Шота Руставели. Патшайымға ғашық болған ақын
Грузин халқы аты аңызға айналған ақын Шота Руставелиді ерекше құрметтейді. Ол 12-ғасырда өмір сүрген. Алайда оның өмірі туралы ақиқаттан гөрі аңыздар көбірек тараған. Руставели қаласының тумасы болғандықтан, фамилиясы солай аталғаны түсінікті. Кейбір зерттеулер оны сіңірі шыққан кедей отбасында туылған десе, бірі Рустав қаласындағы текті, бай майорат отбасының мұрагері дейді. Иерусалимде орналасқан шіркеуде ақсүйектің киімін киген жас жігіттің портреті бар. Оның Руставели екендігін ондағы жазуға қарап ғалымдар бүгінде дәлелдеп отыр. Ол бала кезінен білімге құштар болып өседі. Өз елінде кейіннен Грецияға барып христиан және мұсылман мәдениетімен танысады. Гомер, Платонның философиялық шығармаларымен сусындайды. Араб, парсы тілдерін терең меңгеріп, әдебиетін сүйіп оқиды. Оқи жүріп, өзі де өлең жаза бастады.
Оның сонау ерте ғасырлардан бізге жеткен жалғыз шығармасы «Витязь в тигровой шкуре». Шығарма грузин әдебиетінде өте құнды дүние болып табылады. Себебі онда XI-XII ғасырлардағы гурзин елінің шынайы тарихи оқиғалары, феодалдардың өзара соғыстары және сол ғасырда өмір сүрген Тамара патшайымның өмірі баяндалады. Поэмада баяндалған әр оқиға терең зерттеліп, бүге-шүгесіне дейін жазылған. Өйткені Руставели Тамара патшайымның күзетшісі болған. Яғни сарай ішінде өмір сүрген. Бірақ мынадай да факт бар:Руставели поэманы Тамара патшайымның жары Давид Сосланның айтуымен тек қағаз бетіне өлең етіп өріп отырған деседі. Сондай-ақ, Руставели ақын ғана емес, сонымен қатар тамаша рестовратор мен суретші болған. Орта ғасырлардағы атақты, ірі шіркеулердің бірі «Ұлы Крест» шіркеуін қайта қалпына келтіруге атсалысқан. Бірақ оның атағы өз заманында қылқалам шеберлігімен емес, ақындығымен елге танылды.
Ақын жігіт күзеткен Тамара патшайым ақылына көркі сай, тәкаппар әйел болған. Оның айналасында үнемі сұлудың бір ауыз жылы сөзіне зар болып жүрген ғашық жандар көп болатын. Соның бірі Руставели. Тамара патшайым мен Руставелидің қарым-қатынасы жөнінде таралған аңыздар да жетерлік. Өз әміршісіне ғашық болған жас ақын оған арнап қаншама өлең-жыр жазғанмен, тәкаппар патшайымның жүрегі жібімей-ақ қойды. Жауапсыз махаббаттан баз кешкен Руставели Иерусалимдегі шіркеуге аттанып, сонда өз-өзін өлтірген көрінеді. Ал, кейбір деректер бойынша ақын өзге қызға үйленеді. Көп ұзамай ол патшайымнан алыс сапарда жүрген патшаның атынан сыйлыққа келген басқа тілде жазылған әдеби шығарманы грузин тіліне аударсын деген бұйрық алады. Патшайымның әміріне бас иген Руставели бұйрықты аз уақыттың ішінде тамаша орындап шығады. Осыдан кейін ол патшайымның ерекше ықыласына бөленіп, үлкен сыйлыққа кенеледі. Алайда Руставели сыйдан бас тартады. Өйткені оған патшайымның ыстық ықыласының өзі жетіп жатыр еді. Бір аптадан кейін шіркеуден грузин халқының ұлы ақыны Руставелидің жансыз, басы кесілген денесі табылады. Руставелиді біреу қастандықпен өлтірді ме, әлде өз-өзіне қол жұмсады ма ол жағы әлі күнге дейін беймәлім. Анығы Иерусалимдегі шіркеуде оның қабірі мен жоғарыда айтылған портреті сақтаулы. Патшайымына өлердей ғашық болған ақынның өлімінен кейін Тамара да Иерусалимге кетіп қалған деген әңгіме бар. Ал, кейбір деректер былай сөйлейді: Руставели Тамара патшайымның жүрегін жаулайтын махаббатына қол жеткізе алмаған соң шіркеуге барып, өмірінің соңына дейін монах болып өткен дейді. Шамамен ол 1216 жылы өмірден өткен екен.
Сонымен, оның осы дәуірге жеткен жалғыз поэмасында грузин батырларының қайтпас-қайсар мінезі және кейбір жағымпаздардың сатқындық, қорқақтық мінездері де, сондай-ақ патшайымның асқан көркі, сұлулығы да суреттелген. Осы шағармасы арқылы ол грузин халқының поэзиясын биік шыңның басына көтерді. Поэма 1637 шумақ, 16 буыннан құралған. Шығарма осы күнге дейін көптеген қолжазбалар, енгізілген толықтырулар арқылы жетті. Бүгінде құнды шағарманың грузин тілінде шыққан 50-ден аса жинағы бар. Ол алғаш 1712 жылы VI Вахтанга патшаның түсініктемесі жазылған нұсқасымен Тбилиси қаласында басылып шыққан. Көптеген тілдерге аударылып, өзге ұлттарға тараған. Оның бір ғана орыс тіліне аударылған бес нұсқасы шыққан.
Руставелидің өмірі аңызға толы болғанымен, оның өмірде болған және мықты ақынның бірі екені анық. Оның есімінің осы күнге дейін өшпей жүргені де содан. Ол бүгінде грузин елінің мақтанышына айналды. Туған елінде оның есімін иеленген театр және театр институты бар. Ұлы ақынды бертін келе тек туған халқы емес Азия мен Еуропаның бірқатар елдері мойындады. Алып Кеңес Одағы аумағында Руставелидің құрметіне арналған пошта маркасы шықты. Ташкентте оған арналған ескерткіш орнатылған. Ал Кавказдың Безенг қорғанының ең биік шыңы Руставели шыңы деп аталады. Расында да ол поэзияның шыңына жеткен ақындардың бірі болып адамзат тарихында есімі әлі ғасырлар бойы сақталатыны сөзсіз.