Данияр Айтбаев: «Тәуелсіздікті ел болашағы-балаларға насихаттаған маңызды»

Oinet.kz 05-08-2019 1049

Screenshot_7.jpg

Данияр Айтбаев, Төлеби аудандық емханасының бас дәрігері

    Өткен аптада Төлеби аудандық емханасының бас дәрігері, аудандық мәслихат депутаты Данияр Айтбаев бастаған ақ халатты абзал жандар Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында сауап іс ұйымдастырды. Олар аудандағы мүмкіндігі шектеулі балаларға сый-сияпат жасап, бір қуантып қойды.

    Егер жер бетінде бір бала шын қуанса, көктегі мың періште шаттанатын көрінеді. Бала күлкісін ешбір нәрсе алмастыра алмайды. Себебі, ол – шынайы. Жасандылықтан ада. Бала десе көз алдыңызға құлдыраңдап ойнап, езуінен күлкі жиырылмай жүрген бақытты періште елестейтін шығар? Дегенмен, өкінішке қарай, бұл дүниеде тым-тым сирек күлетін балалар бар екен.  Олар – мүмкіндігі шектеулі, яғни туабітті, жүре келді пайда болған кемістігі бар бейкүнә балалар. Осының салдарынан, олар өз қатарларымен еркін араласа алмай, қоғамнан жырақтап қалды. Ойласаңыз, жүрегіңіз ауырады.  

    Жақында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл толған айтулы мерекесіне орай, білікті басшы Данияр Айтбаев басқаратын Төлеби аудандық емханасының ұжымы қамкөңіл балаларға арнап «Алтын жүрек» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Сол күні таңертең баласын жетектеген ата-аналар аудандық Мәдениет үйіне қарай ағылды. Көп өтпей концерт залында ине шаншар орын қалмады. Халық көп жиналды. Сол мезет қайырымдылық іс-шарасы басталып та кетті. Ең бірінші болып сөз сөйлеген аудан әкімі Бұқарбай Парманов:  

   - Балаларды қуанту – сауапты іс. Бұл дүниеде бала қуанышынан асқан ештеңе жоқ. Осы мақсатта біз ауданда ғаріп жандарға арнап қайырымдылық акцияларын жиі өткізіп тұрамыз. Өз тарапымыздан бөлек, жеке кәсіпкерлерге де ұсыныстар айтып, оларды да сауап іс жасауға шақырамыз. Ал, Данияр Айтбаев басқаратын емхана ұжымы ешкімге салмақ салмай, өз қалталарынан қаржы шығарып, балаларға зор қуаныш сыйлап отыр. Осы жерде біз азаматтық танытқан Данияр бауырымызға алғысымызды білдіреміз. Ол осы акцияны ұйымдастыру арқылы өзгелерге үлгі көрсете білді. Сөз соңында, ел ішінде халқына әрқашан қол ұшын созуға дайын жомарт жандар көбейе берсін дегіміз келеді, - деп балаларға салтанатты түрде сыйлықтар табыстады. Аудан әкімінен соң, сөз кезегін алған түрлі лауазым иелері Данияр Сапаралыұлының өткізіп отырған игі ісін қолдайтындарын айтып, оған өз разылықтарын білдірді. Бұған дейін ауданда көбіне жеке кәсіпкерлер қайырымдылық шараларымен айналысып келсе, енді емхана қызметкерлерінің тыңнан түрен салғанын қуана хабарлады. Өмірде осындай ізгі ниетті азаматтар көп болса, бақытсыз адамдар мүлдем болмас еді деп өз ойларын жеткізді. 

Өз кезегінде бас дәрігер Данияр Айтбаев: 

   - «Алтын жүрек» қайырымдылық акциясын емхана ұжымы бір кісідей жұмыла отырып ұйымдастырды. Аталған акцияны ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында өткізгенді жөн көрдік. Себебі, Тәуелсіздіктен асқан байлық жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздікті баянды етіп ұстап тұру – оны алғаннан да қиын екенін айтқан болатын. Сондықтан қасиетті де қастерлі Тәуелсіздікті ертеңгі ел болашағы – балаларға кеңінен насихаттаған маңызды. Біз бүгін балаларға сый жасап қана қоймай, бойларына ұлттық болмысты сіңіруге тырыстық. Бала – өмір мәні. Онсыз өмір жоқ. Балалар ешқашан назардан тыс қалмау қажет. Біз оларға әрқашан жағдай жасап, қолдау көрсетіп отыруымыз керек. Мұндай қайырымдылық акциялары алдағы уақытт өз жалғасын табады, - деп айтты. Сосын, ішіне түрлі ойыншықтар, білім алуға қажет құрал-жабдықтар мен қыстық киімдер салынған сыйлықтарды балаларға таратып берді.

    Емхана ұжымы балаларға тек сый-сияпат жасап қана қоймай, бір сәт концерттік іс-шара арқылы көңілдерін аулауға тырысты. Емхана басшылығының шақыртуымен ауданға облысық қуыршақ театрының әртістері, цирк өнерпаздары келді. Олар ертегі кейіпкерлерін сомдап, қызықты көріністер қойды. Әлгінде ғана көңілсіз отырған балалар әп-сәтте жадырап, жүздері бал-бұл жайнап кетті. Кейбірі сахна төрінен табылып, әртістермен бірге ойын ойнады. Ән айтып, би биледі. Зал ішінен шынайы шат күлкілер естіліп жатты. Әсіресе, әділеттілік пен шынайы достықты насихаттайтын «Әзілкеш ата» қойылымы баларды бір серпілтіп тастады. Бауыр еті балаларынын қуанышқа бөлеген емхана ұжымына ата-аналар өз алғыстарын жаудырды. «Ең бірінші байлық – денсаулық» екенін айтып, емхана басшысына зор денсаулық тіледі. Бұл қайырымдылық акциясы жұртты мейірімділікке, бауырмалдыққа шақырды.

Мұрағаттан, 2016 ж

Құлақ тазалаған дұрыс па, бұрыс па?
Қуырылған жұмыртқа денсаулыққа зиян
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу