Бәйдібек ауданының дәрігерлері тілмей ота жасап емдейді

Oinet.kz 28-05-2026

Screenshot_1.jpg

Бәйдібек ауданының дәрігерлері дертіне шипа іздеген тұрғындарды дәл диагноз қою үшін бұрынғыдай Шымкент қаласына не Түркістанға компьютерлі томограф аппаратына түсуге жолдамайды. Инсульт алған науқастарға да тиісті дәрігерлік көмектер Бәйдібек аудандық орталық ауруханасында көрсетіледі. Мұнда үш жылдан бері инсульт орталығы істейді. Тіпті аудан азаматтары компьютерлік томография аппаратына түсіп тексерілу үшін де Шаяннан ұзап шықпайды. Жергілікті бюджет есебінен сатып алынған заманауи 128 кесінді КТ аппараты тұрғындардың әжетіне жарап тұр.

Бұдан үш жыл бұрын КТ аппараты түгілі инсульттан оңалту орталығы еліміздің көп ауданында жоқ кезде осындай мүмкіндіктерге қол жеткізу басшының іскерлігімен жүзеге асқаны жасырын емес. Дегенмен, дәрігерді қолдап көмектескен облыс, басқарма, аудан басшыларына да рақмет. Күні кеше ғана ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталған Гүлдария Шардарбекова іскерлігімен ғана емес жанашырлығымен де елдің солай алғысын арқалап жүрген жан. Медицина қызметкерлерінің күні мерекелік шарасында «Құрмет» орденін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров облыстың бүкіл үздіктері жиналған әріптестерінің көзінше сахнаға бірінші болып шығарып, Гүлдария Әбілдабекқызына табыстады. Әрине, бұл Бәйдібек аудандық орталық ауруханасы басшысының көп жылғы еңбектеріне берілген әділ баға, шын құрмет!

– Еңбегімді бағалап, құрметтеп жатқан басшыларға, әріптестеріме, ең бастысы халқыма рақмет! Алғысым шексіз. Марапатқа ұсынып жүргендерін сезем ғой. Бірақ, мына «Құрмет» орденін бұлай иеленем деп ойламаппын. Президентімізге рақмет! Бұл «Құрмет» елге құрметке лайық қызмет ету үшін берілген ғой. Сондықтан бұдан менің жұмысым жеңілдемейді, ұжым болып жұмылып жұртқа жауапкершілікпен қызмет етеміз. Алда біз атқаратын тірлік көп, – дейді ағынан жарылған Бәйдібек аудандық орталық ауруханасы басшысы, «Құрмет» орденінің су жаңа иегері Гүлдария Шардарбекова.   

«Дені сау ұлт» ұлттық жобасында айтылғандай әрбір азаматқа сапалы қолжетімді денсаулық сақтау қызметтерін көрсету бағытында аталған ауруханада атқарылған игі істер жетерлік.

– Ауруханамызда облыс әкімдігінің қолдауымен, Денсаулық сақтау басқармасының көмегімен осыдан үш жыл бұрын жаңа компьютерлі томограф аппараты орнатылды. Бұл аппараттың науқастарды емдеуде дәрігерлерге көмегі көп. Жедел ми қан айналымы бұзылысымен сырқаттанған науқастарға толық көлемді көмек көрсету үшін неврологиялық инсульт орталығы да сол кезде ашылған. Тәжірибелі нейрохирург мамандарымыз бар. Невропатолог, невролог және реабилитолог мамандарымыз қайта даярлықтан арнайы өтіп келді. Алғашқы реабилитациялық көмек ауданымызда жансақтау бөлімінен бастау алады. Ары қарай орталық аурухананың неврология бөлімшесінде ем қабылдап, Алғабас елді мекенінде орналасқан реабилитациялық орталықта емін жалғастырады. Бүгінде жас мамандарға Үкімет тарапынан көптеген жеңілдіктер жасалып отыр. «Дипломмен ауылға» бағдарламасына сәйкес үй-жаймен қамтамасыз ету, коммуналды шығындарына қаржы бөлу секілді ғанибет жобалар жүзеге асып келеді. Адал еңбегін, білімі мен тәжірибесін аямай, адал еңбек етіп жүрген әріптестеріміз облыс, аудан көлемінде түрлі марапаттарды иеленіп жүр. Халыққа қызмет ету жолында жігері мұқалмаған мамандарымыз өз міндетін адал атқарып келеді, – дейді Бәйдібек аудандық орталық ауруханасының басшысы Гүлмира Шардарбекова.

Хирургия саласы бойынша инновациялық тәсілдер енгізілген. Ауруханаға «внешней фиксации Гоффмана» аппараты арқылы сүйектері сынған науқастарға кішігірім отаны кеспей жасауға қол жеткізілді. Бұл аппараттың ерекшілігі сол, науқас сүйек сынығы біткенге дейін гипстік таңғышсыз жүре беруге болады. Лапароскопиялық қондырғы арқылы өт алу, аппендэктомия оталарын жасау тәсілдері жолға қойылды. Лапароскопиялық жолмен гинекологиялық оталарды жасайтын гинеколог мамандардың білімдері жетілдіруде.

Аудандық аурухананың тағы бір жаңашылдығы мұнда тіліксіз ота жасалуда. Басшы айтқан лапароскопиялық операция мұнда үш жылдан бері жасалады. Тілік көлеміне қарай, қанша кессе сонша ауырсыну болады. Жансыздандыруды көбірек қажет етеді. Ауруханада көбірек жатады. Ал, лапароскопиялық операциядан соң пациент бірден палатаға ауыстырылып, оянғаннан кейін ешкімнің көмегінсіз-ақ өз аяғымен жүре алады. Келесі күні үйіне жіберіледі. Жарық түріне қарай операция 40 минуттан екі сағатқа дейін созылады.

Аудандық аурухана демесеңіз мұнда да күрделі оталар жасалады. Оқыс жағдайда ауруханаға түскен науқастарға шұғыл көмек көрсету барысында, ауруды белгілеріне қарай емдейді. Мұнда бүгінге дейін сәтсіз шыққан ота болмаған екен. Бұл мамандардың мол тәжірибесі мен біліктілігінің нәтижесі.

 


Қазақстандағы әрбір алтыншы бала дүниеге келетін орталық
Бәйдібек ауданында ана мен бала денсаулығы басты назарда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу