«Ихсан» деген не?

Oinet.kz 03-07-2020 899

image.png

Ихсан – Алланы көріп тұрғандай шынайы құлшылық ету, егер олай ете алмаса, Алла оны көріп тұрғанын сезіне отыра құлшылық жасау.

Мұсылман өзін Алланың көріп те, естіп те тұрғанын біледі. Сондықтан Аллаға ұнамайтын нәрселерді тыңдамайды және қарамайды.

Егер сен Исламның тірегі болған 5 парызыңа, иманыңның 6 негізіне амал етуді тек қана бір Аллаға ұнау үшін, бір Алла сені үнемі көріп тұрғандай жасамасаң, бәрі де бос әурешілік болып қалады.

Иә, Алла сенің істеріңнен ғана емес, ойларыңнан, сезімдеріңнен хабардар. Ол ерніңнің қыбырлағанын да, иненің жасуындай-ақ кіп-кішкентай жәндіктің жыбырлағанын да біледі. Алла, тіпті, құмырсқалардың да аяқ сыбдырын естиді, көзге көрінбейтін ең әлсіз тіршілік иелерін де көреді.

Осыдан 14 ғасырдай уақыт бұрын болған мына оқиғаға қарашы:

«Бірде Омар ибн әл-Хаттаб бір қойшыны сынау үшін: «Бір қойыңды маған сатсаңшы» - дейді. Қойшы: «Сата алмаймын, мен жай ғана құлмын, бұл қойлар маған тиесілі емес, қожайынымдікі» деп жауап береді. Омар оған: «Ал сен қожайыныңа қойды қасқыр жеп кетті деп айтса сал» дейді. Сонда қойшы: «Жоқ, қожайынымды алдай алсам да, Алла көріп тұр ғой, Оны алдай алмаймын», - деп жауап береді. Мұны естіген Омар әлгі қойшыны құлдықтан азат етіп: «Сені бұл дүниедегі құлдықтан осы сөз азат етті, Ақыретте де Алланың азабынан осы сөзің азат етеді деп үміттенемін», - дейді. (әз-Зәһәби, «Тамаша адамдардың өмірбаяндары» кітабынан).

Осы секілді тағы бір оқиғаның желісі мынадай:

Бірде ұстаз шәкірттеріне оқып жүрген дәрістерінің нәтижесін білмек болып:

- Балалар, ертең әрқайсысың сабаққа бір тауықты сойып әкелесіңдер. Бірақ бір ғана шарт бар, құстарды ешкімге көрсетпей союларың керек, - деп тапсырма береді. Ертеңінде балалардың барлығы ешкім көрмейтін жерге тығылып сойып алып келеді. Біреуі:

- Ұстаз, мен бәрінің көзінен жасырынып, қораға апарып сойдым, - десе, екіншісі:

- Мен біреу-міреу көріп қоя ма деп қауіптеніп, ауылдан тысқары елдің шетіне апарып сойдым, - дейді. Араларында тек бір шәкірт қана ұстаздың тапсырмасын орындамай келеді. Себебін сұрағанда:

- Ұстаз, мен тапсырмаңызды орындайтын-ақ едім, алайда, Алла көрмейтін бірде-бір жерді таппадым, - деп жауап берген екен.

Демек, ихсан – әрбір әрекетімізді Алла көріп тұрғандай ғибадат жасауға ұмтылу деген сөз.

Кедейдің байлығы
Жасы үлкен адамдарға құрмет көрсетудің жолдары
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу