Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Базар – бүгінде қазақ үшін анда-санда барып азық-түлік алатын сауда орны ғана емес, күнкөріс көзі, тіпті көпшілігімізге тұрақты жұмыс орнымыз да. Дегенмен, қазір осыдан бірнеше жыл бұрынғыдай аларманынан сатарманы көп аласапыран емес, базардағы басты процесс біршама ыңғайланып қалғандай. Жаныңа керектің бәрі тұр, ала бер. Тек ақшаң болса болды!
Әйелдер
Рас, базарға екінің бірі барады, бірақ саудаласа алу, тауарыңды таңдай білу – кез келгеннің қолынан келе беретін шаруа емес. Бұл іске, жасыратыны жоқ, әсіресе әйел қауымының икемдірек екенін мойындауға тура келеді. «Базарға бару керек еді...» немесе «дүкен аралап қайтсақ...» деген сияқты еш сиқыры жоқ қарапайым сөздерді естігенде, әйелдердің көзінде бір оттың жарқ ете қалатынын байқамау мүмкін емес. Бірақ олар біз, еркектер, секілді қолына пакет ұстай сап, тұра шаппайды. Әуелі базарға емес, тойға баратындай сәнденіп киініп алады. Одан кейін шашын «тоққа күйдіріп» біраз отырады. Сосын айна алдында кемінде жиырма минут аялдап, әбден діңкеңді құртып, үйден әрең шығады.
Шығуын шығады-ау, енді келуін айтыңыз. Еркектер ары кеткенде бір сағатта бітіріп қайтатын шаруаға олар екі сағаттан аса уақыт бөгеледі. Өйткені, базарға бару, дүкен аралау – әйел затының ең бір сүйсініп атқаратын жұмысы. Сол «процестің ләззатына» бір сүңгіді ме – бітті, сүйіп қосылған сәулеңіздің ақ дидарын енді қас қарайып, ымырт үйірілгенде бір-ақ көруіңіз ғажап емес.
Байқасаңыз, сатушылар қауымы аларман-әйелдерді аса жақтыра бермейді. Расында да, алғалы тұрған затының асты-үстін аударып-төңкеріп, шыққан тегін тергеп-тексеріп, «қай жақтың производствосы?», «мына жері неге былай?», «басқасы жоқ па?», «неге сонша қымбат?», «ұят бар ма өзіңде, түсірсеңші былай...» деп, ақыры 2 мың теңгенің тауарын 1 мыңға алып кететін, үш келі картоптың әр түйірін дорбасына бір-бірлеп тексеріп өзі салып алатын қазымыр алушыны қай сатушы жақтырсын? «Албастылар, дұрыс өлшемейді» деп, сатушыларға сенбей, қалтасына қол таразысын сала жүретіндері де бар. Кейде күйеулерін далада күттіріп қойып, дүниенің мүлкі бар даладай дүкенді пәлен сағат бойы аралап, бір сабақ жіп те алмай шығатындарын қайтерсіз?!
Еркектер
Керісінше, ер адамдарды сатушылар өте жақсы көреді. Себебі, бөріктілердің басым бөлігі 100 теңге, 200 теңге үнемдеп, саудаласып жатуды өздеріне ар санайды. Базардың ана бұрышында бір келі пияз 90 теңге, ал мына шетінде 120 теңге тұрса да, олар бағасына қарамастан бірінші кезіккенін алады да, кете береді. Сатушы затты дұрыс өлшеп жатыр ма – байғұстардың онымен де ісі жоқ. Мұндай «құдай бере салған клиенттерді» жақсы көрмей, сатушыларды жын ұрып па? Оның үстіне, осы бір аңғалдау алармандарда заттың асты-үстін аударыстырып қарау, тексеріп салғызу деген сияқты «арам» ой атымен болмайды. Сол себепті, олардың дорбасына үсіген картоп, жарылған жұмыртқа, ұрылған қызанақ, солған сәбіз, іші түсіп кеткен қауын, кілең сүйектен тұратын «ет», басы баспақтай, қонышы сыбызғыдай етік, бір құлағы желкесіне «біткен» құлақшын секілді «брак» тауарларды тоғыта беру онша қиындық туғызбайды. Ұмытып, «сдачасын» алмай кететіндері де жеткілікті!..
Сондықтан, түрлі себептермен азық-түлік алуға өздері шыға алмай қалып, амал жоқ, күйеуін жұмсайтын әйелдерге айтар кеңес: отағасын базарға, тура алыс сапарға аттандырғандай, түгел тексеріп, тәптіштей түсіндіріп шығарып салған жөн. «Дорба мен пакет – оң қалтаңда, ақша – сол қалтаңда, «нені және қанша мөлшерде алу керек?» деген тақырыппен сала құлаш тізім жазылған қағаз – төс қалтаңда...» деген секілді. Сондай-ақ, қай заттың базардағы нарқы шамамен қанша болатынын әлгі тізімнің үшінші бағанына арнайы жазып қоюды ұмытпаңыз, қожайыныңыз, тым болмағанда, жобасын біле жүрсін.
Ендігі бір уайым: «сатып алған заттарын ол кісі үйге аман-есен жеткізе ала ма?» деген мәселе. Неге екенін кім білсін, еркектер пакетке әуелі нені салу керек екеніне онша мән бермейді. Сондықтан үйден шығарда берген әлгі қағазыңызда алынатын заттар ПАКЕТКЕ САЛЫНУ РЕТІ БОЙЫНША (демек, салмағына қарай) жазылғаны жөн. Яғни, бірінші – қызылша мен капуста, екінші – картоп пен пияз, сосын – балық салынған қалбырлар,, одан кейін – түз, күріш, макарон... деген сияқты. Әйтпесе, белгілі ғой, ер адамдар бірінші нені сатып алды – сөмкенің ең түбіне соны салады (тіпті жұмыртқа болса да).
...Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай, қазақ қазір базарды жақсылап меңгере бастады. Бүгінгі адамның психологиясын зерттеймін деген ізденуші міндетті түрде базарды аралағаны жөн. Қайнаған өмір, қарбалас тіршілік – базарда...