Жүкті және емізулі баласы бар әйелдердің оразасы

Oinet.kz 06-04-2020 1226

Әрине, жылына бір-ақ рет сағындырып келетін Рамазандағы оразаны ешкімнің өткізіп алғысы келмейтіні анық. Ал дінімізде ешбір сауал жауапсыз қалмаған. Сондықтан бүгін біз жүкті және емізулі баласы бар әйелдердің оразасы туралы айтып көрмекпіз.

2-17.jpg

Алла Тағала Құран Кәрімде:

«...Ал сендерден кім ауру не сапарда болса, онда басқа күндерде толтырсын...[«Бақара» сүресі, 184-аят]», – деген. Аурудың жеңіл және ауыр түрі бар. Бас ауруы, тіс ауруы, және қолдың ауруы секілді аурулар оразада қиындық тудырмағандықтан, мұндай науқас ораза тұтады. Ал жүктілік, бала емізу секілді денсаулыққа күтім қажет ететін жағдайларда оразаны ашуға шариғат рұқсат береді.

Фиқһ кітабында:

«Жүкті әйел мен емізулі баласы бар әйел сәбиінің немесе өзінің денсаулығына қауіптенсе, ораза тұтпайды, бірақ кейін оразаның қазасын өтейді», - деп жазылған. (әл-Ихтияр ли тағлил әл-мұхтар, 1-2 бөлім, 193-бет)

Ал Пайғамбарымыз (ﷺ):

«Расында Алла Тағала жолаушының намазының жартысын және жолаушы, жүкті әйел мен емізуші әйелдің оразасын мойындарынан көтерген», – деген. (Ахмад)

Демек, әйел баласын тек емізіп тамақтандыратын болса, онда ораза ұстамай, баласы сүттен шыққаннан кейін қазасын өтеуіне болады. Ал егер бала күндіз өздігінше тамақтанып, тек жатар кезде ғана еметін болса, мұндай жағдайда әйел ораза ұстауы тиіс. Себебі, Алла Тағала Құранда: «... Ал сендер үшін ораза ұстау жақсырақ, сендер білсеңдер еді!» - деген. Егер ораза ұстаған әйел баласын емізсе немесе нәрестесінің нәжісін тазаласа, я болмаса сол нәжісті ұстаса, оның оразасы бұзылмайды.

Ескерту: әр әйел өз басындағы жеке жағдайларына байланысты кез келген сұрақты мешіттегі имамдардан, ҚМДБ пәтуа бөлімінен сұрап, анықтап алғаны жөн.

Абдуғаппар Сманов: «Кредит алған адам ауыр күнә арқалайды»
Әбәбил дегеніміз қандай құс?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу