Кім бірінші кешірім сұрайды?

Oinet.kz 24-03-2020 847

Ертеде ағалы-інілі ағайындылар тату-тәтті көршілес өмір сүрген екен. Алайда бір күні үлкені кішісінің өтінішін орындамай қалып, араларында салқындық пайда болады. Екіншіде кішісі де ағасына қажетті көмекті көрсетпей, өткен жолғы ренішін еске салады. Осыдан кейін екеуі бет көріспестей ренжіседі. Сөйлесу түгілі, амандаспайтын халге жетеді.

image.png

Күндердің күнінде үйдің үлкенінің есігін жұмыс іздеп жүрген ағаш ұстасы қағады. Жұмысқа алуға келісіп:

– Анау тұрған шағын өзенді көрдің бе? Соның арғы бетінде інім тұрады. Сол жерге үлкен қақпа орната аласың ба? Ол өте биік болсын! Оның үйін де, тұлғасын да көргім келмейді,-дейді. Ұста:

– Иә, жасауға болады. Сонда неге ініңізді көргіңіз келмейді? - деп сұрайды.

Ағасы не себепті ұрысқандарын да есіне түсіре алмайды. Жүрегі әбден қарайып, реніші тереңдеп кеткен екен. Аз ғана ойланған ұста:

– Рұқсат етсең таңға дейін жұмыс істейін, ертең басқа шаруаларым бар, - дейді. Қожайын келісім береді. Алайда, түні бойы мазасызданып, ұйықтай алмайды. Оның үстіне сырттан ұста құралдарының тарс-тұрс дыбыстары естіле береді.

Ақыры таң атып, қожайын сыртқа шығып, қақпаға тапсырыс берген тұсқа мойын бұрады. Қараса, ешқандай қақпа жоқ. Керісінше, өзеннің арғы бетіне өтетін көпір қойылыпты.

– Сорың құрсын! Мынау не сұмдық?! Мына ұстаны ма? Мен оған әлгілерді көзіме көрсетпейтін қақпа салуды тапсырдым ғой! - деп ашуға буылға бергенде, таныс бейне ұшыраса кетеді. Кілт тоқтаған ол анықтап қараса, көпірдің үстінде інісі тұр екен. Ол қолын бұлғап:

– Қымбатты, бауырым менің! Жан бауырым! Сені сондай сағындым! Сен менің ең жақынымсың ғой! Өзім бірінші қадам жасауға шешіле алмай жүр едім. Алайда, сен соны жасадың. Әрине, өйткені, сен үлкен әрі ақылдысың ғой.. - деп ағынан жарылады.

Екі бауыр құшақтасып, көздеріне жас алып, мәз-мейрам болысады. Көкке отыра кетіп, өткен-кеткенді еске алады. Осылайша, кештің қалай батқанын білмей де қалады...

ТҮЙІН: «Мұсылманның мұсылманға үш күннен артық араздасуына болмайды. Үш түннен кейін оған барып сәлем беруі міндет болады. Сәлеміне жауап берсе, ортақ сауапқа ие болады. Жауап бермесе, күнәсі оған болады» делінген хадисте.

Және кім бірінші болып ашуын басып, кешірім сұраса – Алла алдында мәртебелі болып, сауапқа ие болмақ. Ендеше, дәл қазір ренжіскен бауырыңыз болса, хабарласып, алғашқы қадамды өзіңіз жасауға ешнәрсе кедергі емес!

Пайдалы нәрсемен айналысудың артықшылығы
Адамға сын айтудың 7 қағидасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу