Пайғамбарымыз осыдан қатты қорқатын
«Алла сыртқы кескін-келбет, дене-пішініңізге емес, жүректеріңізге қарайды»
(Хадис)
Екіжүзділік – адам бойындағы ең жағымсыз қасиеттердің бірі. Ең қорқыныштысы екіжүзділік құлшылық кезінде қылаң берсе. Яғни, жүрекпен иман келтірмей, тек сыртқа өзін тақуа етіп көрсету. Бұл адамның өз-өзін ғана емес, Алла Тағаланы мазақ қылғаны.
Алла елшісінің де қорыққаны осы еді. Имран ибн Хусайн адамзаттың ардақтысының (ﷺ) хадистерінің бірін баяндап былай дейді: «Шын мәнінде сендер үшін қорқатын нәрселерімнің ішіндегі ең қорқыныштысы – сендер кіші ширк жасап қоя ма деп алаңдауым». Сонда адамдар оның не екенін сұрағанда: «Бір істі көзге көріну үшін жасау», — деп жауап берген. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Кішкентай ширктен сақтаныңдар!» – деп ескерте келе, «кіші ширктің» не екенін сұраған сахабаларына, пайғамбарымыз (ﷺ): «Ол – рия», – деп жауап береді.
Алайда барлық шындық ашылатын күн туады. Сол кезде әркім тиісті жазасын алады. Алла Тағала жүректегіні білуші.
Исламда екіжүзді деп кімді айтамыз? Мұнафықтың белгісі жайлы хадисте былай делінген:
Абдулла бин Амр (р.а.) риуаят етеді Пайғамбарымыз(ﷺ) : «Кімнің бойында төрт белгі болса, нағыз екіжүзді (мұнафық). Ал, осы төртеуінің бірі табылса одан арылмайынша кісіде екіжүзділіктің нышаны болғаны, ол: аманатқа қиянат етеді, сөйлегенде өтірік айтады, сертін бұзады және дауласса арамдыққа барады» 1, – деп екіжүзділіктің белгісін айқындап берген .
Тағы бір хадисінде Пайғамбарымыз (ﷺ) былай дейді: «Маған мына алты нәрсе үшін кепілдік беріңдер, мен де сендерге жәннатқа кіруге кепілдік берейін:
– Сөйлегенде шындықты айтыңдар;
– Уәделеріңді орындаңдар;
– Аманатқа сенімді болыңдар;
– Ұятты жерлеріңді сақтаңдар;
– Көздеріңді харамға жұмыңдар;
– Қолдарыңды харамнан аулақ ұстаңдар» 2 .
Хадистен ұғынғанымыздай уәде де тұрмау, жалған сөйлеу – екіжүзділіктің белгісі. Ардақты пайғамбарлар мен саңлақ сахабалар мұнафық болып қалудан қатты қорыққан. «Аманатқа қиянат қылған, уәдені орындамаған – имансыз», - деген хадистен байқағанымыздай екіжүзділіктің нышаны болған жерде шынайы иман болмайды.
Ақын Абай да:
«Аллаға ауыз қол емес,
Ынталы жүрек, шын көңіл,
Өзгесі Хаққа жол емес», – десе, Шәкәрім «Тәңірі жолы – ақ жүрек» деп жырлаған. Сондықтан да қандай амал істесек те адал жүрекпен, ақ ниетпен орындауға жазсын.