Күйеуінің тегіне өту шариғатқа қайшы ма?

Oinet.kz 06-06-2019 5558

Кеңес Одағы орнаған тұста қыз тұрмысқа шыққанда күйеуінің тегіне көшу үрдісі белең алды. Яғни құжатқа өзінің тегін өзгертіп күйеуінің фамилиясын  жаздыртады. Ия қазір егде тартқан, орта жастағы ерлі-зайыптылардың көбісі бір фамилияны арқалап жүр. Қазір де бұл үрдіс тоқтаған жоқ. Шаңырақ көтерер сәтте ері әйеліне өзінің тегіне өтуге үгіттеп көреді. Жат жұрттық болған қыздар әрқилы шешім қабылдап, бірқатары  өз еркімен тегінен бас тартып жатады. Әрине некелі әйелдің өз тегінде қалуы немесе өзгеруі өз еркінде. Заңдық тұрғыдан айтатын болсақ   «Неке және отбасы туралы» Заңның 31-бабында ерлі-зайып­тылардың  тектерді таңдау құқығы анық көрсетілген. Яғни, неке қиып, ерлі-зайыпты болу кезiнде олар өз тiлектерi бойын­ша ортақ тегі ретiнде өздерiнiң бiреуiнiң тегiн таңдайды,  не ерлi-зайып­ты­лардың әрқайсысы өзiнiң некег­е дейiнгi тегiн сақтап қалады, не біреуі (екеуі де) өз тегiне қосағының тегiн қосып алады. Егер ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң болса да некеге тұрғанға дейiнгi тегi қосарлас келсе, олардың тектерін қосуға жол берiлмейдi. Неке қиюды мемле­кеттік тіркеу кезінде тегі өзгерген жағдайда, азамат бір ай мерзімде жеке басын куәландыратын құжаттарды ауыстыруға міндетті. Айта кетерлігі, ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң тегiн өзгертуi екiншiсінің тегiн мін­детті түрде өзгертуiне әкеп соқпа­йды. Ал заңды неке бұзылған жағдайда ерлi-зайыптылар неке қию кезінде таңдаған тектерін сақтауға немесе өздерiнiң некеге дейiнгi тектерін қалпына кел­тiруге құқылы. Демек, жігіттердің болашақ келіншектерін өз тегіне өткізуі үшін үгіттеуі дұрыс емес. Бұл қалыңдықтың Қазақстан аза­маты ретіндегі құқығы, таңдауы болып есептеледі.

Screenshot_6.jpg

Соңғы кездері жас жұбайлардың арасында осы мәселеге қатысты келіспеушіліктер туындауда. Жарының өз тегіне өтуін қалаған жігіттер әйелдерінің  бұл ұсыныстан  дінді айналшықтап бас тартып жатқандығын айтуда. Яғни қазіргі жас келіндердің көзқарасы бойынша   әйелдің өз тегінен бас тартуы күнә болып саналады екен. Неке қиып жүрген молда, мешіт имамдары да жастардың тарапынан көп қойылып жүрген сауалдардың бірі осы дейді. Отбасылық кикілжіңдерді көріп бұл да дәстүрлі емес діни ағымдардың құрған қақпаны екенін мамандар айтып жүр. Себебі күйеуінің тегіне өткісі келмейтіндердің көбісі намазға бет бұрған арулар. Радикалды топтардың да көздегені осындай исламды, дінді енді ғана танып келе жатқан жастар. Олар өздерін керемет ұстаз ретінде көрсетіп, түрлі уағыздармен адамның сенімін, көзқарасын өзгерте бастайды. Ой-пікірі, көзқарасы, сенімдері бір жерден шықпай, үйлеспеген отбасы мүшелерінің арасында әрине осыдан кейін барып ұрыс-керіс пайда болады. Соңы шаңырақтың шайқалуына ұласады. Сондықтан мамандар әйелдің күйеуінің тегіне өтуі немесе  өтпеуі өз еркіндегі шешім болғанымен осының салдарынан кикілжіңге бару жарамайтынын айтады.

Астыртын жұмыс жүргізетін  түрлі топтар қазір қазақтыңжүрген-тұрғанын, ішіп-жеуін де аңдып, қалыпты іс-әрекеттен бастап салт-дәстүрімізге дейін ширкке балауға көшкені  мәлім. Дегенмен күйеуінің тегін алу шариғатқа қарсы ма деген сауалға жауап іздеп көрелік.     

Әйел кісі өз тегін жарының тегіне ауыстырмауына құқылы. Ер кісі (белгілі бір қажеттілік туындамаса) әйелін тегін ауыстыруға міндеттеуі дұрыс емес. Ал, «ауыстырған жағдайда күнә ма?» яки «шариғатқа теріс пе?» деген мәселе төңірегінде мамандар екі түрлі пікір айтады. Бірінші пікір: «Әйел кісі өз ерінің тегін алуы күнә. Өйткені, өзін өзгенің ұрпағынан санауды тыйған хадистерді тікелей түсінетін болсақ, қазіргі таңдағы әйелдің ерінің тегіне ауысуы да күнә. Пайғамбарымыз (с.а.у.) асыл сөзінің бірінде: «Кімде кім өзін өз әкесіне емес, өзгеге қатысты етсе ... Алланың, періштелердің және бүкіл адамдардың лағнеті соған болсын» , – деген. Осы хадис ерінің тегіне ауыстырудың да дұрыс емес екендігін айтуда. Сондай-ақ, бұл нәрсе мұсылман қоғамына жат өзге діндегілердің үрдісі», – деген баға береді.  

Екінші пікір, бұл нәрсе әйелді таныту мақсатында жасалады. Өзін ерінің тегімен атау кей елдерде «таныту» үшін айтылып жататыны анық. Бұл «Пәленше әйел түгенше отбасыға келін боп барды», – деп айтқанымыз сияқты. Осы секілді бір кісіні түрлі жолмен танытуға болады. Мәселен, Құран аяттарындағы «Нухтың әйелі және Луттың әйелі... Перғауынның әйелі...» деген сияқты. Бұл жерде әйелдерді күйеулерінің атымен танытып тұр. Бір хадисте: «Мәсғутұлының әйелі Зәйнәб (р.а.) Пайғамбарымызға келіп (кіруге) рұқсат сұрайды. «Уа Алланың Елшісі! Зәйнәп кіруге рұқсат сұрап тұр!» – деп сұрағанда, сахабалар: «Мәсғутұлының әйелі», – дейді. Алланың елшісі кіруге рұқсат береді. Осы хадисте әйелді таныту үшін өз ерінің, яғни сахаба Абдулланың тегімен атап тұр. Қазіргі таңдағы өз ерінің тегімен жазылу үлгісі де таныту мақсатында жасалатындықтан шариғатқа теріс емес. Ал шариғат өз әкесінің емес, түгеншенің қызы не ұлы деуге тыйым салады. Мамандардың пікірін қорыта айтар болсақ, әйел кісі өз ерінің тегін алуға міндетті емес, күйеуі оны мәжбүрлей алмайды. Ал, біздің елде өз ерінің тегін алған әйел әкесінің атын емес, тек тегін өзгертумен ғана шектелетіндіктен, тегін ауыстырғысы келген әйелдің бұл ісі күнә емес.

Ендеше өзгелердің де пікіріне құлақ түріп көрелік.

 

Бекболат Тілеухан, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті:

«Әйелдерім тегін ауыстырған жоқ»

Шариғатта бұл қаншалықты күнә күнә еместігін білмедім, бірақ   менің ойымша, шыққан тегіңді өзгерту  шежірені бұзумен тең деп ойлаймын. Әрине, әйел адам шежіреге енбейд­і, бірақ оны өмірге әкелген ата-бабасының есімін мәңгі ұлықтап өтуге жарамауы үлкен қателік секілді. Сондықтан мен әйелдерімнің өз тегінде қалғанын дұрыс деп шештім.

 

Жолдас Бердімұратов, Павлодар облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің наиб имамы:

«Шариғатқа қарсы емес»

Ерінің тегін алу туралы ғалымдар арасында екі ой пікір айтылады: егер Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «Кімде кім өзін өз әкесіне емес, өзгеге қатысты етсе ... Алланың, періштелердің және бүкіл адамдардың лағнеті соған болсын» деген хадисін негізге алсақ ол күнә.  Ал екінші әйелді таныту мақсатында жасалса теріс қылыққа балауға болмайды. Себебі сахабаларымыздың өздері пәленшенің әйелі деп әйелге күйеуінің атын қосып атаған. Қазір тұрмысқа шыққан қыз-келіншектер әкесінің атын емес тек фамилиясын өзгертуде. Бұл шешімдеріне оларды ешкім күштеп жатқан жоқ. Сондықтан жастардың арасында күйеуінің фамилиясына өтуді шариғатқа қарсы екен деген көзқарас қалыптаспауы қажет.


Абдусамат Махат, «Нұр Астана» орталық мешітінің найб имамы:

«Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) әйелдері тектерін өзгертпеген»

Тек-адамның шыққан тегін көрсетеді, ата-бабасының кім екенін айқындайтын құжат десе де болады.  Ал текті өзгерту адам өзі шыққан тегінен бас тарту деп түсінсе болады. Ал бұл шариғатқа қайшы. Құранның «Ахзаб» сүресінің 5 аятында былай делінген: «Асырап алған балаларыңды әкелерінің атымен шақырыңдар». Сонымен қатар Пайғамбарымыз да (с.ғ.с) біреуді өзгенің тегімен атауға тыйым салған. Жалпы айтқанда тегін өзгерту, мәселен күйеуі әйелдің және әйелі күйеуінің тегін алу шариғатта жоқ нәрсе. Бұның бәрі кейінгі кезде, дәлірек айтсақ XX ғасырда пайда болған  үрдіс. Мысал ретінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) әйелдерін айтса болады. Олардың бірі де Пайғамбарымызбен (с.ғ.с) некелескеннен кейін тегін өзгертпеген.

Арақ ішіп, намазды алты уақыт оқитын «пайғамбар»
Неке адамды адасушылықтан қорғайды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу