«Құрбан» сөзі араб тілінен аударғанда қандай мағына береді?
«Алладан өздеріне ризық ретінде берілген құрбандық малдарын белгілі күндері Алланың атын айтып, құрбандық шалсын. Оның етінен өздерің де жеңдер, жоқ - жітікке де жегізіңдер».
(Құран-Кәрім, Хаж сүресі, 27-28 аят)
«Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаһқа жетпейді. Оған жететін жалғыз нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалық, Аллаһқа деген құрмет»
(Құран-Кәрім, Хаж сүресі, 37)
Құрбан – араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаһқа жақындай түсу. Ал, шариғатта ол – «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» деген мағынаны береді. Ислам дінінде құрбан шалу Алла Тағаланың әмірлерінің бірі болып табылады. Сондықтан кімде-кім бар ниетімен Алла ризалығы үшін Құрбан айт мейрамында құрбандық шалса, сол істеген құлшылығының мол сауабын алады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Алла ризалығы үшін шалынған құрбанның әр қылы үшін сауап бар екенін мына хадисінде сүйіншілеген:
Сахабалар Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.):
- Ия, Алланың Елшісі, құрбандық деген не?- деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
- Құрбандық сендердің Ибраһим (ғ.с.) бабаларыңның сүннеті,-дейді. Сахабалар:
- Одан бізге қандай сауап бар?-- деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
- Әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар,- дейді. Сонда олар:
- Қойдың жүнінен ше?- деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
- Қойдың жүнінің әрбір тал қылшығына да сауап жазылады,- деп жауап берген.
Құрбандық шалу кімдерге уәжіп?
Алдымен ол адам мұсылман болуы шарт және Құрбан айт уақытында жолаушы болмауы керек. Құрбан шалу негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болғандарға міндет (нисап мөлшері – 85 грамм алтын немесе соның құнына тең келетін ақша. Мұндай байлық мөлшері қолында жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет емес, бірақ, жағдайы келсе құрбандық шалуына рұқсат).
Кез-келген мал құрбандыққа жарамайды. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе малдары жарамды. Қой мен ешкі – ең кемі 1 жасар, сиыр – 2 жасар, түйе – 5 жасар болуы тиіс. Құрбандық малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Құрбандық мал ғибадат ретінде бауыздалуы шарт. Шын мәнісінде Аллаһ пенделердің құлшылығына да, құрбандық шалуына да мұқтаж емес.
Құрбанның дұрыс болуы үшін діни тұрғыдан оның белгіленген уақытта бауыздалғаны жөн. Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың 1-ші күні айт намазынан кейін басталып, айттың 3-ші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Бұл жайында Бара бин Азиб жеткізген хадисте Алланың Елшісі (с.ғ.у.):
«Бұл күні біз ең бірінші істейтін амалымыз ол--айт намазын оқу. Содан кейін қайтып келіп құрбан шалу. Кімде-кім осылай қылса біздің сүннетімізді істегені. Ал кім құрбандықты бұдан бұрын (намаздан бұрын) шалса, онда ол, құрбан шалу мен жәй қой сойғанының арасында айырмашылық болмайды. Бұл құрбандық емес», – деп ескертсе, басқа бір хадисінде:
«Кім намаздың алдында құрбан шалса, айт намаздан кейін қайта шалсын»,-деген.
Құрбандыққа шалынған малдың етін үшке бөлу мұстахаб. Пайғамбарымыз (с.ғ.у.) құрбандыққа шалынған малдың бір бөлігін өзінің жанұясына қалдырған, екінші бөлігін кедей көршілеріне берген, үшінші бөлігін садақа ретінде таратқан.
Шалынған малдың терісі, сүті мен сирақтары сатылмайды. Кедейлерге беріледі.