Экстремизмге қарсы күрестің тиімділігі неде?
Көптеген елдерде діни экстремизм өте күрделі әлеуметтік-құқықтық, саяси және этно-психологиялық мәселе болып отыр. Көпұлтты және көпконфессиялы Қазақстан үшін де бұл алаңдатарлық жағдай екені түсінікті. «Тыныштық мекені» атанып отырған қазақ жеріндегі діни ахуал қандай және әлем үркіп отырған экстремизм, терроризммен біз қалай күресіп жатырмыз? Бұл сұрақтың жауабын анықтамас бұрын исламды қоғамға құбыжық етіп көрсету кімге және не үшін қажет деген сауалдың басын ашып алайық.
Экстремизм термині сөзбе-сөз «шектен тыс көзқарастар мен әрекеттерді ұстану, қоғамдағы тәртіп пен нормаларды жоққа шығару ретінде сипатталады. Ғалымдар мен сарапшылардың зерттеуінше мұсылмандар арасында алауыздық туғызып, терроризмді дамыту ең алдымен батыс елдеріне қажет екен. Оның өзіндік бірнеше себептері бар. Бірінші фактор адам саны. Жалпы жер шарында он бес жылда мұсылмандар саны 2 миллиардтан асып, әлем халқының төрттен бірін құрайды деген болжам бар. Ислам Конференциясы Ұйымы бүгінде 1,5 миллиард тұрғылықты халқы бар 57 мемлекетті қамтиды және жер бетіндегі барлық құрлықтарды, ең алдымен Азия, Африка, Еуропа және Оңтүстік Американы қамтиды. Жаһанда барлық халықтардың бестен бір бөлегі исламды ұстанады және де ерекше атап өту қажет басқа дін өкілдеріне қарағанда исламда жыл сайынғы адам өсімі жоғары (мұсылмандар арасындағы жыл сайынғы адам өсімі 25 миллион адамды құрайды). Бұл дегеніміз мұсылман халықтарының жыл сайын 2,1 пайызға өсіп отырғандығын білдіреді, яғни жер бетіндегі жалпы халық өсімінің 0,4 пайызын құрайды деген сөз. Екінші себеп Ислам Конференциясы Ұйымына мүше мемлекеттер аумақтарында табиғи ресурстардың аса мол қоры бар. Нақты мәліметтер бойынша, оның көлемі әлемдегі қордың 65 пайызын құрайды. Сондай-ақ ұйымға қатысушы елдер әлемде өндірілетін шикізаттың 45 пайызын өндіреді. Басқа байлықтарды айтпағанның өзінде Ислам елдерінде әлемдік мұнай қорының 70 пайызы, газ қорының 50 пайызы шоғырланған. Үшінші фактор қаржы жүйесі. Алпауыт елдердің қаржы жүйесіне кереғар жүйедегі Ислам банктік жүйесі де, қаржы айналымы да қарқынды даму үстінде. Қазіргі күні Таяу Шығыстың банктік астанасына айналған Бахрейнде 400-ден аса қаржы институттары болса, оның ішіне 1,3 триллион доллар активі бар 150 банк кіреді. Бұл батыстық қаржы жүйесіне тікелей қауіп төндіру екенін айтпаса да түсінікті. Сондықтан да батыстық жүйеге Ислам әлемін әлсірету - олар үшін басты мақсат болып отыр. Олар мұсылмандарды бір-біріне айдап салып, дінді, қоғамды іштей шіріту үшін көптеген деструктивті ағымдарды дүниеге әкелді. Ислам атын жамылып, астарында жат пиғылы жасырынған жат ағымдардың барлығы да батыс елдерінің жемісі.
