Әлемді мойындатқан ғалым

Oinet.kz 30-08-2020 811

image.png

Кейде "Неге осы дінді айта бересіңдер? Неге елді ғылымға, білімге шақырмайсыңдар?" деген секілді пікірлерді де құлағымыз шалып жатады. Бірақ соны айтқан адамдар кезінде әлемді мойындатқан ғылыми жаңалықтардың артында мұсылман ғалымдары тұрғанын, бүкіл ғылым мен білімнің қайнар көзі, бастауы Құранда жатқанын, сондықтан да Мұқағали ақынның:

Дін - ғылымның анасы,

Ғылым - діннің баласы, -

деп өлеңдеткенін білмейді-ау, сірә.

Осы себепті біз ғылымға үлес қосып, еңбегі елге сіңген мұсылман ғалымдарының есімі мен еңбектерін жариялап тұруды жөн көрдік.

Соның бірі - есімі бүкіл әлемді мойындатқан Орта Азияның даңқты перзентi, «ғалымдардың атасы» Ибн Сина еді.

Уақыт талай ұлы мемлекеттердiң атын тарихтан өшiрiп, ұмыттырды. Көптеген халықтар мен тайпалардың есiмдерi де iз-түссiз жоғалып кеттi. Қаһарлы хандар мен шахтардың өздерiне ескерткiш ретiнде орнатқан талай алып құрылыстары мен сәндi сарайлары да топыраққа айналды. Бiрақ Орта Азияның перзентi, атақты ғалым Әбу Әли ибн Синаның есiмi адамзат тарихынан, халықтар шежiресiнен осы күнге дейiн ұмытылмай, өзiнiң құрметтi орнын алып келедi.

Ибн Сина бес жасынан-ақ өзiнiң тапқырлығымен маңайындағылардың бәрiн таң қалдырған бала болған. Алғаш Бұқарға көшіп келгенде ол бүкiл Құранды жатқа бiлген екен. Дарынды бала медреседе де өзiнiң қабiлеттiлiгiн бiрден көрсетедi. Баланың соншалықты бiлiмдi болып өсуiне өз отбасындағы мәдениеттi өмiр де елеулi әсер етеді. Себебі, оның үйiне Орта Азиядан, Таяу Шығыстан, тiптi, сонау Мысырдан қонақтар келiп, әкесi олармен ұзақ түндер бойы түрлiше ғылым-бiлiм тақырыбында әңгiме шертiседi екен. Бұл әңгiмелер көбiнесе әр елдің тұрмысы, әдет-ғұрпы, салт-санасы, философиясы, архитектурасы, көркемөнерi жайлы болатын, Ибн Сина осы әңгiмелердi тыңдап қана қоймай, бәрiн де жадына тоқып отырады.

"Өз заманының ең білімді адамы"

Осыдан соң Ибн Сина логика, физика, астрономия және тағы басқа ғылымдармен терең танысады. Содан кейiн медицинаны қолға алады. Аз уақыттың iшiнде мұны да толық меңгередi. Ерте заманның ұлы дәрiгерлерi Гиппократ пен Галеннiң шығармалары, Шығыс ғалымдарының медицина туралы түрлi еңбектерi оның қолынан түспейтiн болады. Осылайша, медицинамен практика жүзiнде айналысады, яғни маңайындағы ауырған адамдарды емдеу iсiмен шұғылданады. Бұл жұмысты көбiнесе тәжiрибе алу үшiн ақысыз-пұлсыз жүргiзедi. Ибн Синаның Бұқардағы жастық өмiрi осылайша үнемi оқу, үйренумен өтедi. Бiлiм қуған жас ұлан бiр бiлiмдi бiтiрiп, екiншi бiлiмге ауыса бередi. Сөйтiп жүрiп сол заманның бүкiл ғылымын өз бойына жинайды. Соның арқасында өз заманының ең бiлiмдi, ең оқымысты адамына айналады.

Осы кезде Бұқардың әмiрi Нух ибн Мансур қатты ауырып қалады. Сарай маңайындағы дәрiгерлер оған еш ем жасай алмайды. Сонан соң Ибн Синаны шақыртады. Жас дәрiгер әмiрдi табан астында жазып жiбередi. Сонан кейiн әмiр Ибн Синаға көптеген сыйлықтар бередi және сарай маңындағы кiтапханадан кiтап алып тұруға рұқсат етедi. Ибн Синаның айтуынша, бұл сол замандағы ең бай кiтапхана екен. Мұнда өзiнiң мазмұны және құндылығы жағынан дүние жүзiнде өте сирек кездесетiн кiтаптар болыпты. Ол заманның ғалымдарының көпшiлiгi мұндай кiтаптарды көрмек түгiл, өмiрде ондай кiтаптардың болуы мүмкiн деп те ойламаған. Мiне, Ибн Сина осы кiтаптарды мұқият оқып, одан өзiне қажеттi ғылым-бiлiмдердi ала бiлген.

Жаугершiлiк күндердiң бiрiнде Саманид сарайындағы бұл кiтапхана мүлде жойылып кетедi. Оның ғылым үшiн қажеттi кейбiр бағалы пiкiрлерi ғана аса зейiндi ғалымның жадында сақталып қағазына түседi. Кейiн оларды өзiнiң ғылыми жұмыстарында пайдаланады.

"Көптеген аурулардың ауа және қайнамаған су арқылы тарайтынын алғаш айтқан"

Ибн Сина жан-жақты ғалым болған. Ол физика, математика, астрономия, химия, философия, логика, медицина туралы аса көлемдi еңбектер жазып, аса бағалы жаңалықтар ашқан. Сонымен бiрге мемлекет басқару, ел билеу, әскери iс, ғылымдарды саралау, отбасы және неке жайында да толып жатқан жаңа пiкiрлер айтқан. Ең ақыры ол поэзиямен де шұғылданған. Оның араб тiлiнде жазған өлеңдерi мен парсы тiлiнде жазған риуаяттары (төрт жолдық өлеңдер) бiздiң заманымызға дейiн жеткен. Ғылым тарихында Ибн Синаның еңбектерi аса жоғары бағаланады. Сол заманның ғылым дәрежесiнiң төмендiгiне және құралдардың жоқтығына қарамастан, ол медицинада аса бағалы пiкiрлер айтып, көптеген жаңалықтар ашқан. Оның сол кезде медицинада, әсiресе адам анатомиясы жөнiнде айтқан кейбiр батыл болжамдары мен озат ой-пiкiрлерi арада жүздеген жылдар өткен соң, ғылым мен техниканың өсуiне байланысты тәжірибеде дәлелденiп, жүзеге асқан.

Мәселен, ол сол кездiң өзiнде-ақ көздiң бұлшық еттерiнiң қасиетiн ашқан. Адамның көз қарашағының торлы болып келетiнiн айтқан. Бұл болжамдар ғылымда, микроскоптың шығуына байланысты, тек кейiнгi кезде ғана дәлелдендi.

Ал оның кейбiр дәрi шөптер туралы берген мәлiметтерi осы күнге дейiн ғылымдық мәнiн жойған жоқ. Сол сияқты менингит, апоплекция, асқазан ауруы, плеврит жөнiнде алғаш пiкiр айтып, тұңғыш мәлiметтер берген де Ибн Сина болатын. Микроскоп шықпастан көп жыл бұрын-ақ, Ибн Сина суда микробтар болатынын айтқан. Сол себепті де ол суды қайнатып iшуге кеңес берген. Сол сияқты туберкулездiң жұқпалы ауру екенiн алғаш ашқан және көптеген аурулардың ауа және қайнамаған су арқылы тарайтынын да алғаш айтқан Ибн Сина.

Ибн Сина өзiнiң 20 жылға созылған қуғын-сүргiн өмiрi iшiнде үлкендi-кiшiлi жүзден астам ғылыми еңбек жазады. Бiрақ, өкiнiштiсi сол, олардың көпшiлiгi бiздiң заманымызға жетпей жоғалған.

20 жыл бойы қуғында жүрiп, жоқшылық пен таршылықтың зардабын тартқан ғалымның денсаулығы барған сайын нашарлап, әл қуаты кемидi. Ақырында, Орта Азияның даңқты перзентi, «ғалымдар атасы» атанған атақты оқымысты, асқан дәрiгер 1037 жылы шiлде айында шет елдерде жүрiп қайтыс болады. Өлер алдында өзiнiң бар дүние-мүлкiн кедейлер мен қайыршыларға таратып бередi.

Ол адамдарға мына бәйiтiн оқып береді:

Бәрiмiз де арпалысып, алысамыз, өлемiз, Сан бiлместiк, ағаттықты тек өлерде сеземiз.

Бұл ғалымның соңғы сөзi едi.

Қанағатпен дос бол
Кедейдің байлығы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу