Періштелер туралы білесіз бе?

Oinet.kz 25-04-2020 1194

Алланың қолдауымен "Менің дінім - Ислам" жобасы аясында Ислам шарттарын, яғни мұсылманның бес парызын түгендеп болдық. Енді иман негіздеріне тоқталсақ дейміз.

image.png

Ислам дінінде маңызды 6 негіз бар. Олар:

Аллаға,

періштелерге,

пайғамбарларға,

кітаптарға,

ақырет күніне,

тағдырға сену( иман келтіру)

Біздің ғаламда адамдармен қатар тіршілік ететін басқа да жаратылыстар бар. Солардың бірі – періштелер әлемі.

Періштелер – Алла Тағаланың жаратқан құлдары. Әрқайсысы әрбір қызметте. Олар еркек те емес, ұрғашы да емес, ішіп-жемейді, күнә жасамайды. Олар әртүрлі кейіпке ене алады әрі періштелер нұрдан жаратылған. Олардың саны өте көп, алайда жалпы санын тек бір Алла ғана біледі. Алла Тағала періштелерді ерекше құрметтеп, Өзіне ғибадат етуі және әмірін орындауы үшін жаратты. Олар Аллаға қарсы келместен, Оның барлық бұйрықтарын орындайды. Бұл туралы «Нахл» сүресінің 50-аятында: «Періштелер Раббысынан қорқады және өздеріне бұйырылғанды орындайды», - делінген.

Періштелер өте алып күшке ие. Олардың дене тұрқы мен көлемі үлкен. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мен Жәбірейілді өз бейнесінде екі-ақ рет көрдім. Ол аспаннан түсіп келе жатқан еді. Оның үлкен болғаны сонша, аспан мен жердің арасындағы кеңістікті түгел жапты», - деген. (Муслим 177)

Әр адамның оң жағында және сол жағында екі періште отырады. Олардың оң жақтағысы біздің жақсы амалдарымызды, сөздерімізді жазса, сол жақтағысы тек жамандықтарымызды жазып отырады. Құранда бұл періштелер "кираман кәтибин", яғни "құрметті жазушылар" деп аталған. Сондықтан, ауыздан шыққан әрбір сөзімізге абай болуымыз қажет. Алланың алдында есеп беретін Қиямет күні басталғанда осы періштелер жазған амалдарға сай кітаптарымыз беріліп, Жәннатқа не тозаққа баратындығымыз анықталады.

Қиямет күніне дейін тек қана бір құлшылықты жалықпастан атқаратын өте көп періштелер бар. Яғни, Алла біздің құлшылығымызға еш мұқтаж емес, оны күндіз-түні еске алып, сәждеде жататын өз құлдары бар.

Сонымен бірге біздің артымызда және алдымызда үнемі «хафаза періштелер» күзетіп жүреді. Олар Алланың әмірімен бізді түрлі жамандыққа ұшырап қалудан, оқыс жағдайлардан сақтап қалады. Кейде қатты жығылғанда не бірдеңеге соғылғанда «Бір Құдай сақтап қалды» деп жиі айтамыз ғой. Міне, осылай Алла Өзінің шексіз мейірімі, қамқорлығымен әлсіз құлдарын сақтап жүреді. Бұл туралы "Рағыд" сүресінің 11-аятында: "Әркімнің алды-артынан Алланың әмірі бойынша өкшелеп қорғаушы періштелер бар", - делінген.

Бұдан өзге ең үлкен 4 періште бар. Олар:

Жәбірейіл – Пайғамбарларға Алладан хабар әкелетін ең үлкен, ең ардақты періште.

Микайл – табиғаттағы құбылыстарды (жаңбыр жаудыру, жел соғу, егіннің шығуы) басқарып отыруға міндетті періште.

Исрафил – Қиямет басталғанда екі рет сүр үрлеу жүктелген періште.

Өлім періштесі - ажалы жеткен адамдардың жанын алатын періште.

Бұдан өзге Мүңкір мен Нәңкір (пендені қабірде сұраққа алу міндеті жүктелген періштелер), Ридуән (Жәннаттағы періштелердің бастығы), Мәлик (тозақтағы періштелер бастығы) сынды періштелер де бар.

Тектілікті сақтаудың жолдары
Кітаптар мен Пайғамбарларға иман келтіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу