Кадиовертер жүрек жұмысын жақсартады
26-01-2024
Диатез негізінен ауру да емес, диагноз да емес, ол тек баланың белгілі бір ауру түрлеріне бейімділігі.
Жұмбақ термин
Қазіргі заманғы медицина ғылымының жетістіктерімен халықты белсенді таныстыру көптеген терминдерді күнделікті қолданыстағы сөздерге айналдырды. "Инфаркт", "инсульт", "шок", "резекция" сөздерін күнделікті олай да, бұлай да қолданғанымызбен, терминдердің шын мәнісіндегі мағынасы басқа. Жоғарыда аталған терминдердің қатарына диатезді де қоссақ болады. Бұл термин балалы болған аналардың барлығына таныс болса керек, себебі ана алғаш ауруханаға барған сәттен бастап осы терминді үздіксіз естіп келеді. Бала бетіне, денесіне шыққан қызыл бөртпелердің барлығы тегіс - диатез. Алайда диатез диагноз емес, ауру да емес. Бұл термин қайдан пайда болды?
Қызық. Қаншама американдық медициналық терминді энциклопедияларды қопарсаңыз да дәл осы терминді кездестірмейсіз. Сонда диатез сөзінің түбірі қайда жатыр?
Балаларда нақты денсаулық деңгейі (аурулардың жиілігі мен ауырлығы, психиканың дамуы, салмағы, өсуі, мінез-құлқы, тәбеті және т. б.) тек екі фактор бойынша анықталады:
· Оның анасы мен әкесінен алынған генетикалық базасы
· Сыртқы орта факторлары, оның ішінде жүктілік кезіндегі ана ұстанған өмір салтынан бастап, баланың өмір сүру жағдайларына дейінгі (нақты жердің экологиясы және тұрғын үй жағдайы, тамақтану, серуендеу және су процедуралары, ұйқы және ойындар, медициналық көмек деңгейі және т. б.) факторлар.
Сонымен аллергиялық диатез (грек. бейімділік) - ауру емес, аллергиялық және қабыну ауруларына бейімділік. Көбінесе балада аллергиялық реакция белгілі бір тағам түрлерін (әсіресе тәтті) тұтынған кезде көрінеді.
Диатез диагноз болмағандықтан, оны емдеудің қажеті жоқ. Дәрігерлер диатездің фонында пайда болған нақты ауруларды емдейді. Көбінесе мұндай балаларда атопиялық (аллергиялық) дерматит пайда болады. Аллергиялық дерматит - аллергиялық сипаттағы терінің қабынуы.
Диатез түрлері
Диатездің сыртқы сипаты, пайда болу себебіне байланысты он шақты түрі бар, дегенмен олардың ең жиі кездесетін 3 түрін бөліп қарастыруға болады.
· Экссудативті-катаральды немесе аллергиялық диатез - аллергиялық және қабыну ауруларына бейімділік;
· Лимфатико-гипопластикалық диатез - инфекциялық және аллергиялық ауруларға бейімділік, айыр безі қызметінің төмендеуі, лимфа түйіндерінің патологиясы;
· Жүйке-артритикалық диатез — семіздікке, қант диабетіне, атеросклерозға, гипертонияға, буындардың қабынуына, жүйке қозуының жоғарылауына бейімділік.
Адамдардың созылмалы ауруларының басым көпшілігі белгілі бір бейімділіктің аясында пайда болатындығы белгілі. Әр адамның генетикалық коды осы бейімділіктердің бар-жоғын анықтайды. Дәрігерлердің айтуынша, жас балаларда ең жиі кездесетін диатез түрі аллергиялық диатез (экссудативті-катаральды диатезді).
Егер аллерголог немесе педиатр балаға атопиялық дерматит диагнозын қойса, ата-ананың негізгі міндеті баланы түбегейлі қадағалау. Әйтпесе, балаға ешқандай жақпа май мен крем көмектеспейді.
Атопиялық дерматитпен ауыратын баланы тамақтандыру оңай емес. Емізу кезінде аналарға қатаң диетаны ұстану керек, ал қосымша тағамдарды тұтыну үшін дәрігер кеңесіне жүгінуге тура келеді. Көбінесе ата-аналар диатез диагнозы қойылған балаларының толыққанды тамақтанбауы себебінен қажетті дәрумендер ала алмайды деп ойлайды. Алаңдаудың қажеті жоқ, себебі барлық балаларда 3-4 жасқа дейін ас қорыту жолдарының ферменттері «жетілген» болады, организм қайта қалпына келеді, ал бала уақыт өте келе құрдастарымен бірге тамақтана алады.
Аллергиялық диатезбен ауыратын балаларда тосқауыл тіндерінің (тері, шырышты қабықтар) сезімталдығы мен осалдығы жоғарылайды, инфекцияларға төзімділіктің төмендеуі, қабыну процесінің ұзаққа созылуы және аллергиялық реакциялардың өршуі байқалады.
Диатез не себептен пайда болады?
Диатез ең алдымен өмірге жаңа келген балаларда ішек қорғаныс функциясының төмендігі салдарынан пайда болады. Бұл жаста, ас қорыту ферменттері, қорғаныс антиденелері жеткіліксіз өндіріледі және ішек тосқауылының өткізгіштігі жоғарылайды.
Бала бойынан диатез өмірге келген алғашқы 2 жылында көрініс бере бастайды, тек өте сирек жағдайда диатез одан ересек жаста пайда болады. Диатездің медицинада құрғақ және сулы екі түрі қаралады.
· Диатездің сулы түрінде тері қабатында қатты қышу, ісіну, беті томпақ бөртпелер немесе көпіршіктер байқалып жатады. Бөртпелер мен көпіршіктер кейін жарылып, сулы аумақтар құрады. Ол аумақтар бетте, бөкседе, аяқ-қолда орналасады. Кейде осының бәріне инфекция қосылып, теріде іріңдіктер пайда болады.
· Диатездің құрғақ түрі терінің құрғауымен, қызаруымен, кей жерде ісінуімен сипатталады. Тері бетіне қатты қышитын, сәл томпайған бөртпе шығып, қасығанда қабыршақтар мен ойық жаралар пайда болады. Кейде диатездің құрғақ және сулы түрлері аралас болады немесе бір түрі екіншісіне ауысады.
Кез-келген аллергиялық реакция иммуноглобулиндер Е (IgE) класына жататын нақты антиденелерді өндіруден басталады. Аллергенді осы антиденелермен байланыстыру гистаминнің (вазодиляция, тіндердің ісінуі, қышу және т.б) бөлінуіне әкеледі. Өмірдің алғашқы жылдарындағы балаларда гистаминнің қан жасушаларынан шығуы тек IgE антиденелерімен ғана емес, сонымен қатар сыртқы факторлардың әсерінен де туындауы мүмкін (мысалы, салқындату). Сонымен қатар, нәрестелер тіндерінің гистаминге сезімталдығы үлкен ересектермен салыстырғанда едәуір жоғары екенін ескеру қажет. Аллергиялық диатезі бар балалардың үштен бірінде ғана қан құрамында IgE деңгейі жоғарылаған.
Негізінде, өмірге жаңа келген балада қандай да бір ауру туандаған сәтте ата-анасын тек бір сұрақ толғандырады. «Неге бұлай болды?». Ата-ана баланың ауруында өзінің де белгілі бір деңгейде күнәсі бар екенін мойындауға сескенеді. Бірақ жүктілік кезінде өзін қалай ұстау, жаңа туған нәрестенің жағдайын жасау, қалай тамақтандыру, шомылдыру, серуендету, киіндіру, шынықтыру туралы қарапайым ережелерді сақтанбау диатезден де күрделі аллергиялық немесе басқа да ауру түрлеріне әкеліп соқтырады. Сондықтан ата-ана бала өмірі үшін әуелден, ол іште жатқан сәттен бастап алаңдағаны абзал.
Баланы аллергендерден қалай қорғауға болады?
Аллерген баланың ағзасына табиғи 3 жолмен кіре алады:
· Тамақтану кезінде - тағамдық аллергия.
· Теріге тікелей әсер еткенде — контактілі аллергия.
· Тыныс алу процесінде - тыныс алу немесе респираторлық аллергия.
Егер аллергияның себебі айқын болса, онымен күресу де тиісінше оңайға түседі. Мәселен, балада белгілі бір тағамнан соғ немесе кір жуатын ұнтақ түрін қолданған сәтте аллергиялық реакия байқалса, демек бала есейгенше ол заттан бас тару жеткілікті.
Ал аллергия себебі белгісіз болса, оны диатезге «жорымай», дәрігердің нақты диагноз қоюын күту қажет. Тек арнайы диагноздан кейін ғана тиімді емдік шаралары қолданылады.
Баланың аллергияға бейімділігінен қалай арылуға болады?
· баланың іш киімдері мен киімдерін қайнаған сумен жуыңыз. Аллергендер жоғары температурада өледі. Жаялық мен жастық тыстарын үтіктеуді ұмытпаңыз;
· балаға табиғи материалдардан жасалған киім киіңіз: зығыр, мақта, жүн;
· суды қайнатыңыз немесе фильтр орнатыңыз. Бала шомылатын су да аллергия тудыруы мүмкін;
· егер баланы қоспаға (смесь) ауыстыру қажет болса, оны бірте-бірте жасаңыз. Алдымен емізіп жатқан кезде 5-10 граммнан бастаңыз.
· үйді жиі тазалаңыз. Өткір иісті ароматизаторлардан аулақ болыңыз.
· аллергендер концентрациясын төмендетіңіз. Егер үйіңізде үй жануарлары болса, үнемі ылғалды тазалық жүргізіңіз. Тек шаңсорғышпен тазалау жеткіліксіз.
· Баланы терлетпеңіз. Бұл жиі терлеген сайын, дерматит белгілері де жарқын болады. Ауа-райына сай киіндіріңіз!
· үй-жайды желдетіп тұрыңыз. Өкпе - аллергендерді жоятын ағзаның сүзгісі. Сондықтан пәтерде таза, салқын және дымқыл ауа болуы керек.
Ата-анаға кеңес
Балаңызды диатездік белгілер байқалған жағдайда, балаңызда аллергия туындатқан тағам не тұрмыстық заттардан алыс ұстаңыз. Балаңыздың қоршаған ортаның қыңырлығына бейімделуіне ықпал жасаңыз. Диатез өршіксе, кейінге қалдырмастан, міндетті түрде дәрігер көмегіне жүгініңіз.