Қазақстандағы қазіргі діни ахуал бірқалыпты дегенімізбен әр өңірде экстремизм, терроризм оқиғалары қылаң беруде. Соңғы жылдары елімізде бой көрсеткен Сирияға аттану, жиһад, халал жезөкшеліктің пайда болуы осының айғағы. Сол себепті ұлтаралық және дінаралық татулықты сақтау – мемлекеттің ең басты міндетіне айналып отыр. Қазақстан терроризммен, лаңкестік ұйымдармен белсенді түрде күресіп, жыл сайын оған қазынадан қыруар қаражат бөліп келеді. Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013 – 2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама да бекітілді. Бағдарламаның негізгі мақсаты діни экстремизм көріністерінің алдын алу және терроризм қатерлеріне жол бермеу арқылы адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Осы тұста елдегі діни экстремизмге қарсы күресте басты және негізгі жұмыстарды жүргізіп жатқан Дін істері комитеті туралы айтпасқа болмайды. Негізінен Дін істері комитеті конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету, азаматтардың діни сенім еркіндігі құқығын және діни бірлестіктермен өзара байланыс салаларын, сондай-ақ, аталмыш бағыттағы салааралық үйлестіруде мемлекеттік стратегияны жүзеге асырушы орталық атқарушы орган болып табылады. Сонымен қатар, еліміз «терроризм және діни экстремизм» атты осы заманға тән әлеуметтік қатерге айналған дертті болдырмау шаралары жас өскелең ұрпақтан басталуда. Атап айтсак, 2012 жылдың тамыз айында қабылданған орта білім берудің жаңа стандартына сәйкес қазіргі уақытта жаңа оқу жоспары әзірленген. Осы жоспар бойынша оқушыларды терроризм мен экстремизмге қарсы тұруға «Алғашқы әскери дайындық», «Өзін-өзі тану», «Дінтану негіздері» факультативтік сабақтарда және «Адам. Қоғам. Құқық» деп аталатын жаңа пәндерде үйретуде.
Әрине елдегі бейбітшілікті сақтау, қой терісін жамылған қасқырлармен алысу оңай емес. Бүкіл әлем алаңдап отырған экстремизмге қарсы күрестің тиімділігін одан әрі арттырудың өзге де жолдары бар ма?
Бақдәулет Әбдірахманов, Шымкент қалалық Абдулхамит Қаттани атындағы мешітінің бас имамы:
«Сауат болса жау алмайды»
-Қазіргі таңда діни экстремизм өзекті мәселеге айналды. Мемлекет онымен тиісінше күресіп келеді. Жыл сайын қаражат бөліп, бағдарламалар енгізуде. Терроризм, лаңкестік, кереғар ағымдардың жұмысының алдын алудың тағы бір жолы имамдарға қолдаудың көбірек көрсетілуі. Яғни радикалды топтармен күрес жүргізуде имамдардың қосып отырған үлесі мол. Менің ойымша мешіт қызметкерлеріне мемлекет тарапынан моральдық, материалдық қолдауды көбірек көрсету қажет. Себебі имамдар қоғаммен тығыз байланыста болып, түрлі мекемелерді, мектептерді аралап, уағыз айтып, насихат жұмыстарын жүргізуі қажет. Ал біздің уағыздарымыз тек құдайы тамақ секілді жиындардан ары аса алмай жатады. Үгіт жұмыстарын күшейтіп, халықпен тығыз байланыс орнатуды қолға алайын десек тағы да материалдық жағдайға келіп тірелеміз. Әрине назардан мүлдем тыс қалып жатырмыз деп айта алмаймын, мешіт қызметкерлеріне көмек қолын созып тұратын жомарт азаматтар да кездеседі. Дегенмен жіті көңілдің бөлінбейтіні рас. Егер осы айтылған мәселелер шешілсе, имамдар өсіп келе жатқан жас ұрпаққа насихатты көбірек жүргізер еді. Халықтың діни сауаты артса бізді ешқандай жау алмайды. Өзінің дәстүрлі дінін білген адам ешқандай бөтен сектаға кетпейді, керісінше айналасындағыларға білгенін айтып, өзге біреудің теріс жолға түсуіне де жол бермейді.
Асхат Мейірманов, Нұр-Мүбәрак университетінің түлегі, жеке кәсіпкер:
«Билік және халық болып күрессек...»
-Діни экстремизмге қарсы күрестің тиімділігін әлбетте арттыруға болады. Ол үшін ең алдымен бұқараның ислам діні жөнінен сауатын арттыру қажет. Қазақстанда өздеріңіз білетіндей жат ағымдар көптеп еніп алған. Теріс пиғылдылар кейінгі буындарды яғни жастарды арбап, ақылдарын улауда. Еліктегіш жастар секташылардың жалған уағыздарына еріп, дәстүрлі дінімізден ажырап жатқан жайы бар. Мұны тоқтатудың бірден бір жолы мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында шынайы ислам діні жайында және кереғар ағымдар жайлы шындықты айтып, олардың көздерін ашу. Бір айта кетерлігі мектептерде дінтану пәнінен оқушыларға тарих пәнінің мұғалімдері сабақ береді. Қазақта «шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген нақыл сөз бар. Ол мұғалім тарихты жақсы білгенімен теология саласынан хабары жоқ. Арнайы білімі жоқ ұстаз шәкіртке не үйрете алады? Сондықтан мектептерде дінтану пәнінен дінтанушы мамандар дәріс берсе деген ұсынысым бар. Тағы бір айта кетерлігі отандық телеарналар тым болмаса әр жұма сайын теолог мамандармен, имамдармен сұхбат, уағыздар жүргізіп тұрса деймін. Әйтпесе бір ғана «Асыл арна» қай жыртығымызды жамай берсін. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші экстремизммен билік және халық болып күреспесек елдегі діни ахуал ушығып кетуі ықтимал.
Ермек Көкірекбаев, теолог:
«Дүмше молдалардан арылу керек»
-Көптеген елдерде, оның ішінде Қырғызстан секілді көрші елдерде діни ахуал тым ушығып тұр. БАҚ құралдарынан көрсетіп жатқандай Таяу шығыста күн сайын террорлық оқиғалар, жарылыстар орын алуда. Қазақстанда діни мәселе тұрақты деуге болады. Алайда адамзаттың басты жауына айналып отырған экстремизммен күрес жүргізудің тиімділігін арттырмасақ Алла сақтасын Сирияның басына түскен күн бізге де келмесіне кім кепіл?! Қазіргі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының, имам, ұстаздардың басты мақсаты ата-бабадан қалған дінімізді саф, таза күйінде жастарға, болашақ ұрпаққа жеткізу. Бас мүфти Ержан Малғажыұлының бастамасымен бүгінде еліміздегі барлық мешіттер төрт бағыт бойынша қызмет етуде. Соның бірі жат ағымдармен күрес. Мамандардың жіті қадағалауының, бақылау жұмыстарының қаталдығының нәтижесінде кешегі күні адасып, бөтен ағымның жетегінде кеткен мыңдаған адамдардың көздері ашылып, дәстүрлі дінімізге қайта оралып жатыр. Діни қызметкерлердің арқасында төрт, бес жамағатқа бөлінген халық бір ымыраға келуде. Дей тұрғанмен шешілмей жатқан проблемалар да жоқ емес. Мәселен республикадағы кейбір аймақтарда кадр мәселесі нашар. Кей мешіттерді сауатсыз, дүмше молдалар жайлаған. Уахабизм, тәкфіршілердің құтыруы, Сирияға кетіп қалған бауырларымыз міне, кадр мәселесі шешілмеген, терроризммен күрес әлсіз жүргізіліп жатқан осындай өлкелерден шығып жатыр. Мұның барлығы мешіт қызметкерлеріне үкімет тарапынан тиісті көңілдің бөлінбеуінен орын алуда. Егер де имам, ұстаздарға өзге мамандық иелері секілді жалақы тұрақты төленіп, әл-ауқатын арттырса бұл қиындықтың да күрмеуі шешілер.
Мұрағаттан, 2015 ж