Ислам дәстүрді, ұлттық ерекшелікті жоққа шығармайды
Қазақ мұсылман мектебінің басты ұстанымы осы болмақ
«Оңтүстік Қазақстан облысында өзге өңірлермен салыстырғанда діни ахуал тұрақты». Өткен аптада Шымкенттегі «Риксос» қонақ үйінің мәжіліс залында «Дін - бірлікке бағыттайды» тақырыбында өткен облыстық семинарда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы осылай деді. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат және дін істері басқармасы мен «Әлеуметтік бастамалар орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесі ұйымдастырған жиынға сондай-ақ, облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды, наиб мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы, қалалық, аудандық ішкі саясат бөлімдерінің басшылары мен қызметкерлері, дінтанушы ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, зиялы қауым және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, мешіт имамдары, жоғары, орта арнаулы оқу орындары жастар ісі комитеттерінің төрағалары және Шымкент қаласындағы жалпы орта мектептердегі Дінтану негіздері пәнінің оқытушылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Имамдар хадис айтумен шектелмеуі керек
Ержан қажы Малғажыұлының айтуынша, еліміздегі мешіттердің көп бөлігі Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан. Өңірде халық тығыз қоныстанған. Бірақ осыған қарамастан облыстағы діни ахуал тұрақты.
-Мәселен батыстағы кейбір облыстарда 30-40 қана мешіт бар. Оңтүстікпен салыстырғанда онда діни ахуалдың күрделірек екендігі де рас. Оңтүстіктегі діни тұрақтылық әкімдік қызметкерлерінің атқарған жұмыстарының нәтижесі,--деген Бас муфти халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жақсы жүргізе білген облыс әкімдігіне, облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасына, «Әлеуметтік бастамалар орталығының» басшыларына өзінің ризашылығын білдірді.
- 2010 жылдан бері біз дін мен дәстүр идеясын көтеріп келеміз. Бұл көпшілік тарапынан қолдау тапты. Діни меркелерді ұлттық құндылықтармен бірге тойлау үрдіске енді. Құрбан, Ораза айт, Мәуліт мерекелері ұлттық сипатта аталып өтуде. Имамдар тек хадис айтумен шектелмеуі керек. Өзін жан-жақты дамытып, уағызды тарихымызбен сабақтастырып, салтымызбен ұштастырып, би-шешендеріміздің, ақын-жырауларымыздың салиқалы сөздерімен үйлестіріп айтуы қажет. Біздегі ислам институтында екі айлық курс бар. Осы курстан өту кезінде имамдарды шешендік өнерге тәрбиелеу жағына баса мән беріліп келеді. Ежелден Имам Ағзам мәзһабын, Имам Матруди ақидасын ұстанған ата-баба жолы біз үшін қастерлі. Ата бабамыздың қалған асыл жауһарларды қайта жарыққа шығару, қайта жаңғырту маңызды. Биыл 19 ақпанда Елордамызда имамдардың форумын өткіздік. Бұл дін саласында тарихи оқиға деуге болады. Оған аймақтардан имамдар, зиялы қауым өкілдері жиналды. Осы жиында Қазақстан мұсылмандарының Тұғырнамасы қабылданды. Ислам ұлттық ерекшеліктерді, қалыптасқан жағдайды жоққа шығармайды. Діни басқарма алдағы уақытта да дәстүрінен қол үзбейтін қазақ мұсылмандығын қалыптастыруға, соны қайта жаңғыртуға күш салады,--деді Бас муфти.
Мұрағаттан, 2015 ж