Ердорған Путиннің досы
23-05-2023
Орыстың атақты жазушысы Алексей Толстойдың «Бірінші Петр» романы уақтысында Сталинге қатты ұнаған көрінеді. Сондықтан да шығар А.Толстой 1941 жылы осы романы үшін Сталиндік сыйлықты алды. Жазушының өзі де Кремльдегі үлкен кабинеттерге еркін кіріп-шығатын дәрежеге жеткен. Соғыс жылдарында Сталин мен Молотовтың халыққа арнаған үндеулерін жазған осы Толстой еді деген әңгіме бар. Мұны неге айтып отырмыз?
Сталин Бірінші Петрге қатты ұқсағысы келген. Енді міне, Петр патшаны Сталин ғана емес Путин де пір тұтатыны белгілі болды. Пір тұтып қана қоймайды Путин Петрге қатты еліктейді. Еліктегеніңіз не, өзін Петрмен қатар қоятын дәрежеге жетті. Бірінші Петр тарихта ұлы адам болып қалды. Ал Путин көзі тірісінде-ақ ұлы адамға айналған тұлға. Дәлірегі ол өзін солай деп есептейді. Сочи олимпиадасының ашылуы салтанатындағы театрландырылған көріністерден кейін осындай ойға қаласың. Мұны батыстың журналистері қатты байқаған екен. Бұған дейін «Путиннің кейбір саясаты Петр патшаның саясатына аздап ұқсайды» деп жазып жүрген басылымдар олимпиададан кейін «Ол өзін Ұлы Петрмен қатар қойғысы келеді» деп жаза бастады.
Иә, кейінгі кездері Ресейде Бірінші Петрдің тұлғасы асыра дәріптелуге көшті. Ресейдің зиялы қауымы ашықтан-ашық Путинді Ұлы Петрмен қатар қоятын болып жүр. Орыстың ғалымы Д.Аяцковтың айтуынша Ресей тарихында үш Ұлы реформатор бар екен.
--Алғашқысы Бірінші Петр. Ол орыс халқын қайта құрған патша. Екіншісі Сталин. Жақсы айтылсын, жаман айтылсын Сталин бәрібір ұлы адам. Ресейді (КСРО-ны демейді. ред.) ат арбамен қабылдап алып, атом бомбасымен шығарып салған адам қалайша ұлы болмасын?! Сталин бүкіл елді жауға қарсы жұмылдыра білді. Рас, көп қан төгілді, бірақ Ресей ұлы державаға айналды,--дейді ол. Ғалымның айтуынша, Сталиннен бергі аралықтағы басшылардың бәрі майда-шүйде. Хрущев жүгері егуден, Брежнев бет сүйісуден шаршамапты. Халық Ұлы реформаторды ұзақ күткен. Ақыр аяғында маңдайы жарқырап Путин келіпті. Иә, иә, ғалымның пікірінше орыс тарихындағы үшінші Ұлы реформатор дәл осы Путин.
Жақында «Forbes» журналы мынандай бір таңқаларлық жаңалықты жария етті. Орыс халқының тарихында әйелінен ресми түрде ажырасқан билеушілер өте аз. Мәселен, Ленин Инессо Арманд есімді арумен махаббат құрып, араларында перзент болғандығына қарамастан өзінің заңды әйелі Крупскаяны талақ етпеген. Ресей тарихында өз әйелінен ресми түрде ажырасқан екі-ақ билеуші бар екен. Олар—Бірінші Петр мен Владимир Путин. Петр өзінің әйелі Евдокией Лопухинамен ажырасқан, ал Путиннің жақында әйелі Людмиламен дәм-тұздары жараспай, некелерін заңды түрде бұздыртқаны белгілі. Дәл қазір Путин бойдақ. Ақпарат құралдарында оның өзінен 30 жас кіші гимнастшы қызбен махаббат құрып жүргені туралы өсек көп айтылады.
--Егер бұл рас болса және ол онымен некеге отырса, онда бұл Путиннің беделіне әжептәуір нұқсан келтіреді. Өйткені қызымен жасты азаматшаға үйленуді қоғам теріс қабылдайды,-- дейді әлгі басылымда.
Жарайды, бұл жағын қоя тұрайық, сонымен Ресейде кейінгі жылдары неге Бірінші Петр көп әспеттеліп кетті? Путин расында да Петрге ұқсайды ма? Бұған біржақты жауап беру қиын. Бірінші Петр өз заманында Еуропаға «терезе ашқан» патша. Ұлы реформатор. Петрден кейін орыстар расында да еуропалық санала бастады. Петрдің заманынан бастап Ресей державаға айналды. Бірақ Петрдің жасаған реформаларының қаншалықты қымбатқа түскенін тарихшылар көп айта бермейді. Державаға айналу жылдарында мыңдаған адам мәжбүрлікпен жұмысқа жегілді. Халық аяусыз қаналды. Ел арасын қорқыныш пен үрей биледі. Қарсы шыққандар аяусыз басып жаншылды, бастары кесілді. Патша талай адамның басын өз қолымен алды. «Петрдің алдында қаһарлы Иваныңыз ұсақ-түйек бұзақылық істеген бала сияқты көрінеді» дейді кейбір тарихшылар. Иван Грозный баласын ашу үстінде өлтіріп алып, сол үшін өмір бойы өкініп өтті. Ал Петр өзінің баласын жазалап өлтіртіп, артынша той тойлауға кеткен. Петр өз заманында өте қатыгез, тіпті кейбіреулердің айтуынша, халыққа тізе батыру арқылы, қарамағындағыларды қуғын-сүргінге ұшырату, жазалау арқылы жаны рахат табатын адам болған. Осындай тұлғаның асыра дәріптеліп жүргені қалай?
Кейінгі жылдары Ресей бір кездері құбыжықпен қатар қойылып келген Сталинге де жылыұшырай бастады. Орыстар өз заманында қаншама адамды құрбандыққа шалған Сталинді ақтап алуға тырысуда. Неге? Өйткені Ресей қазір державаға айналу дәуірінде тұр. Орыстар Ресей империясын, Кеңес Одағын қайта қалпына келтіргісі келеді. Сол үшін де оларға Бірінші Петр мен Сталин қажет. Олар Путинді солардың деңгейінде көргісі келеді. Путиннің де Петр бола салғысы бар. Бірақ Ресейге державаға айналу үшін қанша құрбандық қажет?
...Айтқандай, біздің Ақордадағылар кімді пір тұтады екен?