Өткен күннен ғибрат

Oinet.kz 09-09-2020 1061

Адамның үш уақыты бар: кешегісі, бүгіні, ертеңі. Осы үш уақыт аясында адам өмір сүреді. Кешегі өткен күні - тарих, бүгіні - өз қолында, ертеңгі күні – беймәлім.

image.png

Құрметті бауырым! Бүгінгі әңгіме өзегі - өткен өмір жайында. Өткенге көз жүгіртіп, одан тиісінше дәріс алу - үлкен іс. Кейбір адамдардың болашаққа бағыт-бағдар жасай алмауының басты себебі – өткен шаққа байлануында. Адам өткен шағынан тиісті дәріс алып, одан түпкілікті арылмайынша ертеңгі өмірін баянды ете алмайды. Ол бір өмір кітабы секілді керек жерін түртіп жазып алып, қалғанын өшіріп тастау қажет.

Өткен шаққа табынушылық - адамды артқа тартатын, болашаққа бағдар қоюына кедерге болатын, тәуекелшілділіктің хас жауы. Бұндай ауруға шалдыққан адамдардың болашағы бұлыңғыр.

Бірінші: Жастық шақ сергелдеңін аңсау;

Ақыл тоқтататын жасқа келсе де көп адамдар жастық кезіндегі сергелдеңдерін, талай пәк жүректерді жаралап, талай тұнықты лайлаған шақтарын есінен шығармайды. Күнәға батқан осы кезеңдерін кейінгілерге әңгіме қылып, бөсіп отырған адамдарды талай көрдік. Сол істеріне өкініп, қам жеп уайыммен айтса жарар еді ғой. Аузының суы құрып, аңсағанына не дерсің?!. Тіпті бұл әрекет Алла һидаят беріп, иман жолына түскен адамдардан да байқалып жатады.

Егер санаңызды әлі күнге дейін осындай ойлармен улап жүрсеңіз. Сіз өткен шақтың шырмауындасыз. Бұл ойлардан толықтай құтылмайынша сіз болашаққа мардымды жоспар құра алмайсыз.

Бұрынғы жасаған күнәларын әңгіме қылу онымен мақтану адамның әлі толық иман келтірмегенінің белгісі, өйткені түпкілікті келгенде сол істі қазір жасамаса да сол бір дәурен құрған шақтарын аңсаудың бір нышаны бар. Күнәға батқан сол бір кезеңге қазір-ақ ұшып барар еді әттең қанаты жоқ.

Алла Тағала Құран Кәрімде:

"Алла ашық айтылған көңілге дақ түсіретін ауыр сөзді еш ұнатпайды. Тек жазықсыз жапа шеккен адамның ашынғаннан айтқан сөзінің жөні бөлек. Алла – Самиғ (айтылған сөздің бәрін естуші), һәм Алим (кімнің не айтып, не қойғанын, қандай ниетпен айтқанын жақсы білетін шексіз ілім иесі)", - деген.

Осы турасында пайғамбарымыз ﷺ:

إِنَّ أَعْظَمَ النَّاسِ خَطَايَا يَوْمَ الْقِيَامَةِ أَكْثَرَهُمْ خَوْضًا فِي الْبَاطِلِ

"Қияметтегі ең күнәһар адамдар олар – азғындыққа көп кіргендер (көп айтқандар)",- деген екен.

Адам санасының бұндай ойлардан арылуының жалғыз жолы – тәубе етуі. Егер күнәға шынайы түрде тәубе етілмесе ол қоқыс секілді сананы

былғай береді. Жасалған күнәлардың ақыреттегі азабы шынайы түйсігіне жетпейінше, одан жаны тітіркенбейінше ол ойлар әр кез оны мазалап тұрады. Сол бір сәттер санаға оралып, оны қайта құмартсаңыз надандық шыңырауына ылдилап қайта құлағаныңыз. Жақсы ой мен жаман ой ешқашан бір жерде тоғыспайды. Жамандық бәрібір өз дегеніне жетіп, жақсылықты ысырады. Алла Тағала Құран Кәрімде:

مَّا جَعَلَ اللَّهُ لِرَجُلٍ مِّن قَلْبَيْنِ فِي جَوْفِهِ ۚ

"Алла бірде-бір адамның көкірек қуысына (біреумен Аллаға, екіншісімен өзгеге иман келтіріп, құлдық ұрсын деп) екі бірдей жүрек жаратпаған",-дейді.

Құрметті бауырым! Санаңды артқа тартатын осындай кертартпа ойлардан аулақ болғайсың!

Екінші: Тектілікпен мақтану;

Енді бір адамдар өзінің шыққан тегімен мақтанады. «Атам кезінде молда болып еді», «аталарымыз қажылыққа жаяулап барған», «әжеміз молданың қызы еді», «батырдың тұқымы едік» деген әңгімелерді жиі естиміз. Әрине өзінің тегімен мақтан тұту - ол құптарлық-ақ іс, ал егер өзінің бойында сол аталарына тән қасиеттер байқалмаса, оның текті ұрпақтан болғанынан не пайда. Аталары текті болғанымен өзі солардың жолымен жүрмесе, олар секілді асулардан аспаса ол тектіліктің не керегі бар?. Оның бұлай мақтануындағы мақсаты - өзінің текті қауымның ұрпағы екенін көрсету, өзін басқалардан жоғары ету. Әке-шешең текті болса шаруа бітті деген сөз емес. Тектіден де алалар тууы мүмкін. Тектілікті сақтау керек, бірақ жоғары мақсаттарға жету үшін де қажыр-қайрат қажет. Қазіргі заманда сенің тектілігіңе емес ісіңе қарайтын заман. Егер ісің алға басып одан кейін сеңің тектілігің анықталып жатса, ол нұр үстіне нұр.

«Ата-бабам текті болған» деп өзінің санасына сіңіру, әрекет етпей жатып алу, адамды артқа тартатын құбылыс. Ол асыл тұқымды жылқы секілді. Алайда оның шынайы сәйгүлік екені тек аламан бәйгеде байқалады. Сол секілді адамның да адам екені ісінде байқалады.

Үшінші: Ілгерідегі буынның салып кеткен қисық жолынан түспеу;

Атақты Төле бидің:

Атадан ұл туса игі Ата жолын қуса игі. Өзіне келер ұятын Өзі біліп тұрса игі.

Ия ата жолын қуу, ол құптарлық-ақ іс. Алайда ата жолым деп ұстанған жолын тура жол болмай шықса не істемекшісің? Егер ұстанған ата жолың өмір ережелеріне, Алланың заңына қарсы болса қайтпекшісің? Осы ұранды айтып шаба бермекшісің бе?

Оларға «Ақиқат жол Алланың әміріне мойынсұну керек делінсе», «жоқ» мен ата-бабамның жолындамын дейді. Алла Тағала ондай адамдар жайында:

وَإِذَا قِيلَ لَهُمُ اتَّبِعُوا مَا أَنزَلَ اللَّهُ قَالُوا بَلْ نَتَّبِعُ مَا أَلْفَيْنَا عَلَيْهِ آبَاءَنَا ۗ أَوَلَوْ كَانَ آبَاؤُهُمْ لَا يَعْقِلُونَ شَيْئًا وَلَا يَهْتَدُونَ

"Оларға: «Алланың түсірген кітабына еріңдер делінсе, олар: Жоқ, біз керісінше ата-бабаларымыздан не көрсек, соны ғана басшылыққа аламыз», дейді. Сонда ата-бабалары еш нәрсенің байыбына бармаған әрі тура жолды таба алмаған болса да ма?!",-деген.

Төртінші: Өткенге тек өкінішпен қарау;

Енді бір топтан болған адамдар өткеніне тек өкінішпен қарайды. «Былай істегенде былай болар еді», «Неге мен сол кезде оқуға түспедім екен?», «егер», «егер» деген сөздерді жиі қолданады. Алла Тағала Құран Кәрімде ондай адамдар жайында:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تَكُونُوا كَالَّذِينَ كَفَرُوا وَقَالُوا لِإِخْوَانِهِمْ إِذَا ضَرَبُوا فِي الْأَرْضِ أَوْ كَانُوا غُزًّى لَّوْ كَانُوا عِندَنَا مَا مَاتُوا وَمَا قُتِلُوا لِيَجْعَلَ اللَّهُ ذَٰلِكَ حَسْرَةً فِي قُلُوبِهِمْ ۗ وَاللَّهُ يُحْيِي وَيُمِيتُ ۗ وَاللَّهُ بِمَا تَعْمَلُونَ بَصِيرٌ

"Уа иман келтіргендер! Өздері кәпір болған күйде жорыққа шығып, немесе соғысып шейіт болған бауырлары жайлы «Егер олар біздің қасымызда болғанда , өлмес те еді, жау қолынан қаза таппас та еді» деп айтқан кәпірлер сияқты болмаңдар. Алла мұны олардың жүрегін қасірет жайласын деп істеуде. Жан бітіп өмір сыйлайтын да өмірді қиятын да бір Алла. Алла не істеп не қойып жүргендеріңді толық білуші"

Өзінің сәтсіздігін Алладан, ата-аналарынан, мемлекеттен кейде өзінен көріп жатады. Ол ой оның санасын жаулағаны сондай көгенделген қозы секілді орнынан тырп ете алмайды. Тәуекелге барып, бір істі бастаудың орнына өмір бақи қарғысқа ұшыраған адам секілді жігерсіздік танытады. Ол үшін сәтсіздік мәңгі қасынан шықпайтындай, әрдайым аңдып жүретіндей көрінеді.

Қайғымен, қиындық - желкеңде, Тұрады: бүгін де, ертең де... ...Ойлама бір күні, кетер деп, Өзің-ақ, өмірді, көркемде!, деп бір ақын ағамыз айтқандай, қиындық, сынақтар адамды бір сәт тастаған емес. Әр қиындықты асуы тиіс жаңа белес ретінде қабылдамайынша адам алға жылжымайды.

Бір адамдар жоғалған махаббатына жабығады. Сол сәтте ол үшін ешкім жоқтай көрінеде. Көзіне тіпті ешкімді ілмейді. Сол уақытта ол үшін бейне аспан, жер төңкерілгендей болады. Бірақ адам бұл істің ол үшін қайырлы екенін санысына салып, пайымдамайды.

Енді бір адамдар түсе алмаған оқуына, орналаса алмаған жұмысына қайғырады. Бірақ бір жыл өтпей одан да жақсы оқуға түсіп, жұмысқа орналасып кететінін білмейді.

Енді бір адамдардар өміріндегі жасаған күнәлары үшін Алланың рақымынан үмітін үзгендей күй кешеді. Өзін қоғамның төменгі сатысындағы адамдай, керексіз бөлшегі ретінде сезінеде. Осы ойлары оны бұл дүниеде жоғары мақсаттар қоюға, барша адамзатпен терезесі тең әрекет етуіне кедергі. Алла Тағала:

قُلْ يَا عِبَادِيَ الَّذِينَ أَسْرَفُوا عَلَىٰ أَنفُسِهِمْ لَا تَقْنَطُوا مِن رَّحْمَةِ اللَّهِ ۚ إِنَّ اللَّهَ يَغْفِرُ الذُّنُوبَ جَمِيعًا ۚ إِنَّهُ هُوَ الْغَفُورُ الرَّحِيمُ

"Уа өздеріне зиян қылған құлдарым! Алланың рахметінен күдер үзбеңдер. Алла баршаларыңның күнәларыңды кешіреді. Өйткені Ол ерекше жарылқаушы, мейірімді" де",- деген.

Қорытындылай келе өткен өміріміздің қателіктері мен сәтсіздіктері біз үшін дәріс.

Өткен шақ ол – тарих, келер шақ біз үшін беймәлім. Сол себепті бүгіннен бастап тарихыңды жаңа парақтан бастауыңа мүмкіндік бар.

Раббым, өткен күнімізге өкінбейтін болашағымызға нық қадам басатын мұсылмандардан қыла көр!

Пайғамбарымыз осыдан қатты қорқатын
Намаздан кейін тәкбір ташриқты айту міндет пе?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу