Қазақстанда діни экстремизммен күреске қанша қаржы қаралған?

Oinet.kz 19-05-2019 1062

 Screenshot_16.jpg

ТМД елдері президенттерінің Бурабайда өткен бас қосуында талқыланған мәлелелердің негізгісі – халықаралық терроризмге қарсы күрестің жаңа, аймақтық тұжырымдамасы болды. Сирияда шайқасып жүрген Орталық Аззия аймағы өкілдерінің өз елдеріне оралып, лаңкестік әрекеттерге бару мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Соңғы кезде Ауғанстандағы жағдай да мәз емес. Жалпы бүгінде лаңкестікке қарсы қалыптасып отырған жағдай осы саладағы аймақтық ынтымақтастықты нығайтуды, сондай-ақ, әрбір елдің терроризмге қарсы өз жоспары мен бағдарламасын қайта екшеп алуды талап етіп отыр. Қазақстан Республикасында дiни экстремизм мен терроризмге қарсы iс-қимыл жөнiндегi 2013 - 2017 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарлама – осы салаға тиісті барлық шаралардың негізі болып табылады. Бұл Бағдарлама Елбасының 2013 жылғы 24 қыркүйектегi № 648 Жарлығымен бекітілген болатын. Бағдарламаның ел тіршілігі үшін маңыздылығы ескеріліп, аталмыш құжаттың мазмұны баспасөзде жариялануға тиісті екені тайға таңба басқандай анық айтылған. Оқырмандарымызды осы маңызды құжаттың негізгі қағидаларымен таныстырып өтуді жөн санадық.

Терроризмге қарсы күрес бағдарламасына қанша қаржы қарастырылған?

Елбасы бекіткен Жарлыққа сәйкес бұл 5 жылдық Бағдарламаға, яғни дiни экстремизм мен терроризмге қарсы iс-қимылдарға - 103 миллиард 176 миллион  375 мың теңге бөлінетіні айтылған.

Экстремизм мен терроризмге қарсы күрес Бағдарламасының мақсаттары қандай?

Бағдарламаның – басты мақсаты жеке  тұлғаның, қоғамның және мемлекеттiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған экстремизм мен терроризм қатерлерiн алдын алу, жолын кесу, салдарын азайту және жою жүйесiн құру болып табылады.

Жаһандану процесі экстремизм мен терроризм қаупін күшейте түсті. Ақпарат пен идеология шекара дегенді білмейді. Бұл қатерлерге негізінен ұлтық деңгейде, яғни мемлекет аумағында тосқауыл қойылуы керек. Дiни экстремизм мен терроризм қатерi әр мемлекеттiң ұлттық мүддесi қорғалу деңгейiнiң халықаралық қауiпсiздiк ахуалына тәуелдiлiгiн жоғарылатып, жаһандық сипатқа ие болды.

Жаңа қатерлер мен сын-тегеурiндердi уақтылы айқындауға, сондай-ақ ден қоюдың барабар шараларын тұжырымдауға мүмкiндiк беретiн болжамдық-талдамалық жұмыстың тиiмдiлiгiн арттыру - Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiк жүйесi қызметінің басты бағыттарының бiрi болып табылады.

Жұмыла көтерген жүк жеңіл болады

Әрине, экстремизм мен терроризмге қарсы күрес тек арнаулы қызметтердің іс-әрекетімен шектелмейді. Бұл халықаралық індетпен бүкіл ел болып, бір жағадан бас шығарып күресу керек. Сондықтан бұл күреске азаматтық қоғам институттарын, яғни қоғамдық ұйымдарды – саяси партиялар, кәсіподақ ұйымдары, БАҚ, адам құқықтарын қорғау ұйымдарын және басқа да ұйымдарды тарта отырып күресу керек.

Бүгінгі ахуал қандай? Қандай беталыстар бой көрсетіп жатыр?

Түрлі мемлекеттік органдар мен арнаулы қызметтердің, имамдарымыз бен азаматтық институттардың өткізіп жатқан іс-қимылдары мен шараларына  қарамастан, жылдан жылға экстремистiк және террористiк қызмет барған сайын ұйымшыл бола түсуде және мұндай топтардың қатарына сыртқы күштердiң әсерiмен жаңа адамдар тартылуда. Сирияға аттанған отандастар – осы беталыстың бір көрінісі деуге болады.
         
Атап айтқанда, дiни риториканы жамылып жүрген халықаралық экстремистiк және террористiк ұйымдар қазақстандық қоғамда радикалдық көзқарас пен нанымды қалыптастыруға тырысуда.
         Әлгi ұйымдардың жекелеген адамдардың санасына мақсатты ықпал жасауы олардың отансүйгiштiк сезiмi мен ұлттық өзiндiк сана-сезiмiн, мәдени-имандылық, отбасылық құндылықтарын жоғалтуына әкеп соғады.
         Халықаралық экстремистiк және террористiк ұйымдар конституциялық құрылымның негiздерiн құлату үшiн радикалдық идеяларды себе отырып, қоғамға қарсы көңiл-күйдi ушықтырып, арандатады, Қазақстан аумағында террористiк актiлер жасау жөнiнде жоспарлар мен ниеттер ойластырады. Бұл үшiн олар жақтастар тарту мен елiмiзде өздерiнiң жеке құрылымдық буындарын құрудағы жоспарларын iске асыруға талпынысын әлi де қоймай отыр.

Арнаулы қызметтер қол қусырып отырған жоқ
         Арнаулы қызметтер де қарап отырған жоқ. Соңғы 5 жыл iшiнде Қазақстан аумағында халықаралық экстремистiк немесе террористiк ұйымдардың қызметiне қатысы бар 70 шетелдiктiң ұсталғаны осының дәлелi бола алады.

Десек те Қазақстан iс жүзiнде өз аумағында терроризм актiлерiнiң жасалуына душар болып отыр. Елдiң батысы мен оңтүстiгiндегi қайғылы оқиғалар проблеманың өткiрлiгiн көрсеттi. 2011-2012 жылдар аралығында 12 зорлық-зомбылық акциясы жасалды. Бұл ретте, аталған терроризм актiлерi негiзiнен құқық қорғау және арнаулы мемлекеттiк органдардың қызметкерлерiне қарсы бағытталған болатын. Оқиғалардан арнаулы қызметтер тиісті қортынды шығарып, әзірге ірі лаңкестік актілердің болдырмады.

Экстремизге қатысты қанша адам қамалды?

Қазақ қоғамын алаңдататын тағы бір беталыс - дiни экстремизм мен терроризмге бүйрегі бұратындардың  саны өсіп келеді. Статистикалық деректерге сәйкес 2008 жылдан 2013 жылға дейiн террористiк қылмыстары үшiн сотталған адам саны 27-ден 171-ге дейiн, ал экстремистiк қылмыс үшiн сотталғандардың саны - 56-дан 168-ге дейiн өстi. Соңғы кезде бұл көрсеткіш арта түсті. Ішкі істер министрлігі криминалдық полиция департаментінің бөлім бастығы Еркін Мәмбетовтың мәлімдеуінше, бүгінгі күнде Қазақстанда діни экстремизмге қатысты болғаны үшін 600-ден астам адам қылмыстық атқару жүйесіне қарасты мекемелерде жазасын өтеп жатыр.

Терроризге қатысты қандай беталыстар байқалады?

Терроризмге қатысты жаңа бір әлемдік тренд жайлы айта кету керек. Әлемнiң түрлi елдерiнде (Норвегия, Франция, АҚШ) байқалып отырған терроризм актiлерiн радикалдардың жеке-дара жасау құбылысы және халықаралық террористiк құрылымдардың осы әдiстi анағұрлым белсендi пайдалануы алаңдатушылық тудырады. Батыстық басылымдар да осы проблемаға соңғы кезде баса назар аудара бастады: жарылысты кім жасады, ол кімнің тапсырмасымен жасады, ол қай террористік ұйымның мүшесі – бәрі қараңғы. Бұл жағдай болуы ықтимал террорлық әрекеттердің алдын алуды едәуір қиындатып отыр. Терроризмнің құрылымдық сипаты жоғалып барады. Жоғарыда айтқанымыздай бұл болмыс арнаулы қызметтер үшін айтарлықтай қиындық туғызып отыр.

Жаңа жақтаушыларды радикалдық дiни құрылымдарға тартуға ықпал ететiн қандай факторлар бар?

Бірінші кезекте – бұл әлеуметтiк-экономикалық проблемалар, тұрғындардың дiни сауаттылығының төмен деңгейi, сондай-ақ, өскелең ұрпақтың моральдық-имандылық және патриоттық тәрбиесiнiң кемшiндiгi жатады.

Келесі фактор ретінде сыбайлас жемқорлық көрiнiстерi мен бюрократизм айтуға болады. Жемқорлық пен бюрократизм қоғамда өз орнын таппаған жастар арасындағы терiс пиғылды көңiл-күй мен билiкке сенiмсiздiктiң туындау себептерiнiң бiрi болып табылады.  

Күмәндi мазмұндағы дiни әдебиеттер мен өзге де ақпараттық материалдардың жаппай таралуы дiни-экстремистiк идеологияның таратуына белгiлi бiр жағдайлар туғызады. Осыған орай Интернетке сүзгі орнату шаралары соңғы кезде осы тұрғыдағы деструктивтік ақпараттың аз да болса қысқаруына себеп болды.

Келесі фактор түзеу мекемелеріне қатысты. Түзеу мекемелерi жағдайында анағұрлым айқын көрiнетiн радикалдық дiни қауымдастықтардың қылмыстық құрылымдармен бiте қайнасуының алаңдатарлық үрдiсi. Бұл мекемелер жабық мекеме болғандықтан бұл фактордың сыртқы ортаға әсері шеуктеулі, сондай-ақ, бұл бағыттағы бақылау-қадағалау жұмыстары кемелденіп келеді.

Жоғарыда аты аталып, түсі түстелген қауіп қатердің алдын алу шаралары қандай болмақ?

Бірінші - дiни экстремизм мен терроризмнiң қоғамда таралу себептерi мен шарттарын, ықтимал экстремист пен террористiң әлеуметтiк портретiн зерделеу, аталған салада жүргiзiлiп жатқан мемлекеттiк саясаттың осал жақтарын бағалау мен анықтау бойынша ғылыми, талдамалық және әлеуметтiк зерттеулер жүргiзу.

Екінші - орта бiлiм беру ұйымдары, сондай-ақ техникалық және кәсiптiк, жоғары оқу ұйымдары оқушыларын қоршаған болмысқа саналы көзқараспен қарау және радикалдық дiни идеологияны сыни көзқараспен қабылдау үшiн дiн туралы қажеттi бiлiм көлемiн олардың игеруiн қамтамасыз ету. 

Үшінші - дiни экстремизм мен терроризм идеяларын насихаттайтын материалдарды, соның iшiнде құқыққа қайшы контенттi анықтау жөнiндегi қазiргi заманғы бағдарламаларды енгiзу арқылы, баспа және электрондық БАҚ, соның iшiнде Интернет-ресурстардың тұрақты  мониторингiн ұйымдастыру.  

Төртінші -  ел аумағына дiни экстремистер мен террористердiң енiп кетуiнiң алдын алу бойынша шекаралық және көшi-қон бақылауын күшейту, қару, оқ-дәрi, жарылғыш құрылғылар мен жарылғыш заттар, соның iшiнде қолдан жасалатын жарылғыш құрылғылардың құрауыштары ретiнде пайдаланылатын материалдар айналымына бақылауды күшейту.
         Бесінші - экстремистiк және террористiк әрекеттi iштен және сырттан қаржыландыру фактiлерiн анықтау мен жолын кесу кезiнде уәкiлеттi, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттiк органдардың өзара iс-қимыл деңгейiн арттыру.

Ия, экстремизм мен террроризмге қарсы күрес бағдарламасының идеологиясы мен стратегиясы осы бағытта өрбіп келеді. Терроризм мен экстемизмге қарсы күрес тиянақты ыждыһаттылық пен үлкен қаржыны талап ететінін әлемдік тәжрибе көрсетіп отыр. Сондықтан бұл бағдарлама  мемлекеттік маңызға ие құжаттардың бірі болып отыр.   

Мұрағаттан, 2015 ж

​Экстремизмге қарсы күрестің тиімділігі неде?
Қабірлерді зиярат етудің тәртібін білесіз бе?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу