«Батька» сыр берді
23-05-2023
Аңызға айналған косметикалық брендтер тарихына көз салсаңыз, ұлылықтың барлығы қарапайым дүниелерден басталғанына көз жеткізесіз.
Lancome
Француз маркаларының ішіндегі біз үшін ең жылысы, ең қымбаты Lancome бізге балалықшақтан танымал. Кеңестік дәуірде аналарымыз осы фирма косметикаларын қып-қызыл ақшаға тамыр-таныс арқылы алатын. Балалық шағын раушан гүлдер сыңсыған Le Chateau De Lancosme ескі замогында өткізген Арман Птижан сұлулық дәл осылай аталуы керек деп шешкен болар. 1935 жылы құрған косметикалық компаниясын ойланбастан Lancome деп атады. Логодағы раушан гүлінің тұруы да заңды сияқты. Бүгінде ботаникалық анықтамалықтарда да Lancome раушанын таба аласыз. Бұл гүлдің ерекшелігі – ол өз жұпар иісі мен балғындығын ұзақ уақыт сақтай алады.
Caudalie
Сіз білетін тағы бір француз бренды Caudalie. 1993 жылы жас жұбайлар Матильда және Бертран Тома полифенол, ресвератрол және жүзім құрамындағы басқа да пайдалы заттар негізінде жасалған косметиканы шығара бастады. Косметика құрамы компаня атауынан көрініс тапты. Caudalie (кодали) – бұл шарап жасау саласына қатысты термин, шарап дегустациясынан соң ауызда қалатын дәм ұзақтығын білдіреді. Егер бұл түсінікті санмен өрнектесек, бір секунд бір кодалиге тең болады. Яғни шарап неғұрлым жақсы болса, кодали соғұрлым көбірек.
MaxFactor
Бұл марканың еш құпиясы жоқ. Бұл компания негізін қалаушының аты-жөні. MaxFactorды ресейлік компания деуге әбден болады. Себебі компания атасы Максимилиан Факторович он төрт жасында ауылдан Мәскеу қаласына келіп, Үлкен Театрға гримердің көмекшісі болып қызметке кіреді. 1895 жылы Рязань қаласында оның атымен аталатын дүкен ашылды. Бұл дүкенде сатылатын опа, далап, кремдер мен париктерді Максимилиан атай өз қолымен жасаған екен. Бірнеше жыл император театрында жұмыс жасап, Макс АҚШ-қа эмиграцияға кетеді. Сонымен 1908 жылы оның отбасы Лос-Анджелеске қоныстанып, Голливуд бульварында өз дүкенін ашады. Оның даңқы осы сәттен бастап арта береді. Суға төзімді макияж, құтыдағы сұйық тоналды крем, «Купидон ажары» ерінге арналған контур, «платин блонд қыз» атты шаш түсі және тағы басқа өнертабыстары Макс Факторға тиесілі екенін біреу білсе, біреу білмес.
Maybelline New York
Том Вильямс (ол кезде 19 жаста, әрі фармацевт болып жұмыс жасайды) қарындасы Мейбел кірпігіне вазелин мен көмір араласқан қоспасын жаққанда, кірпігі қап-қара әрі көлемді болғанын байқайды. Ол бұл қоспаны өз зертханасында жетілдіріп, Lash-Brow-Ine атауымен шығарады. Өнім бірден хитке айналды, бірақ атауы тым ұзақ еді. Сөйтіп Том қарындасының аты мен Vaseline сөзін біріктіріп «Maybelline» атауын берді.
Lancaster
Күн сәулесінен қорғайтын кремдерімен танымал болған косметикалық марка атауының қыз-келіншектерге мүлдем қатысы жоқ деуге болады. Бұл марканы Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде француз саудагері Жорж Вурц британдық әскери күштері қолданған ауыр бомбалаушы Lancaster құрметіне атаған. Бұл сауда маркасы бүгінде бренд күн сәулесінен қорғайтын кремдер арасында көш бастайды. Ал Lancaster ғалымдары бірінші болып SPF-і бар суға төзімді кремдер формуласын ойлап тапты, тіпті теріні инфрақызыл сәулелерден қорғау жүйесін де жасап шығарды.
L’Oreal
Бүгінгі таңда L’Oreal — бұл көптеген маркаларды құрайтын парфюмериялық империя. Атауына келсек, 1904 жылы химик Эжен Шюлле «Шашқа арналған қауіпсіз бояулар француз компаниясын» құрған болатын. 1907 жылы ол құрамы тек зиянсыз химиялық компоненттерден тұратын L’Auréale («Ореол») шашқа арналған бояуын шығарды. Айтпақшы, шаш бояуы идеясы химиктің әйелі шаштаразға барып шашын боятпақшы болып, күйдіріп алғанда келген болатын. 1908 жылы 24 наурызда Шюлле патентке өтініш беріп, компаниясының атауын L’Oreal деп өзгерткен болатын.
Shiseido
Бұл ең ежелгі әрі қымбат косметикалық компания 1872 жылы құрылды. Императорлық әскери-теңіз госпиталінің 23 жасар бас фармацевті Аринобу Фукахара Жапонияда бірінші болып «батыс типіндегі» дәріхана ашты. Бұл дәріханаларда газдалған сусын беретін аппарат та тұрған деседі көзкөргендер. Ал компания атауы «Өзгерістер кітабынан» алынған болатын және үш иероглифтен тұрады. Олардың түсіндірмесі әртүрлі, дегенмен мағынасы «бар дүниенің бастауы» немесе «бақыт үйі» дегенге келеді.
Дереккөз: arular.kz