Сиыр қалай сүт береді?
Кім? Не? Қалай? Неге? Не үшін? Бүлдіршіндердің бітпейтін осындай сұрақтары таныс болар? Таныс болмасаңыз, міндетті түрде таныс боларыңыз анық. Осындай сұрақтардың біріне күні кеше ғана куә болдым.
Ауылға кетіп бара жатқан көлік ішінде анасымен бірге қыдырып бара жатқан кішкентай бүлдіршін көлік терезесінен сиырды көрді де, анасынан «Ол не?» деп сұрады. Оның сиыр екенін білген соң тағы да «Ол не істеп жүр?» деп сұрағын жалғастырды. Оның шөп жеп жүргенін, шөпті көп жесе, сүтті де көп беретінін айтқан анасы баласының келесі сұрағынан соң жауабын басқаша етіп айтқанымда болар ма еді деп ойланғаны жүзінен көрініп тұрды. Себебі баланың «Ол қалай сүт береді?» деген сұрағы анасын қолайсыз жағдайға қалдырғандай еді. Болашақ ана болатынымды, бүлдіршіндерім осылай сұрақ қойса қалай түсіндірерімді мен де ойланып қалдым. Сөйттім де осы сұраққа жауап іздедім.
Сонымен, ірі қараның да лактациясы басқа сүтқоректілер секілді төлдеген соң басталады. Әйел-ананың босануынан кейін емшегіне сүт қалай пайда болса, оларда да бұзауын емізу үшін желінінде сүт жиналады. Ал егер сиырды жиі сауып отыратын болса, сүт бөліну процесі ұзақ уақыт бойы жалғасады, себебі сиырдың ағзасы бұзауына сүт қажетті деп ойлайды екен.
Ал енді осы жауапты балаға жеткізіп көріңізші. Оның бұл жауаптан кейінгі ең алғашқы қояр сұрағын шамалап отырған боларсыз? «Лактация деген не?» «Бала тілі бал» деген осы болар...