Сурет салу харам, ал суретшілер тозақта отқа жана ма?
Көрнекі фото
Адамзат баласы пайда болып, жер бетін мекен ете бастаған ықылым заманнан бері мәдениет те қоса дамып келеді. Сонау ерте ғасырлардағы қай тайпа, империя, мемлекетті алсаңыз да өзіне тән мәдениеті мен өнері қалыптасқан. Тарихын тереңге жайған өнердің бір саласы--ол сурет өнері. Ғалымдар бейнелеу өнерінің алғашқы туындылары ретінде тасқа қашалып салынған бейнелерді атайды. Бертін келе адамдар папирусқа, түрлі ағаштарға сурет сала бастады. Өркениетке қол жеткізген елдер суретті қағазға түрлі бояулармен салды. Осыдан келіп кәсіби суретшілер пайда болды. Қоғам сурет салуды ұлы өнер ретінде қабылдай бастады. Ал суретшілер дарынды талант иесі ретінде құрметтеліп, туындылары жоғары бағаланды. Әлемге әйгілі Ван Гог, Леонардо до Винчи, Сальвадор Дали секілді суретшілердің картиналары көрмелерде сақталып, әлі күнге дейін құнын жоғалтқан емес. Сурет өнері Еуропа, Батыс елдерінде ғана дамып қойған жоқ, Орта Азия мемлекеттерінде де қарыштап, өнердің құны жоғары болды. Соның ішінде қазақтан да небір қылқалам шеберлері шыққан. Әбілхан Қастеевтың өзін айтар болсақ бір әлем. Қазіргі таңда да сурет--өнер атаулының ішіндегі қастерлісі деп атауға болады.
Осы сурет өнері жайлы бүгінгі таңда әсіресе мұсылман қауымның арасында түрлі пікірлер айтылып жүр. Әр нәрсеге құмар, еліктегіш жастардың аузынан «сурет салу харам екен, хадис бойынша сурет салуға тыйым салыныпты» деген секілді әңгімені естіп жүрміз. Әсіресе намазға бет бұрған, дұрысы ислам атын жамылған радикалды топтардың құрсауына түскен азаматтар суретшілер қауымына деген көзқарастарының теріс екенін байқатуда. Яғни, «суретшілер о дүниелік болғанда тозақта азапталады» деп жұртты шошындыруда. Сурет салуды былай қойғанда «фотоаппаратпен суретке түсіру және түсу де шариғатқа қарсы екен» дейтіндер табылуда. Егер сурет салуды харам санасақ онда суретшілер мен фотографтарды және бүгінде сұранысқа ие болып келе жатқан аниматорларды да шариғатқа қарсы келуші, Құдайдан безгендер деп санауымыз қажет пе? Әрине бұлай деу ақылға қонымсыздау. Өйткені сурет өнері мен суретшілер қауымы қоғаммен бірге сан ғасырлардан бері сабақтас ғұмыр кешуде. Тіпті бейнелеу өнеріне балаларды бастауыш сыныптан бастап баулимыз.
Балалардың дүниетанымын қалыптастырып, оларды қоршаған ортамен таныстыру үшін түрлі суреттер көрсетеміз және сол суреттерді қайталап салуға үйретеміз. Сурет өнері де ғылымды игерудің, қоршаған ортаны танып білудің құралы емес пе?! Мәселен Азияда тұратын адам алыстағы Африкада, Америкада немесе Австралияда өмір сүретін жан-жануарлар мен өсімдік әлемін сурет арқылы танып біліп отыр. Қаншама ғылыми жаңалық суреттер, сызбалар, схемалар арқылы негізделді. Осы орайда біз балаларымызды жастайынан харам іске итермелеп, сондай-ақ жалпы суретшілерді қаралап отырған жоқпыз ба, әлде шынымен де хадистерде сурет өнеріне тыйым салынған ба деген сұрақ туындайды? Дұрысы мамандардың пікіріне жүгінейік.
Абдусамат Қасым, исламтанушы:
«Сурет салудың өз талаптары бар»
Жалпы алғанда, ғалымдар сурет атауын төртке бөліп қарастырады: Бірінші — жансыз заттардың суреті және оларды бейнелеу. Гүл, ағаш, аспан, жер немесе автокөлік, ұшақ, үй іспетті жансыз заттардың суретін салуға, оларды іліп қоюға рұқсат. Екінші — жанды заттардың суреттерін көрпе, жастық, аяқтың астында жататын төсеніштерге, не ыдыс-аяқ сияқты тұрмыстық заттарға қолдану жайында. Бұған да рұқсат. Бір күні Жәбірейіл періште Пайғамбарымыздан үйіне кіруге рұқсат сұрады. Пайғамбарымыз: «Кіріңіз!» — дегенде, періште: «Үйіңде суреті бар перде тұрғанда қалай кіремін? Сен былай жаса, перденің суретін кесіп алып, жастықты тыста немесе жерге төсеніш қыл», — деді. Яғни суретті іліп қоймай, тек осындай төсеніш ретінде қолдануға болатынын меңзеп тұр.Бұл мәселе жайында Ханафи мәзһабының әйгілі ғалымы Ибн Абидиннің (р.а.) мынадай тұжырымы бар: «Пайғамбарымыздың суретке тыйым салудағы мақсаты — суреттің дәрежесін көтеріп, пұтқа табынушыларға ұқсамау…
Төсеніш секілді қадірсіз етіп көрсететін жерлердегі суреттер періштелердің үйге кіруіне кедергі келтірмейді». Үшінші — суретті үйге ілу. Жалпы алғанда, жанды нәрсенің суретін қадірлеп, үйге іліп қоюды Ханафи мәзһабының ғалымдары мәкрүһ десе, Шафиғи мәзһабы ғалымы Имам Нәуәуи харам деп үкім берген. Біздің ойымызша, үйге сурет ілуді харам деудің орнына мәкрүһ дегеніміз дұрысырақ. Себебі осыған байланысты келтірілген хадистерге үңілсек, Пайғамбарымыз үйде суреттің болуын харам демей, тек ұнатпағаны байқалады. Төртінші — жанды заттардың суретін салу. Кейбір хадистерде Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жанды заттардың бейнесін салуға қатаң тыйым салғаны рас. Алла тағала суретшілерді қиямет күні қатты азаптап жатып: «Қане, жаратқандарыңа жан бітіріңдерші дейді»десе, тағы бір хадисте: «Қиямет күні азапты ең көп тартатындар — суретшілер»деп ескерткен.
Сондай-ақ, «Адамдардың ең қатты азап шегетіндері — Алланың жаратушы (сипатымен) бәсекелесетіндер»,деген тағы бір хадисі бар. Аталмыш хадистерге үңілген ғалымдардың кейбірі: «Жанды заттың суретін салу — харам», — деген үкім шығарған. Ғалым Ибн Абидин: «Жандының суретін салуға мүлдем болмайды. Өйткені ол Алланың жаратушы сипатымен тайталасу болып табылады», — дейді. Алайда Мәлики мәзһабы ғалымдарының пайымдауынша: «Бұл мәселеде харам болған әрекет — темір, мыс, ағаш, тас сияқты ұзақ сақталатын материалдарды ойып, жанды заттың мүсінін жасау. Ал қағаз, қабырға немесе мата сияқты тегіс заттың бетіне сурет салу — харам емес, тек мәкрүһ.
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қатаң түрде сурет салудан тыйған хадистерін алғашқы кезеңдерге, яғни Политеизм сенімінің (көп құдайшылық) қоғамда әлі толық жойыла қоймаған кезіне жатқызу керек секілді. Ал біздің қоғамымыз монетеизм (бір құдайшылық) өркендеп тұрған шақта. Әрі халқымыздың басым көпшілігі мұсылман. Сол себепті сурет салудың нәтижесінде мұсылманшылығымызға қандай да бір зардаптың келетінін айту қиын. Сондықтан қазіргі таңда жанды заттың суретін салуды харам емес, халал деген байламға келуге болатындай. Тек мынадай талаптарды қатаң ескерген жөн: 1. Халық қасиет тұтатын діни тұлғалардың және ел-жұрт асыра ұлықтап кеткен діни емес тұлғалардың бейнесі салынбауы керек. 2. Сурет салған адамның көкейінде «Алланың жаратушы сипатымен бәсекелесу» деген зәредей де ниет болмауы тиіс. 3. Әдепсіздікті, бұзақылықты насихаттайтын суреттерді бейнелеуден аулақ болуы керек.
Аңсаған Мұстафа, суретші:
«Кәсібімді харам санамаймын»
Маған кейбір адамдар «сен бұл өмірде үлкен күнә жасап жүрсің, о дүниеде тозаққа түсіп, отқа жанасың, жанғанда да тоқтамай лапылдап жанасың, өйткені сурет салу ислам дініне қайшы, Аллаға қарсы келу» деген сыңайдағы сөздерді айтып көбінесе әлеуметтік желіде «шабуыл» жасайды. Мұндай білгіштерге менің айтар жауабым дайын. Шариғатта сурет салу туралы нақты не айтылғаны жөнінде білмеймін, бірақ бір білетінім сурет – үлкен өнер және ол өнерді Құдай менің бойыма дарытты.
Сондай-ақ сурет салу арқылы мен қоғамға еш зиянымды тигізіп жүрген жоқпын. Керісінше менің салған картиналарым айналамдағыларға жақсы ой салып, моральдық тұрғыдан үлкен көмек беруде. Мәселен сурет салумен шұғылданған уақыттан бері талай қызға шарапатым тиді. Мақтанғаным емес, бірақ туындым екі нәрестенің дүниеге келуіне себепші болды және кей аналар аборт жасаудан бас тартты, сондай-ақ тущь пен ақ қағаздың арқасында бір жұптың қайта қосылуының куәгері болдым. Сонда бұл ісімді харам деп айта аламыз ба?
Сол себепті мені күнәһар етушілер арғы дүниеге барғандағы жағдайыма алаңдамай-ақ қойсын. Адам жұмаққа немесе тозаққа бұл фәниде жасаған амалдары, жақсылық-жамандығының таразылануының нәтижесінде барады. Дұрысы кімнің жұмаққа, кімнің тозаққа баратынын ешбір пенде білмейді. Салған суретіңе жан бітіре аласың ба деп сұрап жатады менен кейде. Жансызға жан бітіру менің қолымнан келетін дүние емес және ондай ойым да жоқ. Мен тек суретшімін және таңдаған тақырыбым әлеуметтік мәселелер. Мақсатым – қоғамдағы теріс тәрбиені азайту және онымен күресу. Бар болғаны осы.
Амантай Сәдиев, Шымкент қаласы «Қаттани» мешітінің наиб имамы:
«Дарынын дұрыс пайдалана білгені жөн»
Сурет салу – ғылыми тұрғыдан түсіндіргенде өнердің бір саласы. Ал онымен шұғылдану харам, не халал деген мәселеге келетін болсақ шариғаттың заңына үңілгеніміз дұрыс. Ислам дінінде адамның бейнесінен тыс нәрселерді салуға жаиз ( рұқсат) етілген. Мысалы қабырғаны немесе затты безендіру, көркемдеу, жаңартуда тұрған ештеңе жоқ. Сондай-ақ қазіргі заманға сай туындаған мамандық--дизайнерлердің жұмысынан шикілік іздеуге болмайды. Ал адамның бейнесін салу ақиқатына келгенде харам болып табылады. Себебі адамның жаны бар. Жанды нәрсені бейнелеуді шариғат құп көрмейді. Сол секілді фотосуретке түсу де дінімізге жат қылық. Тек бүгінгі ғасырдың талабына сай құжатқа суретке түсуге болады, ал себепсіз, орынсыз фотосуретке түсе беру мұсылман бауырларға жат қылық. Кейбір адамдардың мейлі ол біздің діннен болсын, жат ағымның өкілі болсын суретшілер күнәһарлар деп жаппай қаралауға құқы жоқ.
Суретші біріншіден өнер, талант иесі. Олар қолдарына қалам, бояу алып сүйікті ісімен шұғылданбаса бойындағы таланттары тұншығып қалады. Тек сол дарынды дұрыс пайдалана білген жөн. Бір сөзбен айтқанда суретшілер адам бейнесін салмаса оның жұмысы ешбір харам тірлікке бағаланбайды.
Мұрағаттан, 2015 ж