Пендені тозақтан не құтқарады?

Oinet.kz 28-10-2020 1488

Қоғамды дене деп алсақ, мүмін-мұсылман адам сол денедегі тірі бір ағза. Оның қоғамнан алатыны бар, бірақ қоғамға берері де жоқ емес. Қоғамның оған пайдасы болғаны сияқты, оның да қоғамға тигізер пайдасы болуы тиіс. Мұсылман адам қоғамның пайдасы үшін дүниесін, ілім-білімін, күш-қайратын және уақытын сарп етуден тартынбайды. Ол – қоғамның бір бөлігі болса, қоғам оның бір бөлігі іспетті.

JVTy23jfVRAkXKR3-lg.jpg

Барлық адамның қоғамға берер әйтеуір бір жақсылығы бары анық. Адамның мүмкіндігі қанша шектеулі болса да, қанша дәрменсіз десек те, Алла Тағала оны мүлдем жақсылықтан жұтан етіп жаратпаған. Мұны сахаба Әбу Зәрден жеткен хадистен ашық байқауға болады. Әзіреті Әбу Зәрр әл-Ғифари былай деп әңгімелейді:

Мен Алла елшісінен (с.а.у.):

- Пендені тозақтан не нәрсе аман алып қала алады? – деп сұрадым.

- Аллаға деген иманы, - деп жауап берді Ол (с.а.у.).

- Уа, Алланың пайғамбары! Иманмен қоса қандай амал істегені жөн? – дегенімде, Ол (с.а.у.):

- Алланың берген ризық-несібесінен жырып садақа берсін, - деді.

- Уа, Алланың пайғамбары! Ал, егер, садақа бере алмайтындай пақыр болса ше? – дегенімде Ол (с.а.у.):

- Жұртты жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйсын, - деді.

- Ал, егер, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюға шамасы келмесе ше?

- Қолынан іс келмейтін адамға жәрдем етсін (өздігінен іс істей алмайтын бейшараға жәрдем етсін).

- Уа, Расулалла! Егер өзі де жарытып ештеңе істей алмаса ше?

- Әділетсіздікке ұшыраған жанға араша түссін, - деді.

-Уа, Алланың пайғамбары! Егер, өзі әлсіз болып, жапа шеккен жанға араша түсуге шамасы жетпесе ше? – дегенімде Алла елшісі (с.а.у.) (маған қарап):

-Сен өзі досыңның бойында жақсылықтың ешбірін қалдырғың келмейтін сияқты ғой! – деді де, әрі қарай сөзін жалғап: «(Егер өзі әлсіз болса, тым болмағанда) адамдарға ешқандай зиян тигізбесін», - деп айтты.

- Уа, Алланың елшісі! Егер, пенде осыны істесе пейішке кіре ме? – деп сұрадым. Сонда, Ол (с.а.у.): 

- Қайсыбір мұсылман сайып өтілген ізгіліктердің бірін істесе, ол оны міндетті түрде қолынан жетектеп апарып пейішке кіргізеді, - деп жауап берді» - дейді Әбу Зәрр әл-Ғифари радияллаһу анһ[1].

Демек, мүмін-мұсылман адам қоғамға ешқандай пайда әкеле алмаса да, тым құрығанда айналасына және адамдарға залал тигізуден сақтануы тиіс екен. Оның өзі – ол үшін сауап саналып, тозақ отынан құтылуға септігін тигізеді, әрі, онысы қоғам игілігі үшін қосқан үлкен үлесі болмақ. Адамдар оның тілінен де, қолынан да зардап шекпесін. Оның тарапынан оларға зиян келмесін. Бұның өзі қоғам үшін пайда. Бір шайыр айтпақшы: 

Егер кісі адамдардан залал көрмей кеш батырып, таң атырса, 

Онда ол бақытты, тек өзі қылмыс істейтін болса ол басқа![2]

[1] Әл-Һәйсәми: «Мәжмәъуз Зәуид» т.б. хадис жинақтары. Сахих Хадис.

[2] Хассан ибн Сәбиттің  (حَسّان بن ثابِت ) сөзі. Хассан ибн Сәбит Пайғамбарымызды көрген сахаба шайырлардың бірі.

Аударып, дайындаған: А. Қасым.

Ғапыл және өлі жүректердің белгісі
Құдайға көркем қарыз беру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу