Сталин, Геля, Мамлакат
1936 жыл. Мәскеу. Кремль. Сталин Бурятиядан келген арнайы делегацияны қабылдайды. Іс-шара барысында Сталин, Берия және Кремльдегі басқа да лауазымды басшылар делегация мүшелерімен біраз уақыт әңгіме құрады. Осы кезде алдын ала дайындалған сценарий бойынша алты жастағы бурят қызы қолына екі тал гүл алып, Сталинге жақындайды. Бұл Энгельсина Маркизова болатын. Тарихта ол Геля деген атаумен қалды.
Геля Бурятия Үкіметінде жер жөніндегі халық комиссары Ардан Маркизовтың қызы болатын. Алдын ала жасалған жоспар бойынша ол көсемге қолындағы гүлін табыс етіп, оған бүкіл бурят балаларының ыстық сәлемін, бақытты балалық шақ үшін алғыс айтуы тиіс еді. Құртақандай қыз өзіне жүктелген міндетті толықтай орындап шықты. Сталиннің риза болғаны соншалықты ол бурят қызын құшағына алып, мейірлене бетінен сүйеді, еркелетеді. Оған естелік ретінде патефон мен алтын сағатты сыйға тартады. Бұл көрініске куә болған көпшілік ду қол шапалақтайды, фототілшілер шарт-шұрт суретке түсіреді. Геля кейінірек өзінің естеліктерінде дәл осы сәтте өмірінде алғаш рет бақыттың не екенін сезінгенін айтыпты. Кремльдегі кездесу барысында түсірілген суретті көрген «Правда» газетінің бас редакторы «бізге мына бурят қызын құдайдың өзі жіберді. Біз бұдан бақытты кеңес баласының символын жасаймыз» дейді. Геляның Сталинмен түскен суреті 1936 жылы «Правдада» екі рет, «Известияда» бір рет жарияланады. Геля Маркизованың атақ-даңқы күллі Кеңес одағына жайылады. «Сталин және Геля» деп аталатын плакаттар, мүсіндер КСРО-ның әр түкпірінде ілініп, орнатылып жатады. Сол кездегі өлшем бойынша Энгельсинадан бақытты кеңес бүлдіршінін табу қиын еді...
Алайда алты жастағы Геляның басынан бақыт құсы тым ерте ұшты. 1937 жылы НКВД оның әкесі, Бурят АКСР-інің жер жөніндегі халық комиссары Ардан Маркизовты тұтқынға алды. Алғашқыда оған 40 мың бас малдың шығынына кінәлі деген айып тағылады. Артынша іс күрделене түседі. Не керек, тергеушілер кеңес өкіметіне қарсы көтеріліс ұйымдастырмақ болды, жапон тыңшыларына көмектесті деген айыппен бүкіл Буратия үкіметінің мүшелерін ату жазасына кеседі. Айыптылардың ішінде Ардан Маркизов та оққа байланды.
Геляның анасы Доминика ұлымен және қызымен бірге Қазақстанға, Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласына жер аударылады. «Жер аударылып кету арқылы біз өзімізді ажалдан құтқарып қалдық» дейді Геля кейінірек өзінің естеліктерінде. Алайда анасын құтқарып қала алмады. Доминика Түркістан қаласындағы ауруханада дәрігер болып жұмыс істейді. Ресми мәлімет бойынша 32 жастағы ол түнгі кезекшілік кезінде беймәлім жағдайда қаза тапқан. Оның өліміне өз-өзіне қол жұмсады деген қорытынды берілген. Бірақ ешқандай тексеру жұмыстары жүргізілмеген. Бертінде осы жөнінде мұрағаттан құжат іздеген Геля Түркістан аудандық НКВД бастығының сол кездегі КСРО ішкі істер халық комиссары Берияға жазған хатын тауып алыпты. Хатта бастық Берияға осында қызы Сталиннен сыйлық алған және онымен бірнеше мәрте суретке түскен жер аудырылған әйелдің тұратынынын мәлімдеп, хаттың соңында «не істеу керек?» деп сұрайды. Хаттың үстіңгі жағына Берия «көзін жойыңдар» деген жауап жазған екен. Осыған қарағанда Геляның анасын НКВД жендеттері жұмыс орнында қастандықпен өлтірген болуы әбден мүмкін. Анасының қазасынан кейін Геля ұзақ уақыт бойы қаңғыбастыққа салынған, енді бірде жетімдер үйін паналаған. Оны анасының сіңлісі тауып алып, өзімен бірге Мәскеуге әкетеді. Ол осында Энгельсина Сергеевна Дорбеева деген жаңа фамилияны алады. Мектеп табалдырығын осы Мәскеуде аттайды. Мектепке келген кезде ол қабырғада ілулі тұрған өзінің баяғы Сталинмен бірге түскен суретін көреді. Бейшара қыз Сталиннің қолындағы қыздың өзі екенін ешкімге айта алмаған. Ешкімге айтпауды оған әпкесі қатаң тапсырған еді. Алайда Геляның кім екенін ұстаздар қауымы көп ұзамай-ақ біліп қояды. Бірақ олар да сырларын көпшілікке айтуға қорықса керек. Себебі бұл расында да қорқатын заман еді.
Сталин де, оның айналасындағылар да Энгельсинаның тағдырынан бейхабар емес болатын. Халықтар көсемінің «халық жауының» қызымен бірге суретке түсіп, оның үгіт-насихат плакаттарына пайдаланылғаны иделогияда жіберілген өте өрескел қателік ретінде бағаланды. Кремль бұл қателікті тез арада жөндеу керек деген шешім қабылдайды. «Сталин мен Геля» деп аталатын барлық мүсіндер, плкаттар бір күнде «Сталин және Мамлакат» деп ауыстырылды. Мамлакат Нахангова тәжік қызы болатын. Әрі мақташы, әрі пионер, әрі стахановшылар қозғалысының белсенді мүшесі. Мамлакат 1935 жылы бар-жоғы 11 жасында бүкіл кеңес пионерлерінң арасында тұңғыш болып Ленин орденімен марапатталған. Осы жылы оның Сталинмен бірге түскен суреті КСРО-да кең көлемде дәріптелді. Мамлакаттың құлаққа жағымды естілетін есімі, сүйкімді бейнесі, еңбекқорлығы көпшіліктің жүрегін жаулады. Кеңестік идеология «халық жауының» қызы Геляның есімін барлық плакаттардан, мүсіндерден өшіріп, оны Мамлакатпен алмастырды. Геляның суретін көрсетіп «мынау Мамлакат» деп сендірді. Көпшілік бұған сенді. Себебі Геля мен Мамлакат бір-біріне ұқсайтын. Екеуінің де бет-әлпеттерінде монғол нәсіліне тән белгілер бар еді (Мамлакат тәжік қызы болғанымен анасына тартқан, дәлірегі анасы сияқты көзі қысықтау болатын).
Геля алпысыншы жылдары күйеуге шығып, Энгельсина Сергеевна Чешкова деген фамилиямен өмір сүрді. Бала сүйді. Ол өзінің тағдыры туралы сұрағандарға «уақыты келгенде айтармын» деп жауап береді екен. Сол уақыт сексенінші жылдардың аяғында келді. Геля өзі туралы алғашқы сұхбатты шетелдік журналистерге және «Труд» газетіне берген. Ол туралы бірнеше деректі фильм түсірілді.
Энгельсина 2004 жылы Түркияда ұлымен бірге демалуға барған кезде жүрек талмасынан қайтыс болған. Өмірінің соңғы күндерінде ол Мамлакат Наханговаға хабарласып, тарихи шындықты қайта қалпына келтіру туралы сөйлеспек болған екен. Алайда жасы бүгінде тоқсаннан асқан Мамлакат әжей онымен тілдесуден бас тартыпты. Әрине, бұл жерде оның не жазығы бар дейсіз. Бәрі де тағдырдың ісі емес пе? Бір қызы Геля да, Мамлакат та есейген соң ғалымдық жолды таңдапты. Энгельсина тарих ғылымының докторы атанып, Шығыстану институктында қызмет еткен. Ал Мамлакат филиология ғылымының кадидаты ретінде Душанбе педагогикалық институтында сабақ берген.