Аллаға сыйыну мен әруақты сыйлаудың аражігін ажырата білу керек

Oinet.kz 19-06-2019 3781

Screenshot_4.jpg

Көрнекі фото

Қазақ әдетте қоғам өмірі үшін маңызды құбылысты мақал-мәтелмен немесе қанатты сөздермен дәріптейді. Сол құбылыс, дұрысы адам өміріндегі маңызды болмыстардың бірі – әулиелерге құрмет білдіріп, сол ұлы тұлғалардың, Алланың сүйген құлдарының әруағына арнап құран бағыштау. Қазақтың «Мединеде – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – Пір Бекет» деген сөзінде үлкен тарих пен таным жатыр. «Сайрамда бар сансыз баб, Түркістанда – түмен баб, бабтардың бабы – Арыстан баб» деп оңтүстіктің халқы да босқа айтпайды. Сол Сайрам жеріне арнайы барып, әулиелерді аралап, шырақшылар мен сонда жерленген ұлы тұлғаларға құран бағыштай келген адамдармен сұхбаттасудың сәті түсті. 

Сайрамдағы Қожа Ахмет Ясауидің әкесі әрі бірінші ұстазы  – Ибраһим атаның кесенесі XVII-XVIII ғасырларда салынған. Бұл кесене бүгінде мемлекеттің қорғауында. Осы кесененің шырақшысы, Қожа Ахмет Ясауидің тікелей ұрпағы – Қадырхан Артыққожаев төрт жылдан бері осында қызмет етеді екен. Қадырхан мырзаның айтуынша, жыл санап зияратшылардың діни танымы артып келеді. «Зияратшылардың басым көпшілігі зияратты дұрыс жасайды. Шамамен 10 пайыздайы – кесенеде шырақ жағып, атаның құлпытасын сүйіп, тілегін Ибраһим атаға айтып,  жалбарынып жатады. Біз мұндай зияратшыларға Ибраһим атаға жалбарыну Аллаға серік қосу екенін, ал Ұлы Жаратқанға серік қосу – кешірілмес күнә екенін түсіндіріп жатамыз. Кейде кесенемізге сақалы күзелмеген, балағы қысқартылған жас жігіттер келіп, зияратшыларға «ақыл» айтпақ болады. Сондайлардың бірі жуырда Алматыдан келген зияратшыларға «насихат» айта бастаған еді, жасы ұлық бір ақсақал әлгі жігіт пен видеоға түсіріп тұрған көмекшісін таяғымен жіберіп ұрды. «Менің жолға қанша қаражат жасағанымда сенің не ісің бар, мен сеннен саунаға қанша қаржы жұмсайсың деп сұрап отырған жоқпын ғой, мен ата-бабамның жолымен жүрмін, әулилерге құран оқуға келдім, «ширк-пирк» деп менің басымды қатырма» деді. Соңғы кезде мұндай «ширкомерлер» - қай нәрсенің ширк екенін, қай нәрсенің ширк емес екендігін өлшеп, біліп жүретіндер саны азайып келеді» - деді  Ибраһим ата кесенесінің шырақшысы Қадырхан аға. 

- Ибраһим атаның кесенесіне зияратқа негізінен кімдер келеді?

- Е, мұндай кімдер келмейді дейсіз. Байлар да, кедейлер де, жанына, дертіне дауа іздегендер, шаруасы кері кетіп, бірі екі болмай, үйі мен кәсібінен берекесі кеткендер – жалпы айтқанда Алланың көмегі мен рахымына мұқтаждың барлығы осында келеді. 

- Депутаттар, билік өкілдері де келеді ме?

- Ия, мысалы бұрынғы облыс әкімі Асқар Мырзахметов отбасымен әр 1,5-2 айда келіп тұратын. Бірде менің бөлмеме кіріп, шәй де ішті. Ал жуырда облысымыздың жаңа әкімі – Бейбіт Атамқұлов та келіп, Ибраһим атаға  зиярат етіп кетті. Ол кісі меннен «Қандай көмек керек?» деп сұрады. Мен Ибраһим ата кесенесіне су шығарып беруін сұрадым. Сөйтіп көкейді көптен бері мазалаған мәселе оң шешімін тауып өңір басшысы кесененің мұқтаждығына қажет суды  2 күнде шығарып берді, бұл жаңа әкімнің  зияратшыларымызға жақсы тартуы болды. 

Ия, билік өкілдерінің ұлы бабалар мен әулие-әмбиелерді тәу етуі – Қонаев атамыздың руханиятта салған сара жолы. Түркістан қаласының кеңестік кезеңдегі басшылары мен имамдары Қонаев атамыздың Түркістанға жылдар бойы жүйелі түрде келіп, сондағы әулиелерді тәу етіп тұрғанын айтады... 

Абдул Азиз Баб кесенесіне де ат басын тіредік. Ел оны Балагардан ата (парсыша – бәленің алдын алушы) дейді. Осы кесененің шырақшысы – Искандар Темиршиков: «Балагардан ата Абдул Азиз Бабтың лақап аты, ол кісі өңірімізге 8 ғасырда келген, дін таратушы болған, Пайғамбарымыз Мұхаммед с.а.с. сахабаларынан кейінгі буын – табиғиндердің өкілі. Бұл кісіге тәу етуге тек Қазақстанның түрлі облыстарынан емес, шет мемлекеттерден, сондай-ақ  Ресейден де зияратшылар келеді. Өз басым осы жерде тілегі қабыл болған көптеген зияратшыларды көрдім. Сонау Ресейден келіп, тілегі қабыл болып, шипа тауып, балдағын тастап, жүріп кеткен орыс азаматын да көрдім. Қазір адамдардың діни санасы жоғары, сұраушының тілегін беретін әулиелер емес, жаратушы Алла екенін жақсы біледі» - дейді шырақшы.

- Зияратшылардың мұнда келіп, дұға жасап, тілек тілеуі мен имамдарымыз айтқан әңгімелер арасында қарама-қайшылық жоқ па?

- Жоқ, мұнда ешқандай қарама-қайшылық жоқ. Келген зияратшылар дұға оқып, Алладан осы ұлы адамдардың, Алланың сүйікті құлдарының құрметі үшін тілектерінің қабыл болуын сұрайды. Мейірімі шексіз Алла зияратшылардың тілектерін қабыл етеді. Зиярат етіп келушілер әулиелерден емес, тілегінің қабыл болуын Алладан сұрап отыр. Алланың сүйікті құлдары болып табылатын әулиелердің Алланың алдындағы ақысы мен құрметі үшін қабыл етуін тілеп келіп отыр. Осы әулиелердің шарапатымен тілектері қабыл болып жатқан зияратшыларды көп көрдік, сондықтан болар бабаларға келіп құран бағыштаушылар легі үзілмейді.  

Айта кететін бір жайт, дін мен дәстүр – қазақ  руханиятының қос қанатындай. Осы болмысқа соңғы жылдары қауіп төне бастады: түрлі кері ағымдар ата-баба салтын мансұқтап, «тек дін талаптары шеңберінде ғана өмір сүруіміз керек, әулие аралама, бет сипап бата жасама, сәлем салма» деген талаптарын алға тарта бастады. Дастарқанға ішімдік қойылады деп бауырларының тойына бармай жүрген, намаз оқымайды деп әке-шешесінен безінгендер көбейді. Теріс ағымдардың бұндай талаптары ұлттың идентификациялық коды болып табылатын әдет-ғұрыптан қазақты, әрине, айыра алмайды. Жаман түс көрсек, жеті шелпек таратпай көңіліміз көншімейді.Бақилыққа аттанғандар   түсімізге кірсе немесе оларды еске алсақ, сол әруақтарға арнап құран оқып, жандары жаннатта болуын тілейміз. Өлгенге ас беру, жылын немесе қырқын өткізу – дінде жоқ қағидалар. Бірақ бұл рәсімдерді өткізу әдетке айналып, қанымызға әбден сіңіп кеткен. Ол үшін елді «діннен шықтың»  деп қаралауға ешкімнің құқығы жоқ. Қазақ мұсылмандықты қабылдады, Иншаллаһ, соңғы жылдары елдің діни танымы артып келеді, бірақ мұсылман болу деген араб болу дегенді аңғартпайды. Мынау әдет-ғұрып арабта жоқ деп, қазақтың ұлттық санасы мен болмысының негізі болып табылатын ата-баба дәстүрінен бас тартуды үгіттеу немесе талап ету – қисынға келетін тірлік емес. Арабтардың барлығы мұсылман емес екендігін, арабтардың ішінде христиандар да көп екенін де ұмытпағанымыз жөн. 

Өлгендердің жетісін, қырқын немесе жылын өткізе отырып, біз дінге қарсы әрекет етпейміз. Тек ысырапкершілікке жол бермей, өлгендерге құран бағыштау – ағайынның басын қосу арқылы дінге де, қоғамның ынтымағына да қызмет етеді. Ата бабаларымыздың «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген сөзінде терең мағына бар. Егер олай болмаса, өлгендерге арнап өткізілетін шаралар мен құран бағыштау рәсімдері әлдеқашан ұмыт болар еді. 

Әулиеден медет сұрау, әруақтарға құрмет көрсету бұл қазақтың санасында ежелден бар түсінік. Әсіресе, дертіне дауа іздегендер, бір перзентке зар болғандар, өмірде жолы болмай, бағы ашылмағандар «Арыстан бапқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген ниетті алға тартып, бірнеше жүз шақырым жолды артқа тастап, әулиелі орындарға ағылып жатады... 

Кожа Ахмет Ясауидің анасы – Қарашаш ананың кесенесі Сайрам қаласының қақ ортасында, базардың маңында орналасқан. Осы кесененің шырақшысы – Авазхан Қодиров Қожа Ахмет Ясауидің ағасы – Садырқожаның тікелей ұрпағы екен. Діни білімі мен тарихи танымы жоғары Авазхан аға: «Менің шырақшы ретіндегі басты міндетім – кесенеге келушілердің дұрыс зиярат жасауын қамтамасыз ету. Негізінде зияратшыларымыз аруақты сыйлау мен  Аллаға сыйынудың аражігін  ажырата білуі керек. Зияратшылардың ішінде шырақ жағамын дейтіндері кездеседі. Мен оларға шырақ жағу дұрыс еместігін ескертемін. Соңғы кезде зияратқа келушілер азайып барады. Меніңше, мұның басты себебі – дендеп келе жатқан қаржылық дағдарыс болса керек. Бүгінде сапарға шығу қиын, жолға, мұнда келіп түнеуге - әжептеуір қаржы керек» - дейді Қарашаш ана кесенесінің шырақшысы. 

Қожа Ахмет Ясауидің ата-анасы – Ибраһим ата мен Қарашаш ананың кесенесінде Киелі Құранның «Бақара» сүресінің 255-аяты тасқа қашап жазылған. Бұл аятта: «Алланың құзырында Өзінің рұқсатынсыз шапағат жасайтын кім болмақ. Алла олардың алдыңғысын да (дүниедегі), кейінгісін де (қияметте не боларын) біледі. Ал олар Алланың білдіргенінен басқа ештеңені де сезбейді» деген сөздер жазылған. Ия, бұл Аятул Күрсі. Кесенелер алдында арнайы тасқа қашалып жазылған аяттың мағынасы – қажетіңді адамнан, аруақтан емес, Алладан сұра дегенді меңзеп тұр.  

Сондай-ақ, Құран Кәрімнің «Жүніс» сүресінде «Алланың сүйікті достарына (құлдарына) қорқыныш та, өкініш те жоқ» (10.62) делінген. «Алланың сүйікті достары» - әулиелер. Әулие деген сөзді есіткенде біздер Алланың достарын, Ұлы Жаратушының парыздарын орындап, бар болмысымен ғибадатын қалтқысыз жасап өткен, тірі кезінде түрлі кереметтер көрсеткен ұлыларды түсінеміз. Алла Өзінің сүйікті достарына – ұлы әулиелерге керемет жасау мүмкіндігін сыйлаған. Сондықтан болар бір тырнаққа зар болғандар да, оқуға талаптанған жастар да, жолсапарға шығатын жандар да әулиелердің басына барып медет тілейді. Солардың жолдары болады. Бизнеске қадам қойғандардың да атадан медет тілеп жолдары болғаны аз емес. 

Жалпы діндес бауырларының әрбір қадамынан «ширк» іздейтін, әулие-әмбие десе ат-тонын ала қашатын қандастарымыздың түпкі мақсаты – Ислам халифатын құру. Неге сол Халифат араб елдерінде құрылмайды деген сауал туады. Себебі қазіргі замандағы араб елдерінде мемлекет деген ұғым бәрінен жоғары тұрады, Исламнан да, Ұлттан да жоғары тұрады. Қазақстан билігі де мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қауіп төндірген адамды жазаға тартады. Себебі халықтың бейбіт өмірі мен ел тыныштығы – басты басымдық болып табылады. «Ораза намаз – тоқтықта (тыныштықта)» деген сөз босқа айтылмаған. Елдің тыныштығы – үлкен бақыт пен байлық екенін 200 мың тұрғынының қаны төгіліп, 2 миллион азаматы босқынға айналған Сирияның тауқыметті тағдыры анық көрсетіп отыр.  

Өз басым әулиелердің көп кереметтерінің бірі – сол әулиелердің ғасырлар бойы тұрған кесенелері деп ойлаймын. Сол ғасырлар ішінде қанша патшалар ауысты, түрлі төңкерістер мен түрлі идеологиялар тарих сахнасына шығып, кейін із-түзсіз жоғалып кетті. Қалалар қирап, үлкен өзендер суалды. Ал әулиелердің кесенесі сол құдіреті шексіз Алланың Өз достарына деген ықыласы мен мейірімінің символы ретінде сақталып келеді. Алла пайғамбарларына – мұғжиза, ал әулиелеріне – кереметтер берді. Мүминдер сол мұғжизалар мен кереметтер арқылы Алланы танып, Жаратушыға құлшылық етіп келеді. Солай екен, Алланың досы, яғни әулие деген атқа ие болған ұлы тұлғаларды сыйлай жүрейік.  

Үсен Асқаров, 

Мұрағаттан, 2015 ж 

Сурет салу харам, ал суретшілер тозақта отқа жана ма?
Ислам дәстүрді, ұлттық ерекшелікті жоққа шығармайды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу