Арақ ішіп, намазды алты уақыт оқитын «пайғамбар»
Жалған пайғамбарлық бұрынғы ғасырлармен шектеліп қана қоймай, бүгінгі заманда да жиі кездесетін сорақылыққа айналды. Өкініштісі, жалған пайғамбарлық қазақтың жерін де айналып өткен жоқ. Жұрттың жағасын ұстататын ерсі қылықтармен ерекшеленген өтірікшілер біздің елде де, оның ішінде Оңтүстіктен де табылды. Олар елдің есін шығаратын әңгімелерін емін-еркін таратып жүр.
Сондайлардың бірі - түркістандық Нұрәлі. Қазақ үшін қасиетті қалада тұрғандықтан өзін де қасиетті санады ма, әйтеуір өзгелерге «Алланың елшісі Нұрәлі Пайғамбармын» деп таныстыратынды шығарды. Оның айтуынша, Мұхаммед (с.а.с) соңғы пайғамбар емес. Ол туралы алғашқы ақпараттар осыдан 4-5 жылдай бұрын шыққан. Алдыңғы жылы Нұрәлі тіпті Алматыға барып, бірқатар газеттің редакциясын аралап шығыпты. Жүрген жерінде өзінің пайғамбар екенін мәлімдей берген. Журналистерге берген сұхбатында «соңыма еретін сахаба мен пайғамбарлар отыратын ғимарат салуға ақша іздеп жүрмін» деп адамның күлкісін келтіретін жоспарларымен де бөліскен.
Осылайша бірнеше жылдан бері жұртты дүрліктіріп жүрген Нұрәлі «пайғамбарлығының» дәлелі ретінде дәлелі Құранда бар» дей келе «Жұма» сүресіндегі «Бұл Алланың кеңшілігі, оны қалаған құлына береді. Алла, зор кеңшілік иесі» делінген аятты келтіреді. Әлбетте, Қазақстанның Мұсылмандар діни басқармасы бұған бей-жай қарамастан, тиісті түсіндірмесін беріп өтті. Мүфтияттың қызметкерлері «Ахзаб» сүресіндегі «Мұхаммед (ғ.с.) сендерден ешбір еркектің әкесі емес. Бірақ Алланың Елшісі және пайғамбарлардың соңғысы. Алла әр нәрсені толық білуші» деген аятты келтірді. Бұл қасиетті аятта Мұхаммедтің (с.а.с.) ақырғы пайғамбар екендігі, одан кейін пайғамбар шықпайтындығы ашық түрде баян етілген. Сондай-ақ, Мұхаммедтің (с.а.с) соңғы пайғамбар екенін дәлелдейтін сенімді хадистер, ислам ғұламамалырының зерттеулері толық айғақтайды. Бұған қарсы шығу немесе күмән келтіру адамды діннен шығарып жіберетін өте қауіпті іс екенін ұмытпайық.
Әйткенмен, Нұрәлі өзінің тарапына айтылған сыни пікірлерді мүлдем қабылдамайды. Ақылға шақырмақшы болғандарға бас салып айғайлай жөнеледі. Жуырда әлеуметтік желілерде жалған пайғамбардың Түркістан қаласының әкіміне жазған хаты жарияланды. Онда «Алла тағала айтады: ей, Нұрәлі пайғамбар елшім, сені мойындамағандар және саған сенбегендер сенің алдыңда өткен бүкіл пайғамбарларды мойындамаған болып есептеледі. Саған сенбегендер кәпірге ұшырайды, оларды тозақ отымен сүйіншіле және жылына бір немесе екі рет азаптап отырамын» дейді», деп жазылыпты. Түркістандық «пайғамбар» өзін балағаттағандардың айыппұл мөлшерін де белгілеп қойған екен. Хатта «Нұрәлі пайғамбарға тіл тигізіп қасарысқандардың бір күнәсін жуып шаюы қазақтың екі миллион теңгесіне дейін барады» делініпті. Бұл хат наурыз айында жазылғанын, содан бері доллардың бағамы жоғарылағанын ескерсек, «пайғамбарлық айыппұл көлемі» бұдан да өсе түскен шығар. Бір қызығы, түркістандық жалған пайғамбар ара-тұра арақ ішетінін де жасырмайды. Тағы бір ерекшелігі - намазды бес уақыт емес, алты уақыт оқитынын айтқан. Өзі әнші, өзі биші екен. Міне, бізден шыққан «пайғамбардың» сиқы осындай! Бұл тұрғыда бізді қызықтыратын жалғыз-ақ жайт - өзін пайғамбар деп жариялаған Нұрәлінің психикалық жай-күйін тексеру қажет-ақ секілді.
Исламда «ақырзаман жақындағанда аспаннан Иса түседі, жерден Мәһди шығады» деген сенім бар. Олар Тажалмен күресіп, жеңеді де жер бетінде Алланың патшалығын орнатады. Бұл сенімнің ислам тарихында алатын орны өте зор. Кейбір діни ағымдар арасында әсіресе Мәһдиге қатысты көптеген миф аңыздар туындады. Айталық, ислам пайда болған алғашқы ғасырларда Иран өлкесінде шиит ағымының бір тармағы - исмаилиттер қатты үгіт-насихат жұмыстарына кірісті. Олар жұртты жинап, ел басшыларының озбырлықтарын алға тарта отырып, әділдікті орнататын, адамзатты құтқаратын ұлы Мәһдидің келетінін уағыздады. Олардың айтуынша, Құран кітабы толық аяқталмаған, «Құранның кейбір тұстарын сүнниттер әдей жасырып қалған» деген желеумен ислам үмметінің бөлінуіне себепкер болды. Шииттер өздері 12-ші имам деп атайтын Мәһдиді зарыға күтетіні соншалық, оған әр мекемеде, ұшақтарда, тіпті мектептеріндегі сыныптарда бір-бір бос орын қалдырып қоятынды дәстүрге айналдырды.
Міне, осылайша надандыққа негізделген соқыр сенім бірталай адамды қоздырып, өзіне аса абыройлы да маңызды миссияны алуына әкеп соққан. Ислам үмметі «мен Мәһдимін» дейтіндердің талайын көрді. Тіпті солардың ішінде 1979 жылы Меккедегі қасиетті Қағбаны басып алған Мұхаммед Әл-Қахтани деген терроршы да болды. «Түсімде аян көрдім, адамзатты құтқарып, кәпірлердің сазайын тарттыратын Мәһди мен екенмін» деп бір топ адамды өзіне сендіріп, мақсатын іске асыру үшін қолына мұсылман әлемінің жүрегі - Меккедегі Қағбаны басып алуды ойластырады. Сөйтіп, қажылықта жүрген мұсылмандарды кепілдікке алып, ел басшылығына көптеген талаптар қояды. Ол орындалмайтын орынсыз мәселелер болғандықтан, әл-Харам мешітінде жасырынып, қажыларды кепілдікке алған террорлық топқа қарсы шабуыл жасалды. Бұл операцияның нәтижесінде 255 адам қаза тапқан.
Осы секілді «Мәһдилердің» бірі бұдан бірнеше жыл бұрын Оңтүстікте де пайда болғанын қайтерсіз. Жүрген жерінде осы ойын айтудан жалықпаған ол тіпті облыстық газеттің редакциясына да барып, «Ақырзаман жақындағанда жерден Мәһди шығатынын білесіз бе? Сол Мәһди мен боламын» деп мәлімдеген. Әйтеуір, соңғы кездері көрінбей кетті.
Әрине, көзі ашық, көкірегі ояу адам мұндай жалған пайғамбарлардың сөзіне бәр сәт те болса иланбайды. Әйткенмен, өтірік айтып, жұртты адастыратындардың басты құрбандары - діннен хабары жоқ сауатсыз да надан адамдар. Оларды кез-келген хикаяға сендіріп жіберуге болатынын түрлі тәуіптер мен «әулиесымақтар», жалған пайғамбарлар жақсы біледі. Өкінішке қарай, тәуелсіздік алғалы ширек ғасыр өтсе де, исламның басты қағидаттары мен ең қарапайым заңдылықтарын білмейтіндердің қарасы аз емес. Діннің атынан жалған сөйлейтіндер халықтың осы осал тұсын сәтті пайдаланып кетеді.
Мұрағаттан, 2015 ж