Қазақстанда театр қашан пайда болды?

Oinet.kz 17-09-2019 5139

0185743E-78FB-486D-A455-166F2AAC4BFA.jpeg

Театр тарихы сонау Грек, Римнен бастау алатын, бәлкім одан да бұрын пайда болған ерекше өнер түрі. Театр өнер сүйер қауымның қазір де болса ыстық ықыласына ие. Ал осы театр біздің кең байтақ жерімізге қашан төселді екен. Мақаладан оқыңыз.

Қазақстан аумағында алғашқы театрлар XIX ғасырдың екінші жартысында құрыла бастады. Оралдағы көпестердің орыс труппасы (1859), Тараздағы гарнизон әскерлері мен офицерлер труппасы (1887), Семейдегі музыка мен драматургиялық өнер сүюшілер қоғамы (1890) қазақ әуесқой театрының дамуына бастама болды. Бұған XX ғасырдың басында пайда болған татардың көшпелі труппалары өз үлесін қосты.

1910 – 1915 жылдары қазақ өмірінен алынған қысқа драмалық суреттеулер мен сценарийлер жазылды. 1917 жылы М.Әуезов «Еңлік-Кебек» трагедиясының бірінші нұсқасын жазып, кейіннен осы шығарманы бірнеше рет өңдеді. Театрлық процестің жедел дамуы қазан революциясынан кейін ерекше күш алды. 1918-1924 жылдар аралығында Ақмола, Тараз, Көкшетау, Оренбург, Ташкент, Түркістан, Шымкент, Қостанай, Петропавл қалаларында жаңа труппалар құрылып, Ж.Аймауытовтың, М. Әуезовтің, М.Дулатовтың, Е.Ерденовтің, К.Кемеңгеровтің, Б.Майлиннің, С.Сейфуллиннің пьесаларын сахнаға шығарды.

Қазақтың кәсіби театр өнері 1926 жылдың 13 қаңтарында Қызылорда қаласындағы Қазақ мемлекеттік драма театрында М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» қойылымы көрсетілуімен ресми түрде ашылды. Оның директоры және көркемдік жетекшісі Ж.Шанин, әйгілі әртістері мен әншілері Қ.Қуанышбаев, С.Қожамқұлов, Е.Өмірзақов, Қ.Бадыров, И.Байзақов, Қ.Жандарбеков, Ә.Қашаубаев, Қ.Мұңайтпасов, Ғ.Абдуллин қазақ театры өнерінің қалаушылары болып тарихта қалды.

1928 жылы бұл театр Қызылорда қаласынан жаңа астана Алматыға қоныс аударып, театрдың шығармашылық құрамында К.Байсейітова, Ж.Елебеков, М.Ержанов, Ш.Жиенқұлова, У.Тұрдықұлова сияқты өнер майталмандары өнер көрсетсе, ал 30-шы жылдардың ортасында Қ.Қармысов, С.Телғараев, Ә.Үмбетбаев, Р.Қойшыбаевалар қосылды. 1937 жылы театрға «академиялық» атағы берілді.

60-шы-90-шы жылдар қазақ театр тарихындағы шығармашылық ізденістердің жарық кезеңі болып саналады. М. Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театры сахнасында қойылған спектакльдер театрдың алтын қорына енді. Олардың ішінде Катерина ролінде Х. Бөкеева ойнаған А. Островскийдің «Грозасы», Гарпагон ролінде Қ. Қармысов ойнаған Ж. Б. Мольердің «Сараңы», Катарина мен Петруччио рөлдерінде Х. Бөкеева мен Ш. Айманов ойнаған В. Шекспирдің «Асауға тұсауы», Тоғанай рөлінде С. Майқанова ойнаған Ш. Айтматовтың «Ана-Жер-Анасы», Мольердің ролінде Н. Жантөрин ойнаған М. Булгаковтың «Кабала святошы» басты рольдерде А. Әшімов, Ф. Шәріпова және Ы. Ноғайбаев ойнаған Ә. Нұрпейісовтың «Қан мен тері» (1973 ж., реж. Ә. Мәмбетов) ерекше орын алады.

Қазақстанның тәуелсіздік алған кезеңінен Астана қаласында 1 опера және балет театры, 8 драма және музыкалық драма театры және 2 қуыршақ театры ашылды.

Макарон қашан, қайда пайда болды?
Тісіңіз туралы не білесіз?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу