Марк Твеннің біз білмейтін қырлары қандай?

Oinet.kz 18-10-2019 1704

Ганнибал қаласындағы Миссури штатында кішкентай ғана үңгір бар. Ол үңгір «Марк Твеннің үңгірі» деп аталады. Бала кезінде  асыр салып ойнаған американың ұлы жазушысы Марк Твен осы үңгірді  әлем балаларының сүйікті шығармасына айналған «Том Сойердің басынан кешкендерінде» суреттейді. Ол жер қазір туристер тамашалайтын орынға айналған. Бала кезінде  тау-тастарда, үңгірлерде кім  ойнамады дейсіз, бала Марктің ізі қалған бұл үңгірдің соншалықты тарихи орынға айналып, туристер көретіндей не құдіреті болды екен? 

image.png

Марк Твеннің шын есімі Сэмюэл Лэнгхорн Клеменс. Әкесі 12 жасында науқастанып қайтыс болған соң,  бала Сэмуэль әкесінің артында қалған қарыздарынан құтылу үшін мектепті тастап жұмыс істеуден басқа амалы қалмайды. Ағасының жеке басылымында қолғабыс ете жүріп, журналистикаға бет бұра бастайды.  Жаста болса өткір, даулы мақалаларды көптеп жазып жүрді. Алайда оның көңілі теңізге бұра берді. Сөйтіп параходтта лоцманның көмекшісі болып қызмет жасады. Параходқа байланысты термин сөзден шыққан Марк Твен есімін жазушы осы кезде иеленеді. Егер азаматтық соғыс болмағанда  ол бұл сүйікті ісінен ешқашан бас тартпас еді. Елде орын алған дүрбелеңнен кейін басқа жұмыс іздеуге тура келеді. Сенделіп жүріп АҚШ-тың батыс аймағында таулы жерден шахтер болып бір-ақ шығады. Талант тас жарады емес пе? Оның жазушылық қабілеті тау арасынан күміс іздеуді емес, қайта айналып журналистикаға келуіне итермеледі.  Сөйтіп  «Territorial Enterprise» газетіне келіп, алғашқы шығармаларын жариялай бастады. Осы кезде баспасөз беттеріне Марк Твен деген лақап атын алғаш қолданды. Шетелге көп сахаттап, көрген білгендерін шығармаларына арқау етті. Оның қызықты әңгімелері қалың оқырманның көңілінен шығып, атағы дүркірей бастайды. Баспаған жері, шықпаған тауы қалмаған оның саяхат барысында жазған әңгімелері том, том болып басылды. Бірақ көптеген қолжазбалары Твеннің өз өтініші бойынша кітапқа енбеді. Өмірден өткесін, он жылдай кейін барып, жариялауды өсиет етсе керек. 

Марк Твеннің америка және әлем әдебиетіне төңкеріс алып келген шығармалары «Гекльберри Финнің басынан кешкендері», «Том Сойердің басынан кешкендері», «Ханзада мен қайыршы». Саяхаттап жүріп, басынан кешкен қызықты оқиғалары, теңіз үстіндегі өмірі, шахтадағы кездері бәрі, бәрі осы әңгімелерінде ерекше шеберлікпен, ешкімде жоқ стильмен баяндалды. Оның хикаяттары оқырманды  бірінші сөйлемінен-ақ өзіне баурап алып, тартып тұрады.  Міне, Марк Твеннің құдіреттілігі осында.

Жазушы тек кітап оқуға ғана емес, көптеген заттарға әуестенген. Мысалы ғылымға бір табан жақын болды.  Атақты физик, өнертапқыш Николай Тесла мен жақын дос болып, біршама уақытын соның зертханасында өткізген. Тұрмысқа қажетті заттардың түр-түрін қайталанбас дизаинда қолдан жасайтын өнері де болған. Оның бір әлсіз тұсы темекіге сұмдық құмар болған. Сенесіз бе жоқ па, бірақ ол шылымды сегіз жасынан бастап аузына алған. Күніне жоқ дегенде 20-дан 40 данаға дейін шылым шеккен. Кейде аузына қыстырған темекісімен қалғып кеткен кездері де болған. Бұл әдетінен қанша арыламын дегенмен, оның қолынан келмеді. Одан бөлек Марктің көріпкелдік қасиеті де болған деседі. Бала кезінде ол айкезбе болған. Түні бойы бөлмені аралап жүреді де қояды екен. Бірде түн ішінде орынан тұрып, науқастанып жатқан әпкесінің бөлмесіне кіріп, жамылғысын тартып алыпты. Екі күннен соң әпкесі қайтыс болады, ал оның өліміне айкезбе баланы кінәлайды. Өйткені  өлген адамның жамылғысын тартқан адам медиум деген ұғым бар. Марктің өмірінде өзіне де беймәлім жұмбақ оқиғалар жиі болып тұрған. Бірде ол түсінде ағасы Орайонның  кеудесінде аппақ райхан гүлі қойылған қабірдің ішінде жатқанын көреді. Жайсыз түсі туралы әпкесіне жеткізеді. Арада біраз уақыт өткен соң бұл туралы екеуіде мүлдем ұмытып кетеді.  Бір аптадан соң ол  ағасы мінген кеменің суға батып кеткенін естиді. Ауруханаға дереу келеген Марк өлім мен өмірдің арасында жатқан ағасына жеті күн бойы қарап жатады. Сегізінші күні кереуетінің жанында күзетіп жатып ұйықтап кеткен Марк оянғанда оның  кеудесінен аппақ райханды көреді. Сөйтсе ол ұйықтап жатқанда Орайон о дүниелік болып кеткен екен. Белгісіз әйел ағасының кеудесіне әлгі гүлдерді қойып кеткен. Оның түсі тағы да шындыққа айналды.  

Атағы жер жарып тұрған шағында Твен өзінің жеке баспаханасын ашады. Ісі сәтті жүріп, тамаша өмір кешеді. Бірақ Жаратқан оны қатты сынға алады. Баспаханасы шығынға ұшырап, бар еңбегі зая кетеді. Дөңгелетіп отырған ісін қайта жандандыру үшін онша-мұнша сақтаған соңғы тиынына дейін және әркімнен бір қарыз алып соңғы үлгідегі  жаңа баспа станогын сатып алады. «Жоғары жаққа» несімен жақпай қалғанын қайдам, бірақ, Маркке мемлекет кітап басуға мүлдем тыйым салады. Тығырыққа тірелген Марктің бірде жолы болып «Standard Oil» мұнай компаниясының директоры Генри Роджерс қаржылай көмек беріп, баспахананы «тірілтіп» алады. Мұның арты Марк пен Роджерстің айнымас дос болуларына  әкеп соқты. Арадағы берік достықты 1909 жылы Роджестің өлімі бұзды. Жақын сырласынан айырылған Маркке бұл оқиға қатты ауыр тиді. Бұл азапты да көтерер еді-ау егер қапыда сүйікті әйелі Оливиа мен үш қызынан бір сәтте көз жазып қалмағанда. Өміріндегі ең қымбат жандарынан айырылғаннан соң Марк үшін жер бетінде еш қызық қалмағандай көрінді. Қартайған шағында қу тізесін құшақтап жалғыз қалды. Депрессияға ұшырады. Қайғырып жүріп стенокардия ауруына шалдығып, 1910 жылы өмірден үлкен өкініші мен ішіне бүккен біз білмейтін талай құпияларды бірге қара жердің қойнауына ала кетті. Қайтыс боларының бір жыл  алдын ол  былай деген екен: « Мен 1835 жылы Галлея Кометасымен бірге дүниеге келдім, бір жылдан соң ол қайта ұшып келеді. Мен онымен мәңгілікке бірге кетемін». Зерттеушілер кейіннен анықтағандай ұлы жазушының туылған күні мен өмірден озған күні дәл Галлея кометасының пайда болған және кеткен күнімен тура келген.

Миллионердің 7 қағидасы
Футбол королі - Пеле туралы қызықты мәліметтер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу