Құндық ішік (шуба) кию күнә ма?

Oinet.kz 11-12-2014 1268

Алда қыс келе жатыр. Әйелдер қауымының құндыз ішік (шуба) кию маусымы басталады. Соңғы кездері ішік кию туралы қоғамда түрлі пікірлер тарап, ғаламторда түрлі бейнероликтер адамдардың   аң терісін тірідей сыпырып алатындарын көрсетуде. Мұндай видеоны көрген нәзік жандылардың құндыз ішік киюге деген көңілдері қайтып қалып та жатады.  Осыған шариғат бойынша не үкім бар, аң терісін пайдаланған дұрыс па деген сұраққа Islam.kz сайты жауап берген екен.  image.png

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед ғалейһиссәләм өзінің бір сөзінде: «Тері иленсе, тазарады», - дейді[1]. Бұл дегеніміз, еті желінбейтін хайуанның терісі иленіп, белгілі өндеуден өткеннен соң таза күйге енеді деген сөз (доңыз терісінен басқа). Одан кейін, тазарған теріні түрлі кәдеге жаратуға болады. Айталық, құлақшын, тон, етік т.б. киістер тігіп, сан алуан бұйымдар жасауға болады.

Қазіргі таңдағы күзен (норка) секілді әртүрлі аң терілерінен өнделіп тігілетін ішіктерді киюдің негізінен алып қарағанда, күнәсі жоқ. Деректерге сүйенсек, Имам Ағзам Әбу Ханифаның тиін терісінен тігілген бас киімі болған. Хадисші Даххак бұлғын терісінен (соболь) тігілген құлақшын киген екен[2].

Ендігі жерде, қандай да бір хайуанға немесе аңға терісін тірідей сыпыру арқылы жапа шектіру ауыр күнә болып табылады. Ондай нәрсе – харам. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің бір сөзінде: «Алла тағала әр нәрсеге мейірімдік көрсетуді жазып қойды. Егер, өлтіретін болсаңдар ең абзал түрде өлтіріңдер (жауыздық жасамаңдар). Мал соятын болсаңдар, ең абзал түрде сойыңдар...», - деп бұйырған[3].

Басқа бір хадисте, кішкентай шымшықты ермекке өлтірген адамнан қиямет күні оның ақысын алып беретіндігіне ишара етіледі[4]. Тағы бір хадисте бір әйелдің мысықты аштан қатырғаны үшін тозаққа тасталғандығы баяндалған. Сондықтан да, мұндай жауыздыққа Исламда жол жоқ. 

Алайда, осыған қарап жаппай ішік (шуба) атаулыны кию харам дей салсақ, онымыз асығыс айтылған тұжырым болар еді деген ойдамын (Аллаһу аъләм). Неге десеңіз, мұндай бассыздық кей елде орын алып, кей елде орын алмауы мүмкін.

Әйтсе де, ішік кимеу арқылы аталмыш сорақы әрекетке бойкот жариялағым келеді десеңіз, өз еркіңіз. Ардақты Алла елшісі: «Кімде-кім бір жаман әрекет көрсе (дұрыс емес әрекет көрсе), оны қолымен өзгертсін. Оған күші жетпесе, сөзбен айтып, өзгертсін. Оған да күші жетпесе, жүрегімен жек көріп тұрсын. Бұл - иманның ең әлсіз көрінісі», - деген. 

Бірақ, бұл мәселеде әлдебір жекелеген адамдардың қарсылығымен ғана шектелмей, «Жануарларды қорғау қоғамдық қоры» сияқты жергілікті құзырлы органдар өз қарауларына алып, ондай өрескелдікке тосқауыл болулары керек.

«Құрбан» сөзі араб тілінен аударғанда қандай мағына береді?
Мұсылман мейрамдары туралы не білеміз?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу