Кітаптар мен Пайғамбарларға иман келтіру

Oinet.kz 28-04-2020 994

Адам ата жаратылғаннан бергі сан мыңдаған ғасырлар бойы жер бетінде көптеген қауымдар, мемлекеттер, рулар өмір сүрді. Ал адамдар санын ешқашан санап тауыса алмаймыз, оны бір Алла ғана біледі. Құлдарына тек қана игілікті қалаушы Раббымыз әрбір қауым адамдары азғындалып, жаман жолға түсе бастаған сайын екі дүниеде бақытқа жеткізетін жолға шақыратын, Аллаға ұнамды құлшылықтар жасауды, дұрыс өмір сүруді үйрететін пайғамбарларды жіберіп отырды. Жаратушымыз пайғамбарлыққа Өзі жақсы көретін, ең ізгі адамдарды таңдап отырған. Біз олардың әрбірін жақсы көруге, құрмет тұтуға тиіспіз. Олар Алладан берілген хабарды еш бұлжытпастан жеткізіп отырды. Осы хабарлар парақтар(сухуфтар) немесе кітаптар түрінде ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырған. Кейбір тарихшы ғалымдар 124 мыңнан астам пайғамбар болғандығын айтады. Олардың 25-і Құранда аталған.

Сондай-ақ, Алладан жіберілген 4 кітапқа сенеміз. Олар:

Тәурат - Мұса пайғамбарға (а.с)

Забур – Дәуіт пайғамбарға (а.с)

Інжіл- Иса пайғамбарға (а.с)

Құран – Мұхаммед Пайғамбарға (с ъ с) түскен.

Бұл кітаптарда бастапқыда Алланың ғана үкімдері мен бұйрықтары баяндалған. Уақыт өте келе зұлым, күнәһар адамдар өз ойларын, өз нәпсілеріне ұнамды тұстарды кітаптарға қосып, ұнатпағанын алып тастап, өзгертіп алған. Сондықтан, біз кітаптардың бастапқы нұсқасына ғана иман келтіреміз. Тек қана Құран кітаптың ғана 14 ғасырдан бері бір әрпі де өзгертілмеген. Өйткені, «Құранды Біз түсірдік, Оны Біз қорғаймыз» (15:9) деген уәдесі арқылы, өз қалпында сақтап қалған. Тіпті, Құранды адамдардың жүрегінде де сақтап қойды. Егер жер бетіндегі барлық Құранды жинап жойып жіберсе, оны толық жаттап алған қариларымыз қайтадан жазып шығар еді.

Құранда Алланың есім-сипаттары, бір Аллаға ғана құлшылық етуге шақыру, Алланың жаратылыстары, Алланың үкімдері мен тыйымдары, сауаптары мен жазалары, алдыңғы қауымдар туралы қиссалар, Мұхаммед Пайғамбарға (с ъ с) түсірілу оқиғалары баяндалған. Біздің Құран алдындағы міндетіміз – оны ұлықтау, құрметтеу, оның аяттарын оқу, жаттау, түсіну, ойлану және амал ету. Өйткені, Құран – бізді бәрінен артық жақсы көретін, ең үлкен жақсылықты қалаушы Алланың сөзі, адамдарға жолдаған хаты.

Періштелер туралы білесіз бе?
Жәннаттың есіктерінде не жазылған?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу