Үлгілі әйелдің өнегесі (оқиға)
Бірде атақты тәбиғиндердің бірі Әш-Шағби қазы Шурайхпен кездесіп қалады да, одан отбасы жайлы сұрайды. Шурайх: «Отасқанымызға жиырма жылдай уақыт болды, бірақ осы уақыт аралығында бірде-бір рет ренжіп, ашуланған емеспін», - дейді. Мұның сырын сұраған әш-Шағбиге ол:
«Некеміз қиылған күні оның өте әдемі екенін көрдім. Содан соң дәл мұндай нығметті нәсіп еткен Аллаға шүкірлік пен мақтау айтуым керек деп шештім де, дәрет алып, екі бас намаз оқу үшін намазға тұрдым. Сәлем беріп болған соң әйелімнің де маған ілесіп, намаз оқығанын көрдім. Мен оған жақындай бергенде, ол мені тоқтатты да: «Ең алдымен Аллаға шүкіршілік айтып, Одан пана сұраймын. Мен бөтен әйелмін, сіздің мінезіңіз маған беймәлім. Айналаңызда сіз үйленетіндей менен басқа қыздар өте көп, дәл сол секілді жігіттер де аз емес. Алайда, Алла Тағала мені сізбен қосты. Алланың қалағаны болды. Ендеше, ең алдымен маған сізге ненің ұнап, ненің ұнамайтынын айтыңызшы, сіз ұнататын нәрселерді қалдырмай жасайтын болайын, ал сіздің ренішіңізді туғызатын нәрселерден алыстайын», - дейді. Мұндайды күтпеген Шурайх біраз ойланғаннан кейін оған ненің ұнап, ненің ұнамайтыны туралы жіпке тізгендей қылып айтып береді. Қыз одан, тіпті, қай көршісін жақсы көріп, қайсысын ұнатпайтыны туралы да сұрап алады.
Шурайх: «Міне, сол күннен бері біз бірде-бір рет жүз шайыспай, тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Тек бір рет қана оны айыптағаным есімде, бірақ ол кезде кінәлі өзім едім», - дейді...