Шапалақ...шапалақ...

Oinet.kz 20-04-2019 1384

Screenshot_25.jpg

Осы күні байқасаңыз, сахнаға шыққан әртістер, әншілер залдағы отырған көрермендерден шапалақты сұрап алатын болды. Қайта-қайта «шапалақ, шапалақ» дей береді. Мұнысы кейде ерсілеу көрінеді. Шапалақ сұрауға келгенде әсіресе, асабаларда «бет жоқ». Той басталғаннан біткенше шапалақ сұрап, жұртты ығыр етіп жібереді. Бір жағы өзімізге де обал жоқ-ау дейсің. Кейде екі қолымызды бір-біріне соғып, қарапайым ғана құрмет көрсетіп жіберуге ерінетіміз рас. Ерінгеніміз былай тұрсын бұл нағыз көрсоқырлық, безбүйректік. Шапалақ сахнадағы өнерпазға өте қажет дүние. Ду қол шапалақ арқылы ол залдағы көрерменнің ыстық ықыласын, қызу қолдауын сезінеді. Осы сезімнен шабыт алады. Сахнаның киесі, құдыреті дегеніңіз міне, осы шапалақ.    

Шапалақ ұруды кәсіп еткен жандар да бар. Оларды клакер деп атайды. Олар залда отырып, арнайы тапсырыспен қол соғады және залдағы көрермендерді де шапалақ ұруға мәжбүр етеді. Тіпті «браво» деп айқайлау арқылы залда кеннеттен қолдау-қолпаштау туғызып, өнерпаздардың мәртебесін өсіріп жібереді. 

Ең ежелгі клакерлер көне Мысырда болған көрінеді. Бірақ олар өздерінің өнерлерін сахнада емес, перғауын қайтыс болған кезде көрсетіпті. Тәжірибелі клакерлер ағыл-тегіл жылап, шаштарын жұлған, денелерін жарақаттаған. Осылайша олар перғауынның өлімін аза тұту рәсіміне зор серпін беріп отырған. Ал тарихта ең алғашқы кәсіби клакерлерді римнің атақты билеушісі Нерон  жалдапты. Императордың актерлік өнермен әуестенгені белгілі. Атақ-даңқты жақсы көретін ол өзіне деген қошеметті көбейту үшін, залға ду қол шапалақтайтын адамдардың тобын әкеліп отырғызып қойған деседі. Уақыт өте келе клакерлік өнер дамып, ол сахнаның ажырамас бөлігіне айналды. Тіпті тәжірибелі клакерлер көбірек нан табу үшін атақты әртістерді, балериналарды, әншілерді бопсалайтын дәрежеге жетеді. Егер айтқан ақшасын бермесе олар қойылымды қасақана бұзып, берекесін кетіретін болған. 1901 жылы клакерлер атақты әнші Ф.Шаляпиннің «Ла Скаладағы» қойылымына кедергі жасамақ болған. Ф.Шаляпин Миланның бір басылымына жазған хатында оны былай деп суреттеген:

--Менің үйіме өзін клакерлердің жетекшісімін деп таныстырған бір адам келді. Олар шапалақтарды сатып алуымды сұрады. Бірақ мен жұрттан шапалақты сатып алмаймын, бұл менің дәстүрімде жоқ. Алайда ол шапалақты сатып алудың қалыптасқан үрдіс екендігін айтумен болды. Бірақ бұл үрдіске мен бағынғым келмейді. Менің ойымша бұл барып тұрған қарақшылық. 

Кәсіби клакерлерді театрлардың өздері де жалдайды. Олар репертуарларға қатысып, қай жерінде шапалақ ұру қажеттігін пысықтап отырады. Егер сахнадағы әртістер айтқанына көнбесе клакерлер оларды аяусыз жазалайды. Дәл сахнаға шығар кезде оған жақын туысының кенеттен қайтыс болғаны жөнінде жалған хабар жеткізіп, зәресін ұшырады. Немесе қойылым біткен соң оған өлген адамның табытына қойылатын гүл сыйлап, көңіл-күйін түсіреді. Сондықтан Еуропа елдерінде өнерпаздар клакерлермен мейілінше ымыраласып жұмыс істегенді дұрыс көреді.

Бүгінде клакерлік өнер сахнадан гөрі саяси іс-шараларға  ауып бара жатыр. Рас оларды клакер емес көбіне пиарщик деп атайды.  


Марста тіршілік бар ма?
Сталин, Геля, Мамлакат
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу