Футбол королі - Пеле туралы қызықты мәліметтер

Oinet.kz 19-04-2014 2743

Екі айдан соң Бразилия жасыл алаңдарында футболдан кезекті, ХХ әлем чемпионаты басталады. Доп додасы қарсаңында «Рейтинг» әлем футболының үздік майталманы туралы сыр шертеді. Бірінші кейіпкеріміз – даңқты бразилиялық Пеле.

47f58b3ed27195b14014601b9d6e0d11.jpg

ХХ ғасырдың 60-жылдарына дейін әлемдік доп додалары теледидардан көрсетілмегендіктен, одан бұрынғы мықты ойыншылар бүкілхалықтық сүйіспеншілікке бөлене алған жоқ. Сондықтан жасыл алаңдағы ғаламат ойынымен шын мәнінде барша адамзаттың жүрегін баураған нағыз әлемдік деңгейдегі алғашқы жарық жұлдыз – Бразилия құрамасының әйгілі шабуылшысы Пеле болғаны анық. Рас, ол өнер көрсеткен 50-60 жылдары әлем футболында басқа да майталмандар аз емес-ті: атақты орыс қақпашысы Лев Яшин, португалиялық сұрмерген Эйсебио, ағылшын футболын алға сүйреген Бобби Чарльтон және т.б. ойыншылардың есімі доп додалары тарихына алтын әріппен жазылған. Әйтсе де, бәрінен үш дүркін әлем чемпионы Пеленің даңқы басым еді.

Айтпақшы, Пеле – оның лақап аты. Неге «Пеле» атанғанын қазір оның өзі де есіне түсіре алмайды. Португал тілінде ол ешқандай мағына бермейді де. «Бала күнімде аулада доп қуып жүргенде, титтей боп алып, бәрін шыркөбелек алдап өте алатыныма сүйсінген біреу маған осылай деп айдар тағып еді, сол ат өмір бойы жабысты да қалды» деп еске алады атақты футболшы. Пеленің шын және толық аты-жөні – Эдсон Аррантес до Насименто. Ол 1940 жылдың 23 қазанында Бразилияның Минас-Жерайс штатындағы Трэс Корасоэс (Үш жүрек) елді мекенінде қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Дондиньо кезінде тәп-тәуір ойнағанымен, жоғары деңгейге жете алмаса керек. Сондықтан ба, күнұзақ үй бетін көрмей, ала допқа арбалған баласына бар білгенін үйретуге ден қойыпты. 7 жасынан бастап мамандардың назарын аударған талантты балақайдың бақытына орай, жергілікті балалар командасын біраз уақыт даңқты бапкер Валдемар де Брито жаттықтырады. Болашақ футбол королінің бойындағы ерекше қабілетті байқап, «Сантосқа» қабылдануына қол ұшын берген де сол екен. Сөйтіп, Пеле 15 жасында-ақ кәсіпқой клубпен келісім-шарт жасасады...

Аяқдоп шебері болып та адамзатқа танылуға болатынын дәлелдеген тұлғаның алғаш жарқ еткен турнирі – 1958 жылғы әлем чемпионаты еді. Швеция жасыл алаңдарындағы сол жарыста Пеле 6 доп соқты: оның үшеуін жартылай финалда француздарға, екеуін финалда шведтерге! Ол кезде футболшы небәрі 17 жаста еді. Сөйтіп, 28 жыл күткен қуаныш – Нике құдайы бейнеленген алтын кубок Бразилияға аттанды. 

Араға төрт жыл салып, Чилидегі доп додасына келгенде, оның есіміне бүкіл әлем қанық-тын. Алайда, Пеле тура чемпионатқа иек артпада жолдастық кездесуде күтпеген жерден жарақат алып қалды. «Бапкерлерге шынымды айтсам, әлем чемпионатына апармай қояр» деп қорыққан ол сол күйі ешкімге ләм-мим деп тіс жармапты. Аяғының ауырғанына тістене шыдай жүріп, тағы екі жолдастық ойынға қатысып, тіпті біреуінде гол да соғыпты. Ол Чилидегі алғашқы матчта да мексикалық Антонио Карбахалдың қақпасына доп енгізді. Алайда ойыннан соң жарадар аяғы тіптен жарамауға айналғанын байқады. Бұл сырын ол тек команда дәрігері Илтон Гослингке ғана айтқан екен, ол ары қарап, бері қарап, «шамасы, бірнеше күн бойы ойын ғана емес, жаттығуға да қатыспауыңа тура келеді-ау» депті. Ал Пеленің қайтсе де ойнағысы келіп тұр! Ақыры «бапкерге ештеңе демеймін» деген дәрігердің сөзін алған шабуылшы үш күннен соң Чехословакияға қарсы алаңға шығады. 

72d1be0c04e4c43975874d88d222a7f9.jpg

«Алғашқы минуттардан бастап-ақ аяғымның сырқырағанын елемеуге тырыстым, – деп еске алыпты ол кейін. – Керісінше, соққыға шыдар ма екен деп сынап көруге бел байладым. Алаң ортасында әлдекімнен пас алдым да,  алдымнан кесе көлденең шыққан екі қарсыласымды алдап өттім. Тағы екеуінің құрмақ болған құрсауынан сытылып шығып, айып алаңына ендім де, сол ауру аяғыммен солқ еткізіп соғып жібердім. Допты қайда ұшқанын білмеймін, өзім омақаса құладым. Шатым шытынап кеткендей сырқырап қоя берді. Тынғанымды сонда сездім...».

Дегенмен, Бразилия құрамасы бұл біріншілікте өзінің үздік ойыншысынсыз-ақ екінші рет әлем чемпионы атанды. Пеле 1966 жылғы әлемдік доп додасына да қатысты, бірақ онда бразилиялықтар Венгриядан және Португалиядан жеңіліп, топтан озып шыға алмады. Есесіне, 1970 жылы Пеле мен оның отандастары үшінші рет алтыннан алқа тақты. Осыдан соң (тіпті әлі күнге дейін) мамандар Бразилияның сол құрамасын әлем чемпионаты тарихындағы ең үздік команда, ал Пелені әлемдегі ең үздік футболшы санайды. 

Пеленің ғаламат шеберлігінің құпиясын бір ауыз сөзбен түсіндіру қиын. Анығы, оған Құдай дара дарын берді. Ала допты аяғымен дәл ол сияқты қалауынша билете алатын жан бұған дейін болмаған-ды (одан кейін де кездеспегеніне сенімділер көп-ақ). Алайда, әйгілі бразилиялық тек табиғи талантты игерумен ғана шектелмей, жалықпай жаттығу, тынбай іздену арқылы да шеберлігін шыңдай түскен. Ұжымдаса ойнай білу, қарсыласы үшін оқыс, әріптесі үшін оңтайлы пастарды дәл бере алу, екі аяғымен де еркін соғу сияқты қасиеттері – соның дәлелі. Оның 100 метр қашықтықты небәрі 11 секундта жүгіріп өтуі де – кәдімгі желаяқтардың өзі қызығатын көрсеткіш. Бойы 173 см болса да, бір орнында тұрып 2 метрге секіре алуына қалай таң қалмайсыз? Дәрігерлер тіпті оның көз қиығы да қарапайым адамдікінен сәл кеңдеу деседі. Яғни, Пеленің алаңдағы әр сәт, әр өзгерісті қапысыз аңдап, алаңның қай бұрышындағы серігін де көрмей-ақ сезіп, допты оған дәлме-дәл асыра алуы тегін емес деген сөз.

3a5f7a58a6a37a4b9989e0b86a66c071.jpg

Қазір әлемде Пеледей даңқты адамды табу да қиын. Оған күн сайын келіп жататын хаттар мен өтініштерде қисап жоқ. Бәріне жауап бермек түгілі, оқып тауысудың өзі мүмкін емес. Дегенмен, футбол королі қауырт шаруаларының арасынан аздаған уақыт тауып (ол қазір ірі бизнесмен, кезінде министр де болды, киноға да түсті, ән де айтты), қайырымдылық іс-шараларын өткізіп тұрады. Жер бетіндегі жалпы кедей-кепшік үшін Пеле – тығырықтан шығарар, тілекті қабыл етер ұлы құтқарушы іспеттес. 1995 жылы Руандадағы қос тайпаның (тутси мен хуту) қанды қақтығысынан әбден запы болған 17 жасар бозбаланың жолай кезіккен америкалық жүк кемесіне жасырынып, Рио-де-Жанейроға Пелені іздеп барғаны баспасөзде біраз шу болды. Қалтасында көк тиыны жоқ бір оңтүстікафрикалық бейбақтың өз пірін жақыннан көру үшін Кейптауннан Касабланкаға дейін бір ай жүргені де (қайықпен, автобуспен, арбамен, тіпті кейде түйемен!) – рас оқиға. Ал Конгодағы азаматтық соғыс кезінде екі жақ Пеле қатысатын ойынды көру үшін бір күнге шайқасты тоқтатқан да... ертесіне қайта жалғастырған.

...Кезінде Бразилия ұлттық құрамасын жаттықтырған, бірақ негізгі мамандығы спорт журналисі Жоао Салданьядан ағылшын репортері «Неге Пелені футбол королі деп атайды?» деп сұрағанда, ол:

– Себебі, ағылшын әдебиеті үшін Шекспир кім болса, Бразилия футболы үшін Пеле сондай дәрежеге ие, – деп жауап беріпті...

Сіз білесіз бе, Пеле...

...үш дүркін әлем чемпионы (1958, 1962 және 1970 жылдары) атанған жалғыз футболшы;

...төрт әлем чемпионатының финалдық турниріне қатысып, жалпы саны 14 ойын өткізіп, 12 гол соққан;

...ең жас әлем чемпионы. 1958 жылы ол небәрі 17 жаста еді;

...Бразилия құрамасының сапында 92 ойын өткізіп, 77 гол соққан;

...кәсіби футболдағы 21 жыл (1956-1977) ішінде 1363 матч өткізіп, 1281 гол соққан; 

...осы 21 жылдық карьерасында тек екі-ақ клубта – «Сантоста» (Бразилия) және «Космоста» (АҚШ) өнер көрсеткен;

...өзінің 1000-голын ол 1969 жылдың 19 қарашасында «Маракана» стадионында «Васку да Гама» клубының қақпасына соқты;

...ХХ ғасырдың үздік спортшысы, ХХ ғасырдың үздік футболшысы, ЮНЕСКО елшісі;

...Пеле биыл 74-ке толады. Оның үш қыз, бір ұлы бар (Эдиньо, кейінгі жылдарға дейін «Сантос» командасында қақпашы боп ойнады).

Сәкен СЫБАНБАЙ

Марк Твеннің біз білмейтін қырлары қандай?
Косметика маркалары атауларының құпиясы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу