоямыз?

«Хизб-ут-Тахрирдің» құрылымы барынша жұмылдырылған. Төменгі құрылым – халка, немесе дағира (үйірме) деп аталады. Оған бес-жеті адам кіреді. Үйірмеге қатысушы (дарис) өзінің жетекшісімен (мушриф) және үйірменің басқа мүшелерімен қарым-қатынас жасайды. Мұндай ол әдебиеттерді және партияның баспа сөздерін да оқып, дайындықтан өтеді. Содан кейін  «Хизб-ут-Тахрир» партиясының мүшелігіне қабылданады, «ағарту» жоралғысы Құрандағы антты өзіне қосып алады. Анттың мәтіні: «Алланың атымен исламның адал және шынайы қорғаушысы болуға, осы «Хизб-ут-Тахрир» партиясының идеялары мен міндеттерін орындауға ант етемін. Және мен осы партияда болған кезде оның мақсаттарының орындалуы үшін барлық күшімді саламын. Және өз сөзіме Ұлы Алланы куәлік етемін» деген сөздерден тұрады.

 «Хизб-ут-Тахрир» партиясының ісіне адал болуға ант беруші сонымен бірге «ашық жихад» (яғни «кәпірлерге» қарсы әскери қимыл) жарияланған сәттен бастап оған қатысуға уәде береді. Бұл «Хиз-ут-Тахрирді» діни-саяси экстремистік ұйым ретінде тануға негіздеме береді.

Ұйым мүшелерінің әрекеті Халифат құруға шақыратын үнпарақтарды таратудан тұрады. Сонымен қатар кәпірлерге қарсы жихадқа шығуға үндейді. «Хизб-ут-Тахрир» «Таблиғ Жамағаттан» кейін исламдық фундаментализмді ендірудің екінші легі болып есептеледі. Бұлардың біріншісі  барлаушылар немесе тыңшылар кейпінде әрекет етіп, терең «бейбітшілігімен», исламды уағыздаумен ерекшеленсе, «Хизб-ут-Тахрир» күш көрсетушілік және антиконституциялық тәсілдерді қолданды. Астана қалалық сотының 2005 жылғы 28 наурыздағы қаулысымен «Хизб-ут-Тахрир» халықаралық ұйымы экстремистік деп танылды және оның республика аумағындағы әрекетіне тыйым салынды.

«Хизб-ут-Тахрир» әрекеті таза саяси сипатқа ие болды, діни тұрғыдан ол тек үгіт-насихат жүргізумен шектелді. Өткен онжылдықтың соңында партия мешіттер мен адамдар жаппай топтасқан орындарда көптеген рұқсат етілмеген митингтер өткізді. Партия көршілес елдердің ішінде либералдылығымен ерекшеленген Қазақстан аумағында өз әрекетін заңдастыруға күш салмады. Қазақстан Орталық Азия республикаларының ішінде соңғы болып «Хизб-ут-Тахрир» партиясының жұмысына тыйым салды.

«Хизб-ут-Тахрир» партиясы өзіндік рөлі бар екендігін көрсету мақсатында, саяси пияр жасап жатқандығы белгілі. Дегенмен, партия әлі өз мақсатына толық жете қойған жоқ. Біздіңше, мұның өзіндік мынадай себептері бар: біріншіден, ислам дінінің басты қайнар көздерінде, әсіресе, белгілі хадисте, халифат институтының сұлтанат пен патшалық сипат алатындығы баяндалса да, оның тарихи дәлелдемелері болса да, партия әлі күнге дейін утопиялы түрде іс-әрекеттер жүргізіп келеді. Демек, осы партияның қызметі шариғат негіздеріне қарама қайшы келеді; екіншіден, жалпы мұсылман үмбетінің арасында партияны жақтайтындар саны анағұрлым аз (шамамен әлем бойынша тек 1 пайызды ғана құрайды). Демек, мұсылман үмбетінің басым көпшілігі партияны қолдамайды; үшіншіден, осы партия өзінің әлеуетіне қарамайды. Сондықтан партия шариғат негіздерінен ауытқып, шариғаттың қағидаларына қайшы келетін әдістер мен тәсілдерді жүзеге асырып келеді. Бұл дегеніміз, аталмыш партияның шарғи емес, яғни нақылда емес, ақылда емес қағидатсыз жеке пікірлерге көп орын бергендігін білдіреді.

Сонымен, жоғарыда аталған деректер мен тұжырымдарға сүйене келе, «Хизб-ут-Тахрир» партиясын Исламды бет перде еткен, халифатты аңсаушы, саяси кері тартпа партия деуге толық негіз бар.

Сол үшін біздің қоғамымыздың барлық мүмкіндігін пайдаланып,  баспасөз беттерінде, телеарнада бүл туралы үгіт-насихаттарды үнемі беріп тұру керек. Бұл жас ұрпағымызды осындай керітартпа ұйымдардың үгітінен арашалап, теріс жолға түсіп кетуден сақтайды.

Н.Өсербекұлы,

2015 ж

«Тозақ отынан құтылған топпыз» дегендер кімдер?
Қазақ әлсіресе, алауыздықтан әлсіреген
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